72
сұрап жатқасын, арт жағына онша көз жүгiртiп жатпай, Әбдiраман оп-оңай қолқ етiп түсе қалған. Әрi
бiр жағынан сауда талабының жақсы болғанын қолай көрген. Бiрақ сол аңғырттығына кейiннен барып
бармақ тiстедi. Ол аяқ астында басқа бiр шаруасы шыға қап, бұл жолы мата күнына берiлген малды
өзiне жамағайын боп келетiн, дәлдулеу Шайқысламға санап ал деп тапсырған едi. Шайқыслам Ережеп
берген малдың ен-таңбасына, түр-түсiне қарамапты. Жалпы санының түгел болғанын көздеп, ала
берiптi. Ертесiне өзi келiп, мата құнына берiлген жылқыларды аралап жүрiп, иманы қара таяқтай
болды: Ережеп одан-бұдан басы күралған түбi шикi көп жылқысын бере сап, мұның аузын айға
қаратып кетiптi. Содан Әбдiраман бүгiн ғана ың-шыңсыз, аман-есен құтылып келедi. Қанша iшi удай
ашыса да, мына даулы малдан iз-тұзын бiлдiрмей оңай құтылғанына қуанды. Әуелгiде мұның
жалынышты түрiн көрiп, қашаннан сауда iсiнде тақыс боп қалған Дадабек: “Өй, маған мал керек
емес”, — деп, ат-тонын ала-ала қашқан. Бұл оған көлiк малының, әсiресе, қоңы жығыл-маған сирақты,
қара тiрсектi берiк жылқының өте керек екенiн сырт хабардан естiп, әбден қанып барған едi.
Әбдiраман оның қулығын түсiнiп, жылмия күлiп, басын иiп, жалынып-жалпая түстi. Анау бұл иiлген
сайын шалқая түстi. Сол арада бұлар отырған, жан-жағына асыл кiлем тұтылып тасталған ажарлы
жайға бас уәзiр Ядгарбектiң кiрiп келмесi бар ма? Ол сөз ыңғайын түсiнiп, аз-маз ойланып отырды да,
кенет Дадабекке қарап, қап-қара сақалы ұйысқан иегiн әнтек қағып қалды. Сол екен, жаңа ғана
келiмге келмей, кекiрейiп, шалқалап жатып алған Дадабектiң жүзi жылып, майысқақ бола бастады. Ол
майысқан сайын ендi бұл неше құбылып, оны әр түрлi жықпыл-жықпылға салып бақсын. Әр нәрсенi
бiр сылтау ете отырып, iшiнен басқа бiр ойға шомсын: “Осы мен малымның кәдiрiн бiлмей отқан
жоқпын ба? Мына шақша басқа жалынғанша, осы керуен тартып тура Бұхараға неге бармайым, а?” —
деп, бiраз толғанып отырды да: “Қой, ол... қиын ғой. Керуеншiлерге төлер ақы, жеуiне төлер малдың
өзi бiраз дүния. Әрi барам деп жүргенде, қанды көз қарақшы шауып кетiп... сымпиып қалармын. Үйтiп
шаш етектен шығынға батқанша, алыстан арбаламай-ақ, жақыннан дорбалап... мысқалдап-ақ таудай
алтын жиюға болады”, — деп, ол ойынан тез айнып шыға келдi. Бiрақ Дадабекке оп-оңай жығыла
кетпей, әбден бұлданып бақты. Соны бiлетiн Дадабек те әккiлiгiне басып, қызыл тiлiн жүгiртiп, асты-
үстiне түсiп болды. Ақырында Әбдiраман қиналған түрмен: “Әрине, малымды базар айдасам, бұдан
гөрi қымбаттау болар едi. Тек сiздi құрметтеп... әрi сiзге көлiк малы керек дегесiн ұлы ханымызды
сыйлап, осыған... келiсiп отырым”, — дедi де, қалған сауда бәсiне оп-оңай келiсе салды. Осы
сапарында ол бiрталай жайға қанды. Өз байқауынша, хиуалықтар былтыр қазақтар қиратып кеткен
Құратөбедегi қамалын қайта салмақшы екен. Онда тағы да алым-салық көбейдi дей бер. Бұл
Әбдiраманды шошытып тастады. Ол әлден Хиуа бегiнiң оң қабағын ала берейiн деп, бүгiн таңазанда
естiген тосын хабарын Дадабекке баспалдақтап отырып, майдалап жеткiзген-дi. Онда да оны өсек
айтқандай боп емес, қайта Ережептi мақтағандай боп отырып: “Кәзiр мырзаның ел арасындағы әбiрейi
жақсы ғой. Кiсiге бақ қонайын десе, дауа бар ма? Кеше Тиышбек дейтiн бiр кiсiмiз Ережептiң ауылына
орыстардың бiр сыйлы адамы сонау Петербордан арнайы ақ патшаның сый-сияпатын алып келiптi деп
шауып жүрген. Өз басым бұ не деген әбiрей деп, қатты қуанып қалдым”, — деген. Сол арада
бiлдiрмей, көз қиығымен Дадабектiң әлден сұрлана бастаған сұсты жүзiне қараған. Iшiнен атқан
оғының көздеген жерiне барып дөп тигенiн бiлген. Бiрақ жолшыбай үнемi ел үстiнен жонып жеп,
пайда тауып дәнiгiп қалған басы ойламаған тұста Ережепке қалайша алданып қалдым деп, өз-өзiне
ызаланумен болған. Тағы да сол есiне түсiп: “Әй, ит-ай! Осы қазақ не еткен пайдакүнем?” — деп
қойды.
