7
жағын ойламайсың ба?»— деп, Ережепке кейiптi деген әңгiме де естiлген. Содан жыл бойы ағайын
арасында аяқ-табақ қатынай қойған жоқ. Оның үстiне Ережептiң де Ақкербезде кеуiлi бар екен. Ол
жесiр қалыңдыққа Жәнiбектiң құда түскенiн естiп, iшiн тартыпты. Осылайша тоң-торыс жүрген ол
жақында Өтәлiнiң асын бермек боп Қазалы төңiрегiндегi Әлiм, Шөменнiң игi жақсыларына сауын
айтты. Осы хабар құлағына тиiсiмен Жәнiбек қысыр сауып отырған екi-үш биенiң қымызына жан
тигiзбей, әйдiк қара сабаға құйдыра бастады да, сойысқа деген малды ерте бастан Сырдан өткерiп,
Қырдың жас көгiне отықсын деп, осыдан бiр ай бұрын малшыларына айдатып жiберген едi. Сосын
Қожақ пен Қасқырбайды Хиуаға арнайы жiберiп, жыртысқа деген қара ала парша, масаты-мәулiмдi
дер кезiнде алдырып, тақталып дайын отырған-ды. Бұл сүйтiп осы жолы тоң-торыс ағайынның жүзiн
берiммен жылытып алмақшы. Кiм бiлiптi, Бұхара мен Хиуадан қайран болмаса, алмағайып заман
орнай қалса, ағайын аузының бiр болғанына не жетедi?
Бұл жақында бiр жiгiтiн Ырғыздағы Шобдар Алмат сардардың ауылына жiберiп алып, төменгi
жақтың хабарына қанған едi. Сардардың айтуына қарағанда, Ырғыз, Торғай, Жем бойына ақ патша
әскерi бекiнiс салып, iшкерi қарай жылжымаққа әзiрленiп жатқан ұқсайды. Миләдий 1839 жылы
Перонскийдiң Сыр бойына жасаған қысқы жорығы масқара боп бiткесiн, ендi ақ патша жаңа қулық
ойлап тауыпты. Ол Хиуа, Қоқан, Бұхараны жаулап алу үшiн ең алдымен Хиуаның Сыр бойындағы
Құмқамалы мен Қоқан салған Ақмешiттi тас-талқан ету керек деп түйiптi. Одан әрi Созақ, Құмкент,
Тасқорған, Ташкенттi басып алса, Самарқан мен Үргенiшке жол ашық. Патша әскерiнiң табаны
Мауәрәннәхр мен Қаразымға бiр тигесiн, ол арадан өлдi кетпейдi. Сол жерде күш жинап алғасын, ол
Ауған, Иран үстiмен жүрiп отырып, бiр бүйiрде жатқан Үндiстанның көп алтынына шеңгелдi дұрыстап
тұрып салмақшы. Ақ патшаның бұл арамза ииетiнен Фәрәң жақтағы басқа да күштi мемлекеттер
хабардар көрiнедi. Соның бiрi — Англия. Ол орыс патшасының қалың әскерiнiң жолын бөгемек боп,
тез қимылдап, Ауғанстанды аз уақыт iшiнде жаулап алып та үлгерiптi. Осы кезде олардың жансыздары
Бұхара мен Хиуа базарларында саудагер боп, сауда жасаған боп, елдiң аңысын аңдап, қаптап жүрген
көрiнедi. Ал ана жақта заманында Румды тас-талқан еткен Османлы түркiлерi ғазауат соғысын бастау
керек деп, исi мұсылман қауымына жар таратып жатыр дейдi. Шамасы, олар Ресей мемлекетi күшейiп,
уыстарынан бiрте-бiрте шығып бара жатқан Қырым мен Ноғайлы жұртының шұрайлы жерлерiн
қимайтын болса керек.
Мiне, осындай ұлы даудың тұсында жан-жақтан тiмiскi көздердiң тiгiлiп тұрған тұсы — Сыр бойы.
Ертереке Батыр сұлтанды ақ киiзге салып, көтерiп, хан сайлағалы бермен бұл өңiрге аузы-басын түк
басқан ешбiр кеспiрсiздiң табаны тиiп көрмеген-дi. Тiптен құба қалмақтың өзi де белдеуден аты
кетпейтiн жауынгер елге батып тиiсе алмаған. Тоқым тыққан Қыстаубай, Сарғасқа Келдiбай, Сейiл,
Малайсары, Жантайлақ, Балқы Сәмет, Шобдар Киiкбай, Сарғасқа Бәйтiк, Қаратамыр Пiшән, Төребай,
Есiм Құлқа батыр, Жолай Төстiң балалары, Қожагелдi Қашқынбай, Дәумiшар, Сарман тәрiздi
батырлары бар iргелi елдiң үстiнде кiм көрiнгеннiң найза шошаңдатам деуi есi жоқ есерсоқтың қиялы
ғана едi.
