Стр. 71 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

70
жедi. “Сонда бұған кiм кiнәлi? Әлде мен айыптымын ба? Неге? Мен мырзаның әбiрейiн қорғадым
ғой”. — Ол өз ойын өзi күптағандай, ақырын ғана күлiмсiреп қойды.
Iшке Дархан шәй алып кiрдi. Шәй үстiнде Шәки жас келiншегiне бiр рет анықтап көз салды.
Қуатты жас тәннiң ажары сыртына теуiп, бiр әдемi нұр екi бетiне ұялай қапты. Ханауыз көйлектiң
сыртынан бұлтия бастаған iшi әзер-әзер бiлiнедi.
— Басың қалай, жаным, ауырмай ма? — дедi шешесi баласының қарағанын көрмеген боп.
— Жоқ, ауырмайды.
— Құдайдың сақтағанын қараш! Болмаса, жазым деген айтып келе ме?
Шәки үндемедi. Дархан бiрдеме дегiсi кеп едi, енесiнен қымсынып, көйлегiнiң етегiн жөндеп
қойды.
— Ана әпербақан Елдеспен де кiсi ұстаса ма екен?
— Мен бе ұстасып жүрген? Ана... мырза ғой, — дедi Шәки алғаш рет өз қылығына өзi ақтау iздеп.
Бұрын ол Ережептiң шаруасын өз iсiндей көретiн.
— Онда оның өзi неге төбелеспейдi? — дедi Дархан бұған күлiмсiрей қарап.
— Ау, мырза, басымен төбелесiп жүрсе... қалай болады?
— Е, азамат басыңмен жас балаша төбелесiп сен де жүрсiң ғой. Өз жыртысың болса, бiр сәрi, —
деп Дархан қабағын шытты.
Шәки табан астында ештеңе дей алмады. Қатты қызарып, бiр түрлi ыңғайсызданып қалды. Шешесi
де тiс жармады. Қараша үй iшiн бiр қолайсыз тиыштық кернедi.
Зауал ауа Шәки екi биенi жетегiне ап, жолға шықты. Ауылдан ұзасымен, еңкейе бастаған күндi сол
қапталына ұстап, аңқытып тартты да отырды. Сар желiп келе жатқан ат үстiнде басының ауырғанын
ұмытып, кеуiлдене бастады: “Е, қатын не бiлiп қарық қылады?» — дедi өзiне-өзi. Жаңағыдай екi дай
жерде мырзаға таяқ жегiзiп қойып, дырдай жiгiт басымен бұл қалай қараптан қарап тұра алады? Онан
да бұның өлгенi жақсы емес пе? Шәки өз мiндетiнен құтылған кiсiше ер үстiнде нығыздалып отырды.
Сосын қашанғы бiр беткейлiгiне басып: “Әй, қалғанын көре жатармыз”, — деп, қолын бiр сiлтей
салды. Сол бетiмен Көпжан ауылының өкпе тұсынан кеп құлады. Кедей ауыл қолдағы азын-аулақ мал-
тегенiн кезектесiп жаятын. Ол кезектен ауыл ақсақалы боп саналатын Көпжанның бос екенiн бiлiп,
жетегiндегi екi жылқыны салдыртқан қалпы ортадағы қараүйдiң тұсына кеп тоқтады. Атын белдеуге
байлай сап, iшке сәлем берiп кiрiп келдi.
— Уәғалайкүмәссалам, — дедi Көпжан қисайып жатқан жерiнен басын көтерiп.
Аман-саулықтан соң шәй келдi. Көпжан жөн сұрасып отырып:
— Бүгiн немене ауылдарыңда шатақ болған дей ме? — дедi.
— Иә. — Шәки болған уақиғаны ретiмен асықпай айтып шықты.
— Е, солай де, — дедi Көпжан аз ойланып отырып. — Атам қазақ екi қошқардың басы бiр қазанға
сыймас деген. Бәле олардың өзара сүзiскенiнде емес, шатақ, үстiнде не бiрiнiң мүйiзi сынады, не
бiрiнiң көзi шығады. Бай кiсiге ол түк емес. Мәселенiң қиыны сондай төбелес кезiнде момынның басы
кететiнiнде ғой.
