Стр. 72 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

71
марғаулана түседi. Шәки де енжар қалпы, астындағы атын сипай қамшылай отырып, жәй аяңмен жүрiп
келедi.
Шәки аулына қас қарая жеттi. Сол арада төбе басында отырған Ережеп пен бiр топ кiсiнi көзi
шалып қап, оларға соқпай өтудi қолайсыз көрiп, амалсыздан бұрылды. Ол төбе басына жетпей, жерге
түсiп, атының алдыңғы екi аяғын тұсап жiберiп, жәйiмен аяңдап, оларға тақап келдi.
Ережеп мұның ұнжырғасы түскен түрiне бiр түрлi боп қарады:
— Иә, Көбекең қалай екен? Мал-жаны аман ба?
— Аманшылық. — Шәки енжар түрде жауап бердi. — Сiзге сәлем айтып жатқан. — Ол мырзаның
кеуiлi үшiн өзiнiң қалайша өтiрiк айтып жiбергенiн байқамай да қалды.
— Е, сәләмәт болсын, — дедi Ережеп бұған мысқылдай қараған қалпын бұзбай. — Ау, берем деген
малыңды бермегенсiң бе?
— Ендi... солай боп қалды, — дедi Шәки не дерiн бiлмей. “Қап, бiр өтiрiктi айта салу керек едi!?”
— Е, солай де. Шамасы, қайын атаң берген қалың малыңды азсынан болды ғой. Жөн, жөн, — деп,
Ережеп күле түсiп, ендi мұны мүлдем ұмыт қалдырғандай боп, жанында отырған көп жалпылдақпен
сөйлесiп кеттi.
Шәки не iстерiн бiлмедi. Аздан соң өзiне ендi назар аударып жатқан ешкiмнiң жоқтығын көрiп,
орнынан тұрды да, аяғын ауыр алып, тұсаулап жiберген атына келдi. Оның тұсауын шешiп ап,
шылбырынан жетектеп, екi биенi ертiп, үйiне келдi.
Осы кезде ашық тұрған есiктен көрiп отырса керек, iштен Дархан жайраңдап шыға келдi. Оның
мына қалпы әкесiнiң берген малды алмағанына әбден ырза сықылды:
— Бағана бармай-ақ қой дейiн деп едiм, сенен батпадым..
— Е неге? — Шәки оған дағдара қарады.
— Өй, бапам... солай ғой... — Дархан жымиды: — Жарайды, оқасы жоқ. Қой, тамақ iстейiн, — дедi
де, ол жерошақ жаққа кеттi.
Шәки аң-таң.
22
Әбдiраман Жәнiбекпен тiлдескен соң, басқа жаққа айналмай, тура құдасы Малдыбайдың ауылына
қарай тартқан едi. Күн еңкейе астындағы тоқ ат аңылжыған аптапқа шыдамай, екi өкпесiн ырс-ырс
соғып, барлыға бастады. Сұйықтау жалының түбiнен торғайдың көзiнше мөлдiреп, шып-шып тер
шықты. Әбдiраман атын аяп, жәй аяңмен жүрiп отырды. Тумысында малқұмар, кессе қан шықпайтын
сараң оның үнемi екi көзi желiдегi жылқысында болатын. Малының қоңы жығыла бастағанын байқаса-
ақ, жаны шығып кете жаздайды. Қашан малшылар хан жайлауға апарып, көп жылқысының аузын от
жерге тигiзбейiнше дызақтап бiтедi. Сондай ұқыптылығының арқасында атадан қалған көп дәулет әлге
дейiн бiр ортайып көрген емес. Жыл сайын малының басына мыңдап бас қосылып, саны өсiп, ұлғайып
келедi. Соған қарамастан, Әбдiраманның дастарханы ажарсыз. Келген-кеткен құдайы қонақтың iшкен-
жегенiн есептеп, шығасыға қабағын шытып, жақтырмай: “Осы жұрттың шаруасы жоқ па? Неге
астынан су шыққандай қаңғиды да жүредi?” — деп, сыртынан сөкеттеп, сөгiп, боқтап отырады. Бiрақ
өзi шаруа бабымен ат арқасында жүрiп қалғанда, жолшыбай кездескен өзге үйлерде түстенгендi жақсы
көредi. Әсiресе, ет асылып, қазан көтерiлiп, үй iшiн жылқы сүрiнiң тәттi исi алып кеткенде, кеуiлi
көтерiлiп, әңгiме айтып отырғанды қатты ұнатады. Ал, кейбiр шығымсыздау байлардың үйiнен көже-
быламық жеп, кеуiлсiз аттанғанда, былай шыға бере: “Бiр тоқтыдан жұтап қалатындай соншама
тарылып”, — деп кiнәлап бағады. Әрi оны жүрген жолында кiм-көрiнгенге жайып, неше түрлi қуақы
сөз, уақиға қосып, таратып отырады. Мұндай сөз бара-бара өсе түсiп, лақабы көп алыпқашты әңгiмеге
ұласып, дабырайып, кең жайылып кетедi. Сондықтан да болар, осы өлкеде Әбдiраман айтты деген
күлдiргi әңгiме өте көп. Екiншi мұның бiр сүйетiн нәрсесi — қыдырып барып, өзге үйлерден ет жеу.