Хиуа мен Қоқанға арқа сүйеген Сыр елiнiң қандай жаудың да ырқына көнбесi хақ. Бiрақ осы тұста
Хиуа мен Қоқан бектерi жүгенсiздiк жасады. Олар дүния қуып, қазақ ауылдарын талады. Содан ел
арасына әрекет кiрдi. Соны сырттан оқты көзiн қадап отырған ақ патша бiлмейдi дейсiң бе? Ол ел
арасындағы алауыздықты пайдаланып, Аралдан берi жылжып, мына Қазалы мен Қармақшының
төңiрегiне өз қамалдарын салып та үлгермей ме?
Ел арасында соны сезетiн кiсiлер баршылық. Биыл көктемде Тоғанақ батыр: “Ырғыз бекiнiсiн
құртайық” — деп, ел iшiнде беделдi билер мен батырларға хабар айтқан едi, бiрақ елдiң басшылары
бiрiкпей қойды. Әсiресе, Елмырза төре iшiн бермей, жатып алды. Сол екен, сахраға неше түрлi алып-
қаштысы көп әңгiме тарады. Әркiм әр түрлi жорамал айтты. Бiреулер: “Ақ патша мен Хиуа келiсiптi”,
— дестi. Ендi бiреулер: “Сыр бойын Османлы түркiлерi алатын бопты”,— деп гөйiттi. Қызыққұмар
былайғы жұрт: “Нұрғазы Қаратай сұлтанмен тiл табысып, ақ патшаға кiсi шаптырыпты”, — деп гу-гу.
Бұл со кезде: “Хиуа ханымен бiрлесiп, тiзе қоса әрекет жасасақ кәйтедi?”, — деп ойлап едi, iзiнше:
“Анада қамалын қиратқаны үшiн Мұхаммәд-Инақ ендi бiздерге оң қабағын бере қояр деймiсiң?»— деп
iркiлiп қалған. Кәзiр бұл қай жаққа шығарын бiлмей, әрi-сәрi боп жүр. Кейде бұған таланы тастай
елдiң тағы да бiр өткелектен өтер сәтi жақындап қалған сияқты боп көрiнедi.
Ол шақшадай басы шарадай боп, сан-сапалақ ойдың шегiне жете алмай, мазасы қашып әлi жатыр.
Сүйтiп, 1840-ыншы жылдың мазасыз жазғы бiр таңы осылайша сарғайып атып келе жатты.
3
Биылғы жылы көктем туысымен құбыладан қызыл жел соғып, ұлы Сырдың сеңiн ерте бұзып
жiберген едi. Көбесi сөгiлiп, iри жөңкiле көшкен сең Оқшы түбiне жете бере кептеле жиналып қалған-
ды. Сол сәтте кейiнiнен ұлы селше дүметiлiп келе жатқан қызыл су шiрей тасып, арнасынан таси
шығып, Қылышбайдың жалпақ күзерiн, Майлыбастың арғы тұсындағы кең жазықты тегiс басып
салған болатын. Ас беретiн үйлер осының батыс жағындағы, Басықараға жақындау жердегi, кәзiр суы
тартылып, көкорай шал-ғынға қақалып тұрған бiр қоңыр алқапқа қатарластыра тiгiлген екен. Әлден-ақ
қызметшi жiгiттер әлекедей жалаңдап, сойыс малын, саба-саба қымызын түйеге артып, топылған
ақсақал, қарасақалдарды үйдi-үйге түсiрiп жатыр. Екiншi бiреулерi алыс жолдан сiңiрi созылып келген
аттарды белдеуге байлап әлек. Жерошақ басында iшек-қарын аршып, ет асып, шәй қайнатып жүрген ақ
жаулықтардың есебi жоқ. Жан-жақ қарбаласа қимылдап жатқан кiсiлерге толып кеткен.
Жәнiбек елең-алаңда Сырға құлап, қотыраш Медеубайдың қайығымен дариядан өтiп, қосшы
жiгiттерiмен шеткi бiр үйге кеп түстi. Сосын Өтәлiнiң асына кiмдердiң келген, келмегенiне ол