Стр. 74 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

73
— Астапыралла! — деп Әбдiраман шыныменен жағасын ұстады. Бой жетiп, кәмәлатқа толып, пiсiп
отырған қыздың ата-анасының ақ батасынсыз байға қашып кетуi, шынында, әлге дейiн ел естiмеген
өрескел жағдай едi.
— Өй, доңыз! Басына жаулық тартқан мегежiн! Арпылдағаннан басқа түк қасиетiң жоқ, — деп
Тиышбек ендi Ақрәшқа құсы түсiп, керегеде iлулi тұрған қамшысын жұлып ап, бортылдата жөнелдi.
— Әй, қой мұның не? Кiмнiң қызы байға кетпей жатыр? Бұйырғаны со да, — деп, бұл оның қолына
бара жармасып едi, елiрiп алған Тиышбек әл бермедi.
— Бұл ит кiсiнi күйдiредi ғой! — деп, басын қорғалап, бүгежектей берген қатынын қамшымен
шықпыртып сабай бердi.
Әбдiраман бұл үйден сусын iшiп қарық болмайтынын бiлдi. “Не болсаң, о бол”, — деп, қолын бiр
сiлтеп, үйден шыға бердi. Табалдырықтан аттай бере: “Бұл да болса, пайда ғой”, — деп, босағада iлулi
тұрған қыл шылбырды iле кеттi. Былай шыға бере жаман шатпаның iшiнен өзiне сығалай қараған
бойжеткеннiң екi көзiн байқап қап‚ “Алда, құдай-ай! Мына сұм пiсулi етiн бермейiн деп, менi тағы да
қатырған екен!» — деп санын бiр-ақ соқты.
Бiр-екi дөңнен асқасын, ертең бүгiнгi iстегенiн Тиышбектiң ел арасына қандай қызық хиқая етiп
тарататынын ойлап, ыңғайсыздана түстi. Сөз жоқ, Тиышбек мұның үйiне ық жақпен мысықтабандап
келе жатқанын түрулi тұрған iргеден көрiп отырған. Дереу алдарына ендi ала берген ет толы табақтың
бетiн алашамен жаба сап, Ұлбосынды күркеге тығып, бұл табалдырықтан аттай бере, қос қолымен
маңдайын төбелеп, өкiрiп қоя бердi. Соған имандай сенген мұны тез кетсiн деп, қамшысын ала сап,
қатынын сабады. Ендi кәзiр, құдай бiледi, мұны қатырдым деп, Тиышбек мұртынан күлiп: “Кiм
көрiнгенге ет жегiзгенше, өзiңнiң таяқ жеп, ет жегенiң әлдеқайда жақсы”, — деп ешiп отыр. Сол есiне
түсiп, ол жас балаша алданғанына ыза бола бастады. Өз-өзiнен түтiгiп, көпке дейiн астындағы атын
тепеңдетiп отырды. Тек құдасының ауылына жақындағанда барып азырақ басылып, сабасына түсе
бастады. “Оған мен де есемдi жiберген жоқпын ғой. Нәтi қыл демесең, бұ да мүлiк емес пе?” — деп, ол
қоржын басына тыға салған қыл шылбырды сыртынан қолымен басып-басып қойды.
Ол ендi кеуiлденiп, ыңырсып ән айта бастады. Тез арада жаңағы жанын қинаған жайды ұмытып та
кеттi. Өз шаруасын ойлады. Құдайға шүкiр, кәзiр сауда талабы жаман емес. Тек мұны алаңдатып
жүрген жәйт — Хиуа мен Ресейдiң арасы. Бұған салса, бiрi өлiп, бiрi қалсын. Кiм билесе де, мұның
дәулетiне қол сұқпаса болды. Қалғаны Әбдiраманды қинамайды. “Бәрiн кезiнде көре жатармыз.
Заманың, әй, түлкi болса-ау... тазы боп шал”, — деп әндеткен қалпы ол құдасының үйiне кеп түстi.
Малдыбай ауылда екен. Құдасын төрге отырғызған бойда, тоқалына қазан көтергiздi. Ет исiн сезiп,
Әбдiраман әлден-ақ кеуiлдене бастады. Тиышбектiң жынына тиген жаңағы қылығын ұмытып та кеттi.
— Мына Ережеп ит екен, — деп қояды ол ара арасында түбi шикi малдан қалай аман-есен
құтылғанын жыр ғып айта отырып.
