82
көзi жеттi. Сүйтiп жүргенде... қапияда қара дауыл қаптай соғып, кешегi тәттi қиялын түп тамырымен
суырып әкеткендей болды. Ендi жынды желдiң ойнағына ұшыраған қызғалдақша мұның басының
тағдырдың тәлкегiне шындап түскенi ме? Ол у iшкендей боп шерленiп әлi отыр.
Ақкербез түнiмен жөндеп ұйықтай алмады. Тамақты да оңдырып жеген жоқ. Неше түрлi түс көрiп,
әлма-һәл шошып ояна бердi. Кеудесiн қысқан құса iшiн жандырып жiбердi. Айрықша бiр шер ащы
запыранша кетпей қойып, кеуiлiн уға айналдырып тұрып алды.
Ол ертесiне кештеу тұрды. Мал өрiске кеткесiн, ауылдың кәдiмгi дағдылы тiршiлiгi басталды.
Қатындар айран пiсiп, бие сауып, жүн түтiп, абыр-сабыр болып жатыр. Сырттан сүйек-саяққа таласқан
көпек иттердiң ырылдасқан даусы естiледi. Кеше келген бойда-ақ Ақкербез Төлеу аулында иттiң өте
көп екенiн бiрден байқаған. Үй бас сайын үш-төрт ит болса керек, сақал-мұрты тебiндеп қалған
бозбалалар кешкiсiн ауылдың сыртына шығып, жарамды иттерiн бiр бiрiмен таластырады екен. Қай
жеңгенiн мақтап, оған тамақты көбiрек бередi екен. Бүгiн бозбалалардың iштерi пысса керек, күн
арқан бойы көтерiлмей жатып, дағдылы ызы-қиқуын бастап та жiбердi. Қара ала көпек пен қызыл
қаншықты орталарына алып, басқа иттердi жолатпай, ұйықтырып жүр. Аздан соң олардың көктен
тiлегендерiн жерден берiп, қара ала төбет пен қызыл қаншық iлiнiстi де қалды. Көздерiнде нәпсi
ұшқыны жылтылдаған жiгiттер тарқ-тарқ күлiп, екi иттi қуалап, әп-сәтте ауыл үстiн айғай-шуға
толтырды да жiбердi.
Ақкербез түрулi есiктен бәрiн көрiп отыр. Мiне, өз отауынан Төлеу шықты. Ұзын бойы өңкиiп,
жiгiттерге, бiр нәстеден жазып қалғандай боп, сарғыш көздерi мөлиген иттерге одырая қарады. Сосын
әлденеге ырза боп кетiп, күректей қолымен екi санын шапаттады.
Иттер ауыл сыртына қарай ығысып кеткесiн, iшкi бiр жiгiт кiрдi. Ол Ақкербездiң бетiне күле қарап:
— Батыр шақырып атыр, бол, жүр, — дедi.
— Жәйша ма? — дедi Ақкербез әлден абыржи бастап. Өзi оның жауабын күтпей, орнынан
қолымен жер таянып тұра бердi.
— Оны... батырдың өзi бiледi, — деп, жiгiт еркек пенен қатынның арасында басқа қандай шаруа
болушы дегендей жымысқылана күлдi.
Ақкербез дем арасында шытына қалды. Онымен артық тiлдеспей, сыртқа шықты. Оқалы кебiс
киген аяғын баппен басып, осы ауылдың ортасындағы ең сәндi үйге қарай беттедi. Жолшыбай ойы
сан-саққа жүгiрдi. “Шыныменен, қор болғаным ба? Осы... не амал ойлап тапсам екен?”. Ол тығыз-таяң
сәтте басына жөндеп ақыл кiрмей қойғанына таңғалды. Үлкен отауға жақын келгесiн, бойын тiктеп ап,
iшке сызыла кiрiп, төменгi жаққа келiп отырды.