Ол бiр сәт терiскейде қалып бара жатқан Тиышбектiң қараүйiн көрiп, ат тiзгiнiн тартып алды.
“Сусын iшiп шықсам кәйтедi?” — деп ойлады. Сосын: “Әй, оның үйiнде қара судан басқа не бар
дейсiң?» — деп, қолын бiр сiлтедi. Онысының себебi де бар едi. Анада бұл өз үйiнде отырып, өмiрi
iстемеген әдетiн iстеп, Тиышбекке мақтанғысы келген. Қызылдың исiн сезген Тиышбек мұның
жанына үйiрiлiп шықпай, жетi атасында сақи, мырза аты жайылған атақты кiсiлердi көзiнен тiзiп,
аяқтарын жерге тигiзбей, тасырта кеп мақтаған. Өсiре келе өзiне пардалас кiсi жоқ деген. Соған тарқ
ете қалған бұл Тиышбек ауыл арасында айта жүрсiн деп, Бұхарадан әкелген, әр түйiрi бармақтай-
бармақтай қара жүзiмнiң бiр шоғырын оның алдына қойған. Тиышбек мұны мақтай отырып, бар
жүзiмдi жеп қойды. Соған Әбдiраманның iшi удай ашыды. Кейiн: “Ақымақ екенмiн ғой. Қараптан
қарап ырысымды шашып”, — деп, өзiн өзi жерден алып, жерге салған. Ендi ол iлгерi қарай жүре бердi
де, сәл ойланып қалды. Кiсiге ақысын жiберiп үйренбеген басы қалайда Тиышбектiң үйiне соғып,
анадағы шығын болған жүзiмiнiң есесiн бiрдемемен қайырғысы келдi. Осы ой қамшы боп, Әбдiраман
солай қарай ат басын қалай бұрып алғанын байқамай да қалды.
Ық жақтан салдыртып келгесiн, соңғы сүрдiң исi бiрден Әбдiраманның танауын қыдықтады.
Iшiнен: “Етке бiр сылқиып тойып алайын”, — деп кеуiлденiп, анадағы қапылатының есесiн
қайтаратындай сезiп, атынан түстi. Қақырынып-түкiрiнiп, iшке кiре берiп, зәресi зәр түбiне кеттi.
Мұны көре сап, төрде сарта жүгiнiп отырған Тиышбек қу сүйек жұдырығымен маңдайын төбелеп,
өкiрiп қоя бердi:
— Ойбай, қу құдай! Қу шұнақ құдай! Сақал-шашым ағарғанда әбiрейiмдi айрандай төгiп...
Әбдiраман табан астында сасып қалды:
— Ау, не болды соншалық?
— Ойбай, Әбдiраманжан, сұрама! Сұрама, ойбай! Әлiм, Шөменнiң әтеберлi азаматының санатында
жүрген мына жаман аған қасқайып, сорлап қалды ғой, ойбай!
— Не дейдi? — деп, Әбдiраман жаман хабар еститiндей шошына түстi.
— Ойбай, айтары жоқ! — Тиышбек қос жұдырығымен қушық маңдайын салып-салып қалды. — О
ашылмаған маңдайым! Сен қайдан ашылайын деп ең кiлең ит-шошқаның ортасында отырып...
— Ау, өлтiрсең де, айтсайшы, не болды соншалық?
— Құрсын құрсын, Ұлбосынжан байға қашып кеттi!