Стр. 77 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

76
тебiнiп қап, Ақкербезбен қатарласа бердi. Қызыл жiбек орамалмен бетiн жартылай жауып ап, сыңсып
келе жатқан қыздың бетiн қолымен ашып көрiп, таңдайын тақ еткiздi. Аласы аз қарақат көздi, аршыған
жауқазындай аппақ қызға ашқарақ нәпсiсi тұтана, iшiп-жей қарады.
— Әй, өзiң сұлу екенсiң ғой! Сенi өзiм қатын ғып алам, — дедi Төлеу ыржалақтап.
Ақкербез табан астында басыма мынадай қиыншылық жағдай түсе қалады деп ойламаған да едi.
Жақын арада Жәнiбектiң ұрын келетiн хабарын жақын жеңгелерi айтып, жiгiтпен оңаша қалғанда не
iстеп, не қою керектiгiн сыңқылдай күлiсiп, түсiндiрген-дi. Сонда ақ бетi ду-ду етiп, ұяты құлағына
дейiн шауып шыға келген. Iштей бiр әуестiк жеңiп, кәмәләтқа тола бастаған кеудесi бiр басылып, бiр
көтерiлiп, әлi тата қоймаған жеңсiк асқа аңсары ауғандай, раһат бiр қиялға шомған. Сол әсермен соңғы
түндердi төсегiнде сан рет аунақшып өткерген. Жанынан қара торы жiгiттiң ыссы дәмiн сезгендей өз
қызуына өзi өртенiп, ара-арасында қолын көрпеден созып шығарып та алатын. Тек саусағының ұшы
аржайы, қылжақбас Шолпанның мойынына барып тигенде, қатты қысылып, қолын тез керi тартып ала
қоятын. Ендi кәзiр өз қиялында берiк қоныс тепкен әдемiше келген қара торы жiгiттiң кескiн-келбетiн
бiреу ожар қолмен ысырып тастап, орнына мына әңгүдiктi қоя салғандай, өз көзiне өзi сенбей, тiксiнiп
қалды. Төлеудiң жалдана түсiп, сирек сарғыш мұртын қалқалай бiткен қолағаштай мұрнына аза бойы
қаза бола қарады.
— Неменеге шошисың? Әлде адам жабайысың ба? — деп, Төлеу бұл жолы Ақкербездiң жас
балаша үрпие қалғанына шынымен рахаттанып, айналаны жаңғырықтыра, қарқылдап күлдi. Аузынан
түкiрiгi шашырап, бiр түйiрi Ақкербездiң қолына кеп тидi.
Ақкербез жеркенiп қап, қолын тартып ала қойды. Қолының сыртын жайдақ нардың дәл қарсы
алдында шудасы желкiлдеп келе жатқан баладай тiптiк өркешiне сүрте салды да, бiр сәтте есiн тез
жиып алды. Қалай келгенi белгiсiз, ойына шешесi талай рет қақсап, құлағына құя берген бiр ақыл сап
етiп түсе кеттi. Ақылды, ажарлы анасы ойындағы дiттеген шаруасын әр уақта еркектiң арқа-басы
кеңiп, райланып отырған шағында ғана айт деп үйрететiн. Бағанадан берi Ақкербездiң ойын басқа бiр
ниет бөлiп келе жатқан едi. Ол Қалдыбайдың қашып кеткенiнен бихабар болатын. Сол арада қыз Төлеу
батырға түсiн жылытып, басына түскен халге көнiп алған сыңаймен:
— Батырекесi, — дедi жылы сөйлеп. — Осы бiздiң аталарымыз “батыр — аңқау, ер — көдек” деп
бiлiп айгқан-ау. Сiз ғой шапсаңыз, менiң әкемнiң аулын шаптыңыз. Ерегiссеңiз, со кiсiмен ерегiстiңiз.
