80
* * *
Бүгiн батырдың аяқ астында шала бүлiнiп, шатырын тiктiрiп, қойнына қыз алып жататынын бiлген
бiр-екi қу жiгiт Ақкербез iшке кiрген бойда-ақ, осы iргеге кеп, тың тыңдап жатқан болатын. Олар
екеуiнiң айтқан сөздерiн естiп, әр бiр сытыр еткен дыбыс шықса болды, бiрiн бiрi түрткiлеп, сандарын
шымшыласып, үнсiз күлiсiп, рахаттанып жатқан-ды. Кенет iрге жақ ашылған кезде, олар жалма-жан
орындарынан тұра-тұра салысып, қашып бердi.
* * *
Төлеу батыр қараңғыда олардың кiмдер екенiн байқай алмай да қалды. Ол безiп бара жатқан Шектi
жiгiттерiнiң соңдарынан сығалап ұзақ қарады да, орнына тiктелiп отырып, басын шайқады. Сосын
мұның жүзiне аңтырыла қарап, қуыстанарлықтай ештеменi байқамағасын, кенет ештеме де айтпастан,
қолына көйлек-шалбарын алып, шатырдан сыртқа шығып жүре бердi. Ол табалдырықтан аттай бере
есiк алдында тұрған күзетшi жiгiтке:
— Жан баласы жолаушы болмасын! Әгәрдә... күдiктене қалсам, басыңды алам! — деп, сұқ
саусағын безей сiлтеп, мұны күзетудi оған қатты тапсырды да, аты жайылып жүрген жаққа қарай
аяңдай жөнелдi.
* * *
Ақкербез қуанғанынан жылап жiберуге шақ қалды. Ол шатырдан шығып бара жатқан морт мiнездi
батырдың соңынан бiр түрлi ырза бола қарады. Сосын бiр демде әлi құрып, құр сәлдерi қап, жерге
төселген киiзге жантая кеттi. Сол арада аздап басы айналған сияқтанды. Ол басын қос қолымен қыса
ұстап, уқалап, бiраз уақыт шатырдың ағараңдаған төбесiне қарап, самсоз боп жатты. Содан кейiн
ортада жайнап жатқан шоққа ұзақ тесiле қарады. “Осы ыссыда шоғы несi?” — дедi iшiнен. Шамасы,
батыр шатыр iшi жарық болсын деген-ау! Әлде оның бойынан жылуы қаша бастаған ба? Әй,
құрысыншы! Ол ендiгi қалған жерде өз жағдайының не болатыны жайлы ойлай бастады. Жарайды,
Төлеудi бiр қайымын келтiрiп, ұтырлы сөзбен тоқтаттың. Ал ертең ол тоқалдыққа шындап алғанда
қәйтпексiң? Одан қалай алдап-сулап құтыласың? Жалпы ол өзi мүмкiн бе? Одан кейiн тесiк мойшақ
сықылды боп қалған мұны Жәнiбек кәйтсiн? Ол сол сәт қыз дәуренiнiң көктем айларында ертерек бой
түзетiп шыға қалған қызғалдақша бiр салтанатын құрып, тез арада аңызақтың ыссы лебiне шыдамай,
тез сола қалатын бiр жайы жөнiнде ойлады. Өзi сияқты әлi он екi де бiр гүлi ашылмаған науша қызды
қандай содыр кiсi ожар қолмен жұлып ап, иiскеп боп, былай лақтырып тастап салмайды? Ендi өзiне де
сондай тура құрықтың дәлдеп келiп түскенi ме? Әлде, әлде...
Ақкербез әбден шаршағанын сездi. Ол көзi кiлгiрiп бара жатып, бiр рет селк етiп оянып кеттi.
Сосын әлденеге Төлеу батыр салдырған төсектi қайыра жиып тастап, ақ киiздiң шетiне киiмшең қалпы
қисая кеттi. Ол аяғын ақырын ғана созып, көк сауыр биiк тақалы кебiсiнiң басына дейiн жететiн үш
бүрмелi көйлегiнiң етегiн төменiрек түсiрiп қойды. Сосын бiр қырындап жатып, көзiн жұмды. Бiр рет
Төлеудiң жаңағы жас балаша қысылып-қымтырылған кескiнi көз алдына кеп, сүйсiне күлiмсiредi...
24
Ертесiне суыт жорықта ат белiнен түспей шаршаған қол күн көтерiле орындарынан шаққа дегенде
тұрды. Ас iшiп, өзек жалғағасын, қайтадан жолға шықты. Бүгiн Шектi жiгiттерi кешегiдей суыт емес,
астарындағы аттарын қызылмай етпей, ауанымен жүрiп отырды. Олар ертеңiне де олар сол жүрiстен
танбады.
Бiрнеше күн қатар ер үстiнде отыру Ақкербезге қатты батты. Белi айналып қалды. Тұла бойы сең
соққандай ал-сал боп, қары талып, тiзгiндi қолына шаққа ұстап отыр. Анда-санда қол алдында дара
шығып, жеке тартып келе жатқан Төлеу батыр бұған қайрылып соғып кетедi. Өзi әнеукүнгiсiнен
ыңғайсызданатын болса керек, мұның қасына аса жақындамай, бiр түрлi боп қысыла жымияды.
Әшейiнде түгiн сыртына шаншып, жан адамға iшкi жылуын көрсетпей, қабарып тұратын жүзiне күлкi
табы тепкенде, доғал кiсi бiр түрлi қызық боп көрiнiп кетедi екен. Бұл Ақкербездi шынымен шошытты.
Iшкi әлдеқандай сезiгiмен мына кiсiнiң алдыңғы күнгiдей жәй нәпсi буына елтуi емес, өзiне деген
айрықша бiр ықылас, ниетiнiң оянып кеткендiгiн зайыр аңғарды. Онысын Төлеу бiр-екi рет
аңқаулықпен сездiрiп те алды. Оның дап-дардай басымен қол алдынан әдейi бұрылып кеп, атын
мұнымен қатарластыра жүруi келе-келе Шектi жiгiттерiне де оғаш көрiне бастады. Ақыры бiрi шыдай
алмай, терiс айнала берiп мырс ете қалды. Оған екiншiсi, үшiншiсi қосылды. Содан кейiн табандары өз
жерлерiне iлiккен Шектi жiгiттерi ендi еркiнсiп, Төлеу батырдан онша айылдарын жия қоймай,
айбынбастан ашықтан ашық қылжақтай бастады:
— Төке, осы тоқал байдың бауыр етiнен жаралады деген рас-ау, а?
— Е, сен қалай деп ең? — дей бердi де, Төлеу тiлiн тiстей қойды.
— Өзiм де солай ғой деп ем, — деп әлгi қуақы қылжақбас жiгiт бiр мырс ете қап, әрi қарай
бұрылып кеттi.— Жеңiшемдi бiреу жеп қоятындай айналшықтай бергенiңiзге қарап... кiсi... өзi... тура
жолдан шыға жаздайды екен..
Ақкербез дем арасында жүзiне ашу оты шатынай ойнап шыға келген Төлеуге сәл-пәл үрке қарады.
Оған батыр кәзiр мына қылжақбас жiгiттi тапап тастайтындай көрiнiп кеттi. Бiрақ, неге екенi белгiсiз,
Төлеу оның сөзiн естiмеген кiсiше басқа жаққа қарап, атын тебiне бердi. Ат басын кегжитiп алып,