83
— Әй, ол ақылыңды басыңа майлап жақ, — деп, Төлеу морт кеттi. Оның өндiршегi сорайып,
оралма жағы дiр-дiр ете қалды..
— Онда... патша кеулiң бiлсiн. Тек кейiн айтпады деме. Соңырағы күнi Шөмекейлер қаптап келсе,
жауабын өзiң бересiң, — дедi де, әлгi қара кiсi етегiн қағынып, орнынан тұрды да, тым-тырыс бола
қалған үйден шығып жүре бердi.
Төлеу сұп-сұр боп кеттi. Оның қасындағы екi жалпылдақ та бастарын iштерiне тартып, суық
соққан торғайларша бүрiсе қалыпты.
Ақкербез жаңа бiр әзiрде иман жүздi қара кiсiнiң сөзiне ығланып, iштей қуанып отыр едi. Ендi одан
қайыр болмасын бiлiп, сазарып ала қойды.
Осы кезде ашуға тығылып отырған, бет-аузы шарық табақтай қара тоқал қолындағы көсеумен
мосының астында жатқан күлдi салып-салып қалды. Сол екен, күл бұрқырап, үй iшiн алып кеттi. Қара
тоқал ендi шаңқылдай жөнелдi:
— Ойбай, қу шұнақ. Құдай! Мына әңгүдiк Шектiнiң кiмдi басынғаны, а? Менiң үстiме тоқал
түсiретiндей немене менiң атаңнан атам кем бе, әкеңнен әкең кем бе? Сен батыр болсаң, олар да бiр
ауылдың сойыл-шоқпарын ұстаған! Осыдан бар ғой мен тiрi тұратын болсам, мына жәлептi алмайсың!
— деп, ортадағы күлдi қолындағы көсеумен тағы да салып-салып қалды. Күл бұрқырап, тағы да үйдiң
iшiн алып кеттi.
Төлеу ақиып:
— Әй, сен осы не деп былшылдап отсың? — дедi тоқалына.
— Алмайсың! Айттым болды, алмайсың! Мына жәлептi саған алдыртпайым! — дедi қара тоқал
бажылдап.
— Әй, маған билiк айтатындай сен кiмсiң осы, а?
— Мен бе? Мен, — деп, қара тоқал күйелеш-күйелеш жұдырығымен кебеже сүйегi ырсиып көрiнiп
тұрған арық кеудесiн салып-салып қалды. — Немене сенiң көзiңдi ақ шел қаптаған ба менiң төркiнiмдi
ұмытып? Мен Тiлеу, Қабақтың ең iргелi жерiнiң қызымын. Осыдан мына жәлептi менiң үстiме түсiрiп
көр, ертең ана алты ағама хабар жiберiп, шаңырағыңды ортаңа түсiрмесем бар ғой, мына дүниядан
кәпiр боп өтейiн, — дедi де, қара тоқал ұзын көйлегiнiң етегiне сүрiне-қабына сыртқа қарай ата
жөнелдi. Сол барқыраған бетiмен тысқа шығып, ауылды басына көтерiп, ойбайлап жүр.
Төлеу орнынан үш рет көтерiлiп, үш рет қайта отырды. Бiрақ ауылды басына көтерiп жүрген қара
тоқалына батып ештеңе iстей алмай, добалдай қолы қалтырап, сирек сақалын жұлғыштай бердi. Соны
байқаған әлгi екi жалпылдақ ендi мына от басындағы лаңға араласпайық деген сыңаймен, бiр-бiрiне
қарап, ым қағысып қалды да, әлдене деп мiңгiрлеп, жөндерiне тайды.