Шәки қайын атасына дағдара қарады.
— Балам, мұның түсiнбейтiн түгi жоқ. Құдай басты екi қолының не iстейтiнiн ойласын деп берген.
Оны бiлмейтiндер кiм көрiнгенннiң айтағына ерiп жүре бередi.
Шәки iшiнен: “Мына кiсi қызының аузына түкiрiп қойғаннан сау ма?” — деп ойлады. Бiрақ
қысылып үндемедi.
Шәки күн ұясына қона ол ауылына қайтпақ болды. Атасына әкелген малы бар екенiн iштей
мақтана отырып айтты.
— Алдыраз болсын. Кәне, көрелiк, — деп Көпжан орнынан тұрып, сыртқа шықты.
Бұл кезде кедей ауылдың бар кiсiсi түгi сыртына шыға жылтыраған қазысы қарыс келер екi ту
биенi қызықтай қарап тұр екен.
— Пәлi, мал болғаныңа!
— Сүйегi салалы, нағыз тұтынуға жаратылған мал екен!
— Еңбек етсең, емерсiң деген ып-рас. Күйеу бала маңдай терiмен тауып...
— Әй, қойыңдар! — деп, Көпжан демде қабақ шытып, тасырта мақтап бара жатқан өз туғандарын
тыйып тастады. Сосын екi биенiң алды-артына шығып, анықтап қарады. Қойынына, шабына қол
жүгiртiп көрдi. Кенет күпшек санды күреңнiң жабағылана бастаған артқы санының сарғыш жүнiнен
азар-азар көрiнiп тұрған қиық таңбаны байқап қап, түсi демде бұзылып сала бердi. Сосын Шәкиге атып
жiберердей боп, оқты көзiн қадады. — Әй, мен сенi табан ақы, мандай терiмен мал тауып жүр десем,
сен әлсiз бiреудiң көз жасына қалып жүр екенсiң ғой. Немене менi баламды ұрлық малға
айырбастайын деп бердi дейсiң бе? Мен қызымды ана өлген әкеңнiң руһы ырза болсын деп бергенмiн.
Ендi сақал-шашым ағарып, пайғамбар жасына келгенде, имансыз қалар жайым жоқ. Менiң аузым арам
асқа үйренбеген. Алып кет мынауыңды! — деп, ол қолын сiлтеп, әрi қарай бүрыла бердi.
Шәки сол арада жерге кiрiп кете жаздады. Шынында да, мына екi биенi былтыр өзi Ырғыз бойын
ен жайлап отырған Көнек ауылдарынан ұрлап қайтқан едi. Бағана Ережептiң сол ұрлық малдан
бергенiне Шәки онша назар аударып жатпаған. Iшiнен: “Онда тұрған не бар? Ақы адал өз еңбегiм емес
пе? Осы малды түн қатып, түс қашып жүрiп, айдап алған жоқпын ба?» — деген де қойған едi. Ендi
мiне, қайын атасының толы жұрттың көзiнше абыройын айрандай төккенiне ызаланып, дем арасында
түрi өрт сөндiргендей боп кеттi.
Ол аздан кейiн екi биенi жетегiне алып, кедей ауылдан ұзап шыға бердi. Бұл кез жаз айының ең бiр
жайлы шағы едi. Ұясына батуға тақап қалған шарық табақтай қып-қызыл күн өз қызуынан өзi
жалындағандай боп, әбден қызарып, үйреншiктi күнделiктi орынына қарай ақырындап батып барады.
Маңайда үп еткен жел жоқ. Шаң исi сiңген тымық ауа әлден-ақ тынысты тарылтып, әлденеден
қоймалжыңдана түскендей, кiсiнiң еңсесiн онша көтертпейдi. Адамның бойы ал-сал тартып, бiр түрлi