Бiрақ iж жазығы жоқ, жолы жiңiшке маған осыншалық қаһар жиғаныңыз қалай? Сосын қорықпай
кәйтемiз? — Ол өзiн өзi зорлап, батырдың бетiне жымия қарады. “Туһ, үстi қандай сасық едi! Өзi
қолаңсы сасиды ғой!”
Мұндай сөздi айтады деп ойламаған бiр тоға, аңқаулау Төлеу кәпелiмде не дерiн бiлмей, сасып,
абдырады да қалды. Сосын өз iсiне өзi ырза болғандай, танауын көтере түсiп, кеңкiлдеп күлдi:
— Ендi былай... қол бастап... батыр болғасын..
— Ау, кiсi деген батырлықты жазығы жоқ қатын-қалашқа көрсете ме екен? Ердiң күш сынасатын
жерi майдан емес пе?
— Оған не сөз бар, — деп, Төлеу ұтырлы сөз таба алмай, қайтадан апалақтай бастады. Сосын
сөлекет жымиып: — Өзiң нағылған ақылдысың, а? Менiң үш қатынымның үшеуi де шарға,
балдарымның бәрi де ез, ақылсыз боп туды. Сен бар ғой маған мына өзiме тартқан нағыз батыр бала
тауып бер, а? — дедi.
Ақкербез не дерiн бiлмей қалды. Төбесiнен жай түскендей абдырап, бiр жағынан қыз ұяты бетiне
шауып, көзiн төмен салып, төменшiктей берiп едi, сол кезде бағанадан берi тiлi қышып отырған
Шолпан:
— Әй, жезде, — дедi оның даусы саңқ ете қалды. — Айтқаныңа сен тұр, қалғанына бiз тұрайық.
Уәдә былай болсын, сол баланың атын мен қоятын болайын.
— Е, қой. Сендей балдызыма ат қойдырмағанда кiмге қойдырам? — деп, Төлеу райлана күлдi. —
Е, сен сонда не деп қоясың?
Әзiржауап Шолпан iркiлген жоқ:
— Көтiбар деп.
Ақкербез шыдай алмай, мырс етiп күлiп жiбердi. Төлеудiң дем арасында қызара бастаған жүзiне
көз қиығын тастады да, күлкiсiн зорлап тиып:
— Батыр, — дедi әлгi сөздi жұмсартып, жуып-шайғысы кеп. — Бай мен батырға қазақтың қай
қызы тимей жатыр? Көп болса, мен де соның бiрi болармын. Алла-тағалам әлсiз қылып жаратқасын,
түбiнде барар жерiң, көрер күнiң бiр қатыншылық қой. Оның үстiне ат белiне қонып, ел шетiне пана
боп жүрген сiздей батырға тимегенеде, кiмге тием? Тек менi қинап келе жатқаны...
— О не? — дедi Төлеу жаңағы Шолпанның қалжыңының зiлiнен әлi де ашуын баса алмай жүрiп
келе жатып.
— Адам Ата, Хауа Ана заманынан бермен қарай да, ақ шариғатта да бiр еркектiң апасы мен
сiңлiсiн қоса қабаттап қатын қылып алғанын көрiп пе едiңiз?
— Астапыралла! — деп, Төлеу шошынып, жағасын ұстады. — О кiм үйтiп жүрген?
— Ол мына сiз.
— Мына мен бе? — деп, таңданып, оң қолымен кеудесiн өзi түртiп, Төлеу ат үстiнен алға қарай
еңкейдi.
— Иә, мына сiзсiз,— дедi Ақкербез де соңғы салмақты айтар сөзiн әлi де iшiнен ойлана түсiп.
— Құдай сақтасын! — Төлеу райлана күлдi. — Менiң ана ауылдағы жаман бит балақ үш қатыным
да үш рудан.
— Ендi менi алмайсыз ба?
— Е, алғанда қандай!
— Олай болса... менiң алғаныңыз аздай, мына сiңлiмдi де алып келе жатқан неңiз? Әлде оны да
алмақсыз ба?