— Айтпа, — дейдi Малдыбай мұны ерiксiз қоштап.
Әбдiраман дастарханы кең Малдыбайдың үйiнде қонып, түстенiп жүрудi жақсы көретiн. Мақтау
сүйетiн байды қолпаштап қойып, талай рет сыбағалы етiн жеп те кеткен. Бүл жолы ол үйге шәй
жабдығымен кiрiп, шығып жүрген Ақкербездi көзiмен бақты. Жақын арада оны Жәнiбекке ұзатады-
мыс деген хабарды естiген. Бұл Жәнiбектi ұнатпай, оқымыш деп, сыртынан сықақтап күлiп жүретiн.
Осы кәзiрде: “Ана басына сәлде салған сарттың аузының салуы барын қараш! Мына балға ашытқан
қымыздай тәттi қыздың бар шырын бiр өзi сорып, бар қызығын көредi-ау!”— деп, iшiнен оны боқтап
отыр.
Ол кенет айтатын маңызды әңгiмесi бардай Малдыбайға еңсерiле қарады:
— Апырмай, еңбек етсең, емерсiң деген сөз рас-ау. Бүгiн ана Жәнiбектiң ауылына соғып ем, өзiне
әбден ырза боп қайттым. Қанша дегенмен көзi ашық, оқыған дамолла емес пе, Қуаңның ен жатқан
жағасын бақшалық қып жiберiптi. Қарбыз, қауынына көз тұнады. Бидайы мен арпасы қақалып тұр-ау,
қақалып тұр! Әр дәнi бар ғой, баданадай болғанда, дәл мынадай! — деп, Әбдiраман таңдайын тақ
еткiзiп, сұқ саусағымен добалдай бас бармағының ұшын көрсеттi.
— Апырмай, ә, — дедi аңқаулау Малдыбай әңгiмеге елiге түсiп.
— Ойбай, айтпа! Құдай ақылы мен бағын қатар берген жiгiт қой. Ондайларға Аллатағалам
айрықша ықпал бередi. Ықпал емей немене, әлгi бидайы мен арпасы оған сiңiрген бар еңбегiн
толығымен ақтайды. Ол ертең бiз құсап, Бұқарға керуен тартып, әуре боп жатпайды.
— Ол рас.
— Өзi де өнерлi жiгiт, — дедi Әбдiраман құдасының елiге бастағанын көрiп. Iшiнен: “Өй, ақымақ!
Қызымды алады деп құйқылжуын қарай гөр!” — деп бiр қойды. — Құда, сен асылы одан қалған қалың
малыңның бiр бөлегiн қауын-қарбыздай ал.
— Е, мен оны нағылам? — дедi Малдыбай күтпеген тұстан бұлт ете түскен Әбдiраманның жүзiне
таңғала қарап.
— Оны нағылатын несi бар? Қап-қап қып түйеге арт та, мына Қыр жағына барып, көрмедiк
қазақтарға әр қайсысын бiр-бiр тоқтыға айырбаста. Сонда сен... екi жеп, биге шығасың, — дедi
Әбдiраман мұртынан күлiп.
Малдыбай қапелiмде аузына сөз түспей, аңтарылды да қалды.
Әбдiраман құдасын қу тақырға отырғызғанына әбден ырза боп қозғалақтап қойды. Сосын төменгi
жақта қымыз сапырып отырған құдағайына қулана қарады. Ажарлы бәйбiшенiң әлi де өңiн бере
қоймаған жүзiн көрiп, неге екенi белгiсiз, өз келiнiн есiне алды. Өзiнен аумаған үлкен ұлы Жоламанға
оны қалай атастырғанын, сол жолғы ырым-жырымды, сән-салтанатты, ырду-дырдуы көп ұлан-асыр
тойды бiр бiрлеп есiне ап, бәрiн оймен өлшеп-пiшiп отырып: “Не еткен дарақымыз, а? Соншама малды
желге шашып?” — деп iшiнен күбiрлеп қойды. Дегенмен мұның дәтке қуат етер жайы бар. Ол
шығынын баласы әлдеқашан өз орнына келтiрген. Бiр тиынын екi ететiн, етiнен ет кессең де қан
шықпас Жоламан саудаға араласып, Бұхара, Қоқан, Ташкент барып, не бiр айлалы өзбек саудагерлерiн