Iште Төлеу және де осы ауылдың бас көтерер бiр-екi кiсiсi қымыз iшiп отыр екен. Төлеу бұны
иегiмен көрсетiп:
— Осы,— дедi жанындағыларға қарап.
Олар әккi кiсiлер болса керек, қамшы салдырар емес:
— Дұрыс екен!
— Талабың оң болсын!
— Нағыз ақ қатын болайын деп тұр екен!
— Әне-мiне деп жүрем бе, бүгiн-ақ ақ некесiн қидырсам ба дейiм, — дедi Төлеу көтерiле түсiп.
— Е, оған не сөз бар? Олжа өзiңдiкi. Оны сенiң қолыңнан кiм алады?
— Әйлә-пәйлаға қарама!
Олардың сөзiн естiп, Ақкербез дем арасында құп-қу боп кеттi. Бiрдеңе деуге тiлi байланып
қалғандай үнi шықпады.
Осы кезде шеттеу жерде отырған күйек сақал, мосқал тартқан қара кiсi қабағын сәл шытынғандай
болды. Ол Төлеуге тура қарамай, ойланып отырып:
— Батыр, — дедi. — Сен осы iстегенiңнiң артын ойладың ба? Бiр ауыз сөзге бола бүлiнiп, қатар
жатқан елдi шауып келдiң. Ендi, мiне, сол елдiң қызын алмақшы боп отырсың. Сонда мұның соңының
немен бiтетiнiн қара ақылыңа салып көрдiң бе?
— Е, оның не салатыны бар? — дедi Төлеу адырайып. — Немене менi Көнектердiң бiр
шүйкебасын сонау ит өлген жерден қатын қылмай, ажарына қарап отырайын деп әкелдi деймiсiң?
Түбiнде алатын болғасын, бүгiнi не, ертеңi не? Игiлiктiң ерте-кешi жоқ деген...
— Ол дұрыс қой, — дедi қара кiсi оның бетiне қатты келмей, майдалай сөйлеп. — Алуын аларсың-
ау. Оған кiмнiң таласы бар? Тек ертең Шөмекейлер қалың қолмен келсе, не iстейсiң?
— Өй, қой оларды! Қайдағы қол? Мал баққан жаман, жуас Көнектерге сойыл ұстап, ат белiне қону
қайда? — деп, Төлеу қолын түңiле сiлтеп, кеңк-кеңк күлген болды.
— Ол рас.
— Өй, олар не қарық қылар дейсiң, — деп, осы кезде батырдың жанында отырған екi жалпылдақ
қосарлана, оны қоштап сала бердi.
— Қайдам, — дедi мосқал кiсi әлгi екеуiн жаратпаған пiшiнмен. — Шөмекейлердi жуас деуге
болмайды. Атақты Шобдар Алмат сардар сол өзiң айтып отқан Шөмекей емес пе? Онан бергi Балқы
Баубек пен Тоқым тыққан Қыстаубайды, Сарғасқа Тоғанас батырды қайда қоясың? Үйтiп батыр
санассақ, түбi қиын боп кетедi. Одан да, — деп, әлгi кiсi кiдiрiп, батырдың жүзiнге барлай қарады.
— Не одан да? — дедi Төлеу ақия түсiп.
— Одан да бар ғой, батыр, сабыр айлайық. Алды жөн, арты шиыр бiр шаруаға ыссылай кiрiсейiн
деп отсың ғой дейiм. Судың да сұрауы бар деген. Сонау Жаманқаладан Сырға дейiн тарыша шашылып
жатқан Көнектер де — бiр тайпы ел. Немене олардың да өзiкiң сияқты намысқа шабары, арға
тырысары жоқ деймiсiң? Қазекеңнiң намысы — сүйегi, ары — қызы емес пе едi? Сен соның бiрiншiсiн
қорладың. Ендi екiншiсiн табан асты етсең, онда өмiрi қандаспай бiтiспейсiң. Менiң айтқанымды
қылсаң, — дедi ол сәл-пәл кiдiрiп, — осы iстiң аңысын аңла.