Стр. 79 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

78
бетiн тұтас жапқан шөптiң жiгi бiлiнбей тұтаса түсiп, бiрыңғай бозбоқыр бiрдемеге айналып
кеткендей. Шолпан оған қарауға қорқып, бiр жағынан басы айналып, дереу көзiн жұмып ала қойды.
Оның өмiрi бүйтiп жосылта қатты шапқаны осы едi. Сәлден кейiн тақымы тала бастады. Бiр рет ер
үстiнен ауып кете жаздап, шақ дегенде өзiн-өзi ұстап қалды. Ер үстiнде дұрысталып отырып, қайта-
қайта бiр Аллаға сыйына бердi. Бiр сәт ол қарсы алдынан қылт-қылт етiп келе жатқан киған қамыс
сықылды қос құлаққа қарады. Әп-сәтте оның түбi тершiп, бiр-екi тамшы мөлдiреп шыға келген екен.
Сол екен, тынысы түзелген бәйгi аты бауырын барынша жазып, аяқтарын кең алып, арлай шапты.
* * *
Шектi жiгiттерi бiр-екi қырға дейiн оған iлесе шауып келе жатты. Ендi Сырдың терiскейiндегi
жазық далаға шыққасын, көсiле жөнелген жүйрiк атқа жете алмастарын бiлiп, өзара самбырласа
сөйлесiп, әудем жерге дейiн шауып барды да, амалсыз аттарының бастарын iрке бердi. Бiр төбенiң
басына шығып, Шолпан кеткен жаққа қарап тұрып:
— Қап! Нағыласың!
— Жаңа бәйгi атын бекер бердiк!
— Осы Төкең де қызық, қызыл тiлге сенiп, — десiп, олар бiраз тұрды.
Бiр жiгiт таңдайын тақ еткiзiп:
— Не десең о де, қасқыр болайын деп тұрған қыз екен, — дедi.
Оны қалғандары қалжақтап:
— Оны сен аларсың!
— Қасқыр тартқан қойдай боп сүмiрейiп жүрерсiң.
— Сен емес, ол сенi тамақтап... — десiп, күлiсiп, аттарының бастарын бұрып ап, керi қайтты.
* * *
Ашуланған Төлеу ендi Ақкербезге қысымды қатайтты. Қайтадан жайдақ нарға мiнгiзбесе де,
атынан түсiре қоймай, өзi жетелеп, жiтi жүрiп отырды. Қазалының кезiнен асқасын Ақирек,
Қамыстыбастың тұсына жете бере, қалың қол азырақ ат шалдырып, тынығып алды. Төлеу сол арада
соңдарынан қуғыншы шыға қоймасын бiлiп, қалың қолды екiге бөлдi. Бiр топ жiгiттi мал соңына сап,
көп жылқыны Ырғыз жағындағы жайлауына қарай шұғыл айдатып жiбердi. Өзi қалған қолмен осы
кезде Арал теңiзiнiң сыртын ала көсiлген Кiшiқұм iшiн иен жайлап отырған кiшi отауына беттедi.
Олар балық сасыған қопақты майда көлдердiң жандарынан өткесiн, алдарындағы қоңыр төбенiң
астынан қылт ете қалған он шақты салт аттыны көрiп, ат басын iркiп алды. Төлеу мыналарды жол
торыған ұрылар не Хиуа ханының қазақ арасынан алым-салық жинауға жiберген кiсiлерi шығар деп
ойлады. Қапы қалмайын деп, жiгiттерiне айқайлап, етек-жеңiн жиып алды да, үш-төрт жiгiттi
әлгiлердiң жай-жапсарын бiлiп қайтыңдар деп жiбердi.
Шолғыншылар қоңыр төбеге қарай киялай салды. Төбе басына еңкiлдеп шыға келгенде, терiскейдi
бетке алып, суыт жортып бара жатқан аттыларды көрдi. Өздерiнiң киiмдерi бөлек. Иықтарына асып
алған мылтықтары алыстан қылт-қылт етедi.
— Бұ кiм болды екен? — дедi бiр жiгiт.
— Ойбай, бұлар ақ патшаның... — дедi екiншiсi шошынып.
— Е, бұ жақта олар нағып жүр?
— Итiм бiлiп пе?
Олар әлгiлердi өкшелеп қуа беруге батпай, соңдарынан бiраз жерге дейiн ерiп жүрдi де,
алдарындағы бiр топ салт аттының ендi Ырғыз жағына қарай тура салғанын көрiп, ат басын iркiп, бiраз
тұрды. Сосын оларды қуалай бергеннен түсер пайда жоқтығын көрiп, амалсыздан керi қайтты. Келiп,
батырға көрген-бiлгендерiн түгел айтып бердi. Дағдарған Төлеу найзасын жерге шаншып қойып,
күректей қолымен шекесiн қасыды. Сирек сақалының бiр талын тiстеп, азырақ ойланып қалды. “Қап,
олар екенiн бiлмегенiм-ай! Бiлгенде, қоршап ап, мылтықтарын тартып алатын едiм ғой”, — деп, кеуiлi
әр саққа қарай шауып, екi көзiн сығырайтып, әрi-сәрi болды. Сосын ақылға кеп: “Қой, үйтiп басымды
дауға шатып нем бар? Кiлең жарақты кiсi менiң сойыл, шоқпарыма бел бере ме? Олар мылтықтарын
тарс-тарс атқанда, мыналардың құты қашып кетер. Онан да осы олжаны бұйырсын де”, — деп, қолын
бiр сiлтедi де, жiгiттерiне қарап ым қақты. Сол екен, ошарылып тұрған үлкен топ iлгерi қарай жүре
бердi. Күн еңкейе кiлегей тұзы ақ кебiртектенiп сыртына шығып жатқан ащы бiр көлдiң жағасынан
Қырға қарай ұзап шығып, сексеуiлмен шегенделген бiр күдықтың басына кеп қонуға бекiндi. Төлеуден
пәрмән болғасын, жiгiттер аттарынан жапырлап түсе бастады. Күнi бойы шөлдеген көлiктерiн
суғарып, ұзақты күнге ат белiнен түспегендiктен құрысып қалған тақымдарын жазысып, дереу кешкi
тамақтың қамына кiрiсiп те кеттi.
* * *
Ақкербез жөндеп тамақ iшпедi. Күйiк исi шыққан отқа қақталған еттен аузына бiр жапырағын
салды да қойды. Ендi қалған жағдайы не боларын ойлап, жалпылдақ отын лаулап жанып жатқан
жерошақтың жанында селсоқ отырып қалды. Өз пайымдауынша, Шолпан әлi ел қарасына жете қойған
жоқ. Өжет, тентек қыз бағана қара намысқа басып кеттi. Өзi жолды жөндеп те бiлмейдi. Кәзiр далада
қасқыр деген жаудай. Албырт қыз жол таба алмай адасып, иен далада аш бөрiнiң жемi болмаса жарар
едi? Бөрiнiң? Оның екi аяқты адам бөрiсiнен айырмасы қайсы? Мiне, өзi де даланың бiр қасқыры
мойынын қайыра сап, арқасына салып ап ала қашқан тоқтыша бiр әңгүдiктiң шылауында байланып