68
* * *
Бiр-екi белден асқасын тақымы талып, ер үстiнде жөндеп отыра алмай келе жатқан бұған Елдес бiр
рет мысқылдай көз тастады. Iшiнен: “Жаман шыңжау неме! Ертең қатын алғанда кәйтедi?” — деп,
сықақтап күлдi. Бәлкiм, мыңғырған мал берiп, оң босағаға түсiрген бәлекейiнiң аузына қарап,
домбырасын шертiп, өлең айтып отыратын шығар? Сонда шаруаны кiм iстейдi, малды кiм бағады? Өз
iшiнде жатқан бұл айып сөзiн сыртына шығарып айтпаса да, Елдес көп жерде бұған қасы мен
қабағынан соны байқатып қап жүр. Ендi бiр есеппен: “Әкенiң дәулетi барда осылайша шалқып та
қалған жөн шығар. Жастық шақ екi айналып келе ме шiркiн?!” — деп те қояды.
Ол жан-жағына самарқау көз тастады. Сосын осы сапарға неге шыққандығы есiне түсiп, бiр сәтте
сiлкiнiп, бар айбарын бетiне жинап ала қойды. Сүйттi де, сылқытып тартты да отырды.
Ол Ережептiң аулына жете бере қара төбенiң баурайында аттан түсiп, атының төс айылын
жақсылап тартып алды. Басқа жiгiттер де айыл, тартпаларын тартып-тартып алысып, тездетiп ерге
қонды. Сосын сойылдарын қолдарына ыңғайлап ұстады. Олар ендi бұрынғыша шұбырып бiр iзбен
жүрмей, қанаттарын кеңге жайып, аққан селше ауылды орап, қаптай шапты.
— Дөйт!
— Дөйт! — деген ұран күңiрене шығып, жаңа ғана бижәй жатқан даланың тиыштығын дем
арасында бұзып, пырылдай шапқан аттардың топ-топ түскен тұяқтары даланы бiр шуға толтырды да
жiбердi...
* * *
Ниязға да желiк бiткен. Қаракөктi бар еркiне жiбермесе де, қасындағы жiгiттерден қалмай шауып
келедi. Өзi тау қирататындай келдегiн оңтайлай ұстап апты. Делебесi қозып, бағана қорқасоқтағанын
ұмытып та кеткен.
* * *
Ауылға қарай жабындыдан шыға сап, аңдыздап төнiп келе жатқан түсi суық қолды Ережеп
алдымен көрдi. Демде түсi күп-қу боп кеттi де, есiк алдында тұрған Шәкиге сасқалақтай қарады:
— Нағылдық, а? Ендi не iстедiк?
Ережептiң сасатын ретi де бар едi. Бүгiн азанда Ырғыз бекiнiсiнiң бастығы полковник Захваткин
қайда жүргенiн бiлiп отырған керуенбасы Ахиярмен тағы да сөйлескен едi. Бетi үнемi бөртiп жүретiн,
не татар, не башкүрт екенi белгiсiз, екi тiлдi араластырып сөйлейтiн одан ақ патшаның Сыр бойына
түбiнде аяқ салатынын, сол үшiн күш жұмсайтын да ыңғайы барлығын бiр әңгiменiң кележағынан
аңлаған едi. Ендi сол артында сұрауы бар кiсiнi қайда тығарын бiлмей сасқалақтады.
Сырттан екi әскер қолдарына мылтықтарын ұстап, iшке жүгiрiп кiрдi.
— Не iстеймiз? Атамыз ба?
— Атпа, — дедi Ережеп сабыр етiп. Сосын Шәкиге қарады. — Тез сыртқа шық! Жiгiттердi жиып,
үйдi айнала қорғаңдар!
Шәки сыртқа атып шықты. Бұл кезде үйдi-үйде қамсыз жатқан басқа жiгiттер де сойылдарын
қолдарына ұстай-ұстай, берi қарай асып-сасып жүгiрiп келе жатыр екен. Бәрiнiң де беттерiнен қандары
қашып кетiптi.
— Нағылдық, а?!
— Мырзаның отауын қоршаңдар! Қорғанып шайқасамыз! — деп, Шәки айқайлай сөйлеп, дереу өзi
құрт жая-тын өрешеге арнап көмiлген қадағашты ырғап-ырғап жұлып алды.
* * *
Елдестер келген бетте бiрден айқаса кеттi. Тiлге келмей, ашу-ыза есiрiк қып жiберген жiгiттер
сойылдарын шалт-шалт сермесiп, бiр-бiр боқтасып та алды. Бiр жiгiт қарағай сапты найзасын ырғай
салып, бiр жiгiттiң қара санын көктеп жiбердi. Жарасын ауырсынып, бүгiле берген оны шоқпармен
басынан бiр қойып кеп қалды. Жiгiт қатты айқайлап жiберiп, жерге қарай бүгiлiп, құлап бара жатты.
* * *
Қара жаяу Шәки атты кiсiлерге әрi-берi бұлтақтап, алдырмай жүрген едi. Екi жағынан төнген қос
аттының сойылын қағып, бойына таяқ дарытар емес. Елдестiң аңдығаны да осы едi. Құлажирен атты
ентелете кеп, ұзын сойылмен Шәкидi қақ бастан салып кеп жiбердi. Шәки жан-дәрмен деп қадағашын
көлденең тоса қалды. Сойыл қадаға дың етiп тиiп, тайып барып, арқасын жалап өттi. Сол кезде үшiншi
жiгiт дырау қамшымен Шәкидi бiр тартып, басын жарды. Шәки жан ұшыра қимылдап, қадағашын
оңды-солды сiлтеп, арқасын қараүйге тiреп, жанына еш кiсiнi жолатпады. Бетi-аузын қан жуып кеткен.
Басынан бөркi ұшып түскен. Тақыр басынан ыршып шығып жатқан қара қошқыл қан шаң мен терге
қосылып, төмен қарай жылып ағып, оның қаһарлы жүзiн онан әрмен әлем-тапырық қып жiберген. Өзi
ырс-ырс етiп, әлдекiмдi қатты боқтап, қадағашын күлашын кере сермейдi. Жан-жақтан ызы-қиқы шу
естiледi. Жылаған бала, ойбайланған қатын дауысы құлақ тұндырады.
Төртқараның жiгiттерi аздық етiп, шегiне бердi. Үш-төртеуi жер қапқасын, қалғандары қаша
шайқасып, шегiнiп барып, үйлерiне қойып-қойып кетiстi. Ақыры болмағасын Шәки де бiр қайымын
тауып, отауға зып бердi. Ережеп қап-қара боп, қатты қалшылдап:
— Өй, нәсiлсiз ит! — деп, мұны қолына сығымдай ұстаған бүзау тiс дырау қамшысымен қақ
басынан тартып кеп жiбердi. — Жоғал былай!