Стр. 9 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

8
атқосшыларынан сұрап бiлдi. Ол сиыр сәске әлетiнде Нұрғазы сұлтанның өзiне арнайы тiгiлген алты
қанат ақ үйге кеп түскенiн естiдi. Және бiр естiгенi — Әлiм, Шөменнiң игi жақсылары сұлтанға
сәлемдесуге барып жатқан көрiнедi. Көз ашқаннан төре тұқымын сыйлап әдет алып қалған ел әлге
дейiн сұлтан десе, құлдық ұрып бағады. Әсiресе, мына Нұрғазының жөнi бөлек. Оның арғы атасы
Әбiлғазиз бiр кезде Аралдың арғы бетiндегi Кiшi Борсық құмын жайлаған қалың Шектiге хан болған
едi. Өз әкесi Арынғазы Сыр өңiрiнде ақ патшаның хандықты жойғанына қарсы шығып, миләдий 1816
жылы Кiшi Жүздiң ханы атанған болатын. Ол сонда Нұралы баласы Қаратай сұлтанмен тiзе бiрiктiрiп
жiберiп, Бұхара, Хиуаға қатынап жатқан орыстардың сауда керуенiн тонап-талап, бiраз жыл ат белiнен
түспеген. Ақыры Iшкi орда жақтағы ақ патшаның қысымына шыдамай, Қаратай сұлтан Ресей жағына
шығып кеттi. Ал Арынғазы болса, ақ патшаның шақырғанына құдайдай сенiп, миләдий 1821 жылы
Петербор асып, Калугаға жер аударылып, сонда өлдi. Нұрғазы содан кейiн хан болам деп талап қылған
жоқ. Ол бар-жоғы сұлтан атын қамытқа тоқ санап, елдiң жыл сайын беретiн сойыс малына ырза боп,
тиыш өмiр сүрдi. Бiрақ әкесiнен қалған хан атағы бұған да жапсырылды. Ақырында сол дақпырт, атақ-
абырой мұны да тиыш жатқызбай, оны қайтадан үйiрiп әкеп тығып, шырғалаңға салып кеп жiбердi. Ол
бiрнеше рет түн жамылып, сайдың тасындай қарулы жiгiттерiмен Ресейдiң сауда керуендерiн тонап та
алды. Бiрақ онысын еш жан сезбедi. Өз есебiнше, ол ұрлығын ақ патшаның өзi де бiлмеуге тиiс. Бұл
сырт көзге тиыш жатқан боп көрiнiп, түн жамыла неше түрлi әрекеттi өрбiтiп жатып алып едi. Мұның
сонысын бiлмейтiн былайғы қалың елдiң арасында бұл әлге дейiн сыйлы. Ханды көрген жерде жалпақ
жұрттың: “Алдияр, хан ием”, — деп құлдық ұрып жатқаны. Бүгiн де талай жалпылдақ сұлтанның
қолын алып, шыққан болар. Жәнiбек Нұрғазыға құлдық ұрмаса да, армасын айтып шыққанды жөн
көрдi. Сосын тез жиналып, бұдан асқан ыңғайлы сәттi таба алмаспын деп, қырық шақты үйдiң
көрнектi жерiне тiгiлген ажарлы ақ ордаға барды. Iште кiсi қара толып отыр екен.
— Асалаумағалайкүм, — деп ол Нұрғазыдан бастап, ақсақал, қарасақалдардың қолдарын тегiс
жағалай алып шықты.
— Бұ қай бала? — деп сұрады дөңбектей боп жатқан бiр қара шал жанында отырған бiр кiсiден.
— Мамырайдың Жәнiбегi ғой.
— Е, ана молда ма?
— Дәл өзi.
— Қарағым, кел, ана йерге отыр, — деп, ас иесi Мiрәлi оған орын көрсеттi.
Жәнiбек Ережептiң жанына кеп, қатар малдас құрды.
Ортадан сәл биiктеу келген, ақ сары, жирен мұртты Ережеп сабырын шашпай, маңқиып отыр.
Бұған үнемi күлiп тұратын көзiнiң қиығын тастап:
— Уағыз тыңда, — деп, мұртынан күлдi.
Жәнiбек Нұрғазының оң жағында тiп-тiк бойлы, арық, ақ кұбаша келген Әбдiржан молланың
отырғанын ендi аңғарды. Ол о дүния, ақирет сапары жайлы ескi әңгiменi асықпай сабақтап әңгiмелеп
отыр екен. Дiндәр шалдар көздерiн жұмып: “Иә, Алла”, — деп бастарын шұлғып қояды. Малдыбай,
Сағынай, Тоғанақ батыр, Әбдiраман, өз әкесi Мамырайлар түндiгi жартылай ашық ала көлеңке
қараүйде жүздерi күңгiрт тартып, уағызға мүлгiп қалған. Тек Елмырза төре ғана түсiн алдырмайды. Ол
онсыз да қысықтау көзiн одан әрмен қыса түсiп, қара бұжыр бетi сұрланып, желбау байланған көп
уыққа ойлана қарап қалыпты.
Сөз ендi бiрде Нұрғазының ойға алған сапарына қарай ойысты. Осы төңiректiң ақсақалы боп
саналатып кесек денелi, ақ сары шал Сағынай қалың сақалын быртық, добалдай саусақтарымен сипап
отырып, Нұрғазыға қарай бұрылды:
— Хан ием, шариғатта бес парыздың бiрi қажыға барып қайту делiнген едi. Сiз мұсылман
қауымының сол әдетiн қойып, ана кәпiр билеген Петербор жағына барады екен деп есiттiк. Есiткен
құлақта жазық жоқ. Соның рас, өтiрiгiн бiле алмай, мына жұртшылығыңыз дал боп отыр. — Гүжбан
мойынды шал сұлтанға бүткiл денесiмен бұрылып, еңсерiле қарады. Ол мына отырысымен хан мен
қарадан етек-жеңiн жинамайтын жағдайын аңлатқандай боп, бiр түрлi айдыны таса түсiптi.
Шарғалау Нұрғазы қолдан жасап отырған сабырын шашпай:
— Сөз жоқ, қажыға бару исi мұсылманның мойнындағы қарыз ғой. Кейде тiршiлiгi құрғыр со
қарызыңды өтеуге пұрсаңды келтiре де бермейдi. Ал ақ патшаның маған арнайы шабар жiберiп,
пайтақтына шақырғаны рас,— дедi.
— Сонда... орыс патшасы не дейдi?
— Оның не дерi бар ма? Кәзiр орыс орам ала бастаған заман емес пе? Ақ патшаның алашқа қай бiр
ет-бауыры елжiреп бара атыр дейсiң? Оның көкейiн тесiп тұрған қорадағы қойымыз, желiдегi
жылқымыз, ен жатқан жерiмiз шығар.
— Оныңыз рас.
— Жарықтық, хан ием, бәрiн айтпай, әр жағымен, көрмей-ақ бiлiп отыр екен-ау, — деп, шалдар
жағы ырза боп, қауқылдасып бара жатыр едi, қызылбет Малдыбай қолын жоғары сәл-пәл көтерiп
алды:
— Сонда ақ патша өз ниетiн ашықтан-ашық айтып отыр ма?
— Ояғын... өзi... ашық айта қояды деймiсiң. Әлi жеткен алып та жығады, шалып та жығады деген
емес пе? Оның берсең — қолыңнан, бермесең — жолыңнан деп тұрған ыңғайы бар-ау дейiм.
— Апырмай, ә?! Сонда оған алты алаштың үш арыс қауымы көне қояр ма екен?
— Көнбегенде не iстейдi? — Нұрғазы Малдыбайға көзiнiң астымен сынай қарады.
— Ау, iргелi елмiз деп оңашада күпсiгенде пәледеймiз. Ә десе‚ мә дейтiн телi мен тентекке
Алшынды оу баста құдай кенде қылмаған. Солар ел шетiне жау келгенде қарап қалар деймiсiң? Әлде...
бiздiң үйдiң бiр жаман көпегi бар едi. Өзi әшейiнде бөрiбасар секiлденiп, дүрдиiп жүредi. Ал қойға
қасқыр шапқанда, бөксесiн жартылай үйге тығып тұрып үрушi едi, — деп, ол сөзiнiң сонын жұтып,
қасындағы құс жастыққа көлбей кеттi.