Оны да iшiнен пайда көредi. Ол осы жолы да сол үйренiп қалған дағдысына бағып, малды-жанды бай
құдасының ауылына әдейi бұрылды. Iшiнен: “Қазандарында қара су қайнатып жатпаған шығар”, —
деп өз-өзiнен кеуiлденiп, ақырын ыңылдап келедi.
Ұлы шiлде басталысымен-ақ Сыр өңiрi мамыр айындағы әсем ажарынан айрылып, боз жусандар
күйiп, қуқыл тарта бастаған едi. Жантақтар пiсiп келе жатқанын бiлдiрiп, бастарына майда қызыл
қоңыр бүртiктерiн шығарып та үлгерген. Адыр-адырдың ойын ала қаулап өскен мысыққұйрықтар үп
еткен желден майысып, майда шашақтары сусылдап, ақ теңiзше тербеледi. Әбдiраман сол
мысыққұйрықтарды кешiп келе жатып, биылғы шаруа бабын ойлап қойды. Ол көптен берi малын,
әсiресе, қоян жылы жақындағанда, мына Хиуа, Бұхара шәһарларының базарларына апарып, кiлең
сылдыраған күмiс теңгелерге айналдырып алуды көптен берi әдет қылып жүр. Соның арқасында ана
жылғы ақсирақ жұтта мұның мұрты қисайған жоқ. Кәзiр сол кезде бар малынан адалана қағылып, бiр
қылқұйрығы қалмай, жер соғып қалған ана Нарманды сыртынан кекеп-мошқап, сықақ қып отырады.
Ол былтыр да малшы, жалшыны азырақ ұстайын деп, күн санап бағуы қиындап бара жатқан он шақты
үйiр жылқысын Бұхара жағына апарып, делдал жалдап сатқызып, сылдыраған күмiс теңгенi үйiндегi
әйдiк қара сандыққа салып қойды. Ал артылған тiлләларына өзбек пен тәжiктiң қарала пәршасы мен
ханауызын сатып ап, тырнаша тiзiп керуен тартып, елге қайтып кеп, сауда жасады. Тай-тай матаны ат
пен түйедей қалап, арнайы кiсi жiберген осы өңiрдiң талапсыз, сасық байларына тайтұяқ, күмiс бiлезiк,
алтын жүзiк, сақинаға айырбастап алды. Нәтижесiнде сатуға жiберген малының есесiн екi есе
қайтарып ап, үстiнен жонып жерге татырлық көп пайда көрдi. Тек осы кәсiп үстiнде аздап шошынған
бiр жағдайы бар. Биыл, неге екенi белгiсiз, Хиуаға өз жiгiттерi құрдай қатынап жатқанына қарамастан,
ол жақтан мата алдырмай, Ережеп Өтәлiнiң асында жыртысқа беремiн деп, мұның көптен берi
жамбасына басып жатқан қымбат атыласын қолқалап қоймады. Ел арасында әбiрейi мен ажары бар кiсi