77
— Құдай сақтасын! Өз балдызымды өзiм алып, немене менi перi қаққан ба?
— Ендеше оны неге ертiп келе жатырсыз? — Ақкербез Төлеу батырдың қибыжықтай бастағанын
аңдап, ендi мүлдем батылдана түстi. — Менi алғаныңыз немене тақияңызға тар келе ме?
— Ойбай, сол маған жетедi.
— Ендеше... Бiр тойда екi жар жоқ деген бар емес пе? Апасын алып, сiңлiсiн ертiп келiптi деп
ертең ел-жұртқа күлкi боласыз. Одан да мына сiңлiмдi елге қайтарыңыз. Барып әкемнiң ашуын бассын.
Түбiнде туыс болам десеңiз, о кiсiнiң бетiн көрмей тұра алмайсыз ғой. Осы бастан әкемнiң ығытын
таба бергенiңiз мақұл. — Ақкербез оның жүзiне сенбей, әрi қорқа қарады.
Ұтырлы сөзге ештеңе дей алмаған Төлеу азырақ iркiлiп тұрды да, қашанғы нойыс, бiр тартар
мiнезiне басып, сол арада мына жайдың алды-артын өлшеп-тексерiп жатпастан:
— Мақұл, болсын, — деп салды.
Ақкербез ендi ойындағы тағы бiр мүтәжiн айтпаққа оқталып тұрды да: “Әзiрге осы да жетпей ме?”
— деп, аз-кем кiдiрiп қалды. Бiрақ осы арада соны айтып салғанды жөн көрдi. “Мұның мынадай
райланған кезi жиi бола бермес”, — деп, Ақкербез күле түсiп:
— Батыр, осы сiз менi шыныменен аласыз ба? Жоқ әлде менi жолшыбай кiм көрiнгеннен сатып
алған күң секiлдi мазақ етiп келе жатсыз ба? — дедi.
— Мазағы нес?
— Мазақтамасаңыз, мынауыңыз не? Естi кiсi өз адалын қолдан арамдай ма?
— Арамдағаны қалай? — дедi Төлеу батыр түкке де түсiнбей.
— Ау, арамдағаныңыз сол емес пе, менi арқасы пышақтай жайдақ нарға мiнгiзiп... Ертеңгi күнi
обал-сауап, бар жауап сiздiң мойныңызда.
Қыз айтқан сөздiң астарына сонда барып түсiнген Төлеу батыр кеңкiлдей ырза бола күлiп,
күректей қолымен санын бiр-ақ ұрды:
— Ойбай, сонысы тағы бар екен ғой! Мақұл, ол айтқаның да болсын.
Оны жанында ерiп келе жатқан Шектi жiгiттерi қыл-жаққа айналдырып, кеу-кеулесе бастады.
Олар:
— Төке, жеңгемiз турасына көштi-ау!
— Қызығы мен қызылын қатар көр деп дұрыс айтты-ау!
— Төке, ендi астыңыздағы атыңызды түсiп берсеңiз де iж артық емес! — деп, жамыраса сөйлеп
жатыр.
Ақкербез өз ойының дұрысқа шыққанын сол арада анық аңғарды. Батырдан лұхсат болғаннан
кейiн Шектi жiгiттерi ендi тез қимылдап, осы кезде алға қарай озып кеткен көп жылқының iшiнен
Ақкербез бен Шолпанның ел көшкенде мiнетiн екi жорға атын ұстап әкеп бердi. Ақкербез атына мiнiп,
күнi бойы жүрiсi жайсыз нар үстiнде үзiлiп кетердей боп отырған. Белiн түрме белбеумен қаттырақ
етiп байлап алды. Тек қана Шолпан өз атынан бас тартты. Ол екi көзi от шаша жарқырап тұрып, үлкен
ағасының бәйгi атын әкеп берiңдер, деп өтiнiш етiп тұрып алды. Шектi жiгiттерi лажсыздан оған да
көндi. Шолпан жүйрiк атқа тақымы тиген бойда, жүзi жарқ ете қап, әлденеге күле түсiп, жортуылшы
ұлы топтан бiр бүйiрлеп шыға бердi. Ақкербез Төлеудiң жанына кеп:
— Батырекесi, жақсылық қылсаң, бүтiн қыл деген. Шолпанжан әлi ақыл тоқтатпаған жас қой,
жаңғыз өзi ел қарасын тауып бара алмас. Әрi қыз балаға жаңғыз жүру кәуiптi. Оған серiк етiп, екi-үш
жiгiт қосыңыз, — дедi.
— Болсын, — деп Төлеу керi бұрылып, арт жағында ошарылып тұрған жiгiттерiнiң iшiнен үш-
төртеуiн таңдап алды.
Сол арада Шолпан атын тебiнiп, оған жақындай бере:
— Әй, күлге шөккен кәрi бурадай өңкиген Төлеу! — деп саңқ ете түстi. — Сен немене өзiңдi мына
дүнияның тұтқасын ұстап тұрмын деймiсiң? Әлде жетi қат көктi тiреп тұрған сүтiнбiсiң? Сенi де еркек
дейдi-ау! Бүйтiп момын ауылды шауып ап, батыр атанғанша, басыңа ақ салып, қатын атансайшы!
Сенiң ана жаман-жәутiк жiгiттерiңнен пана сұрар шөпжелке қызың мен емес! Тұра қал, ертең өзiм
бастап кеп, қалың қолмен осы iстегенiңдi алдыңа келтiрем! Шаңырағыңды ортаңа түсiрем! — деп, ол
атының басын керi қарай шұғыл бұра сап, қамшымен шықпырта салып-салып қалды. Қамшыны
сүймейтiн жүйрiк ат ор текеше атқи жөнелдi.
— Қап, мына сайқалдың қылғаны-ай! — деп, Төлеу қап-қара боп, жан-жағына алақтап қарай бердi.
— Тез, қуып жетiңдер де, шашынан сүйреп, алдыма әкелiңдер! Қайсың ұстасаң, соның оны
тоқалдыққа аласыңдар!
* * *
Елiрiп тұрған жiгiттер қашып бара жатқан Шолпанды соңынан тұра-тұра қуды. Аты жүйрiк
дәмелiлерi салған беттен үйдек-түйдек тобырдан оза шығып, ер қасына жабысып, жұлындай ағып
барады. Шолпан ат тiзгiнiн коя берiп, бiр-екi рет артына бұрылып, жалтақ-жалтақ қарап қойды.
Соңынан құйғытып келе жатқан Шектi жiгiттерiн көрiп, бiр сәтте бойын тез жинап ап, алға қарай
еңкейiп, қос тақымын қыса түстi. Астындағы құлын кезiнен-ақ арда емiп өскен қуатты, тұяғының желi
бар жараулы ат етi қызып, екi көзi шоқтай жайнап, артынан шыққан қуғыншыларды сезiп, әбден елiре
түстi. Бас еркi өзiне тигесiн, ендi тiпте еркiн көсiлдi. Төрт аяғын кең тастап, тапырақтамай, тұяқтары
қатқыл жерге топ-топ түсiп, жұлындай үзiлiп шыға бердi. Шолпан жүйрiк аттың шын шабысқа ендi
көшкенiн бiлiп, iшiнен бiр Аллаға сыйынып, шүкiршiлiк қылды. Құлап қалмайын деп қауiп илеп, бiр
қолымен ердiң қасынан ұстап отырды. Алдан соққан қатты желден қос құлағы гуiлдеп, әлдеқандай
бiрдеме тынымсыз ысқырып келе жатқандай болды. Қарсы алдында жайқын жатқан кең дала бiр демде
жан бiткендей өз-өзiнен дөңгелеп, екi қаптал жағында кейiн қарай шыр айналып бара жатыр. Жер