81
күрек тiсiн көрсете басын бiр шұлғып алды да, әмiрлi қолдың дегенiне көнiп, шоқырақтай жөнелдi. Ол
сол пәтiмен таяқ тастамдай жерге жете бере оң аяғын бiр iндiгешке тығып ап, алға қарай ерiксiз
еңкейiп кетiп, омақаса құлады. Аңсыз отырған Төлеу ұзын бойы серең етiп, жерге ұшып түстi. Найзасы
қолынан шығып кеттi. Ол жалма-жан орнынан ұшып тұра кеп, айыптымын дегендей өзiне одырая
қарап тұрған атын бiр боқтап, оны қолындағы қамшысымен сауырынан шықпыртып бiр тартты. Сосын
ерге қайта қонып, найзасын алдына кесе көлденең өңгерiп ап, қол алдында тартты да отырды.
Соны көрген Ақкербез әлденеге қатты тiксiнiп қалды. Бiрақ оған қарап жатқан ешкiм де болмады.
* * *
Сыңсыған мал айдап келе жатқан қалың қол ертесiне күн еңкейе бере Кiшiқұмның әлi оты тоза
қоймаған бiр жықпылында отырған Төлеу батырдың ауылына кеп құлады. Олжалы қайтқан
жорықшыларды бала-шаға алдарынан жүгiре-жүгiре шығып, айқайлап, сандарын қолдарымен
шапаттап қарсы алды. Оларға өрiстен құлаған қой-ешкi, жамыраған қозы-лақ үнi, самбырлай
сөйлескен кiсiлердiң дауыстары қосылып, демде малды ауылдың дағдылы тiршiлiгi басталды да кеттi.
* * *
Ақкербездi өзiне арнайы тiгiлген жеке отау үйге түстi. Белi үзiлiп, қары талып қалған ол күнi бойы
бiр тiзе бүгер сәт болар ма екен деп аңсап келе жатқан-ды. Ендi салулы төсек салқын үйге кiрiп, оң
жақта салынған көрпе үстiне бүктетiлiп барып отыра кеттi. Сол кезде iшке аяғын жайқаңдай басып,
бетi шарық табақтай қара тоқал кеп кiрдi. Ол мұның бас-аяғына бiр рет көз тастап қойып:
— Кәне, жас иiсiн көрейiкшi! Оның бiзден артық несi бар екен? Әлде бiр жерi басқаша
жаратылып... — дей бердi де, мұны көре сап, қолымен бетiн шымшып, ернiн сылп еткiздi: — Ойбай-
ау, мынау бiреудiң уыздай жап-жас баласы ғой! Құдай әбiрейiңдi айрандай төксiн! Осыны менiң үстiме
тоқалдыққа алып, ол не келiсем дейдi? Алдымен менi қатырып... алды да, оған жас қыз қалды ма?
Ақкербез тiс жарған жоқ. Ол қара тоқалға бiр рет көз тастады да, жыламауға тырысып, басын
төмен қарай ие бердi. Қара тоқал үйден шығын кеткесiн барып, басындағы үкiлi бөркiн дұрыстап кидi.
Көкiрекшесiн, көйлегiн жөндеп қойды. Сосын бұлай қарай жақындап келе жатқан кiсiлердiң аяқ
тықырын естiп, селт ете түстi. Сол арада iшке малай қатын кiрiп, кебеженiң аузын ашып, саптыаяқты
алып, қайтадан сыртқа шығып кеттi. Ақкербез оның соңынан селқос қарады. Осы кәзiрде өзiнiң не
ойлап, не қойып отырғанын да анық сезiп отырған да жоқ. Ендi бiрде келер күнiн ойлап, анық
тығырыққа тiрелгендей сұлқ түсiп отырып қалды. Кешегiдей сылтау таба алмасын бiлiп, маңдайынан
қара терi бұрқ етiп шыға келдi. Бiр сәт Жәнiбектi ойлады. Оның жылтыраған зерең жүзi көз алдына
көлбеңдеп келдi. Шынын айтқанда, алғаш рет оны ақсүйек ойыны кезiнде көргенiнде, онша ұната
қоймаған едi. Ол басқа жiгiттердей ылдым-жылдым емес, салбөкселеу сықылды. Сөзге сараң. Тек
кейде қатты кеуiлденiп кеткенiнде ғана ашылатыны бар. Ақкербез мұндай кiсiмен ертең бiр түндiктiң
астында түтiн түтетiп тұрып, iшек-қарның араласып тiршiлiк ету деген қиын да шығар деп өзiнше
топшылаған. Содан кейiн бұл Жәнiбектi жазғасалым, көшi-қон кезiнде жол-жөнекей көрдi. Мұның
ауылы қоныс аударып көшiп бара жатып, орта жолда сатырлап жауған ақ бұршаққа тап болып, бiрер
күн ерулеп қалған-ды. Күн ашылған сәтте қасына нөкерiн ертiп, Ақкербез атқа мiнiп, ауыл
қозғалмастан бұрын қырға шыққан. Бiр төбеден асқасын, қыздың көзi жазық беткейде қаптай өскен
көп қызғалдаққа түстi. Атын қамшымен тартып қап, шапқан бойы жетiп келсе, кеше ғана қара жерден
нәр тартып, бүршiк жарып, қан сияқты қып-қызыл күлтелерiн күн нұрына қарай кең жайған
қызғалдақтар қаптай соққан бұршақтан жапырыла жығылып қалыпты. Кейбiреулерi сабағынан үзiлiп,
жерге ұшып түскен. Ендi бiреулерiнiң жапырақшалары түтеленiп, жынды желдiң мазағына ұшырап,
биберекет шашылып жатыр. Қыздар бұршақ соққан қызғалдаққа не iстерлерiн бiлмей қарап тұрғанда,
Жәнiбектер үстерiне сау ете қалған. Жәнiбектiң үстiнде — қазақы жiбек шапан. Басында — дөңгелек
бөрiк. Мұны көрiп, жiгiт астындағы атын ақырын жүргiзiп кеп, сыпайы амандасты. Қан
тамшыларынша қара жерде шашылып жатқан қызғалдақтарды баспай, аулақтау барып тұрды. Ал оның
қасындағы бiр аңғырттау жiгiт мұның нөкерлерiне әзiл айтып тұрып, астындағы атының әлгi
қызғалдақтарды күрт-күрт жегенiне назар аударған да жоқ. Сол екен, одан артық тiлдесуге ұялып,
Ақкербез атының басын керi тартты. Бiрақ жол бойы қара торы жiгiт, үзiлiп түскен қызғалдақтар көз
алдынан кетпей қойды. Өз қыз дәуренiнiң сол гүлдерше тез көктеп, тез үзiлiп түсетiнiн ойлады.
“Неге?” — дедi iшiнен. Оның осылайша оң жақта бұлғаңдап жүре бергiсi бар. Бұла шақтың айрықша
қызығын тұтқыш ұстап, қазан көтерiп жүретiн қарабайыр тiршiлiкке қиғысы келмейдi. Iшiнен: “Адам
баласы қызыққа неге тоймайды?» — деп ойлады. Әлде ол көретiн қызықтың соншалықты келте
болғандығынан ба? Шама-сы, солай-ау! Соның iшiнде мына қызғалдақша жайқалып, қыз
салтанатыңды құрып, қылтиып шыққан сәттегi қызық пен думанның орны бөлек сияқты. Бұл содан
бастап қынама бел көйлекке сыймай, күн санап жетiлiп келе жатқан бәдәнiнiң жалынына күйiп-жанып,
көрпенi кеудесiне қыса түсiп, тұла бойын қуалай ойнақ салған ерсi тiлектiң бiрте-бiрте ықтиярына
қоймайтынын iшкi түйсiгiмен анық аңғарғандай едi. Iштей өзi сонша қорқа күткен күндi санап жүрiп:
“Қашан?» — деп, оңашада өз ойына өзi берiле отырып, жеңгесiнiң отауына кiргенiн аңдамай да қалған
кезi болған. Сосын: “Еркем”, — деп, жақын келген жеңгесiн құшақтай ап, өз сезiмiн қолдан басып,
қайтадан қатая қоятын.
Ақкербез сол далада көрген сәтiнен бастап, Жәнiбектi бiр түрлi жақсы көрiп кеттi. Әсiресе, молла
жiгiттiң шашылып жатқан қызғалдақты атының тұяғына таптатпай, шеттеу барып тұрғаны көз
алдынан кетпей қойды. Соған қарап, қыз iштей шүкiршiлiк еттi. Ертеңдерi басына түсетiн күнiнен
онша қорықпай, жат есiкке бар ықылас, ниетiн осы қара торы жiгiттiң үстiне аударып бара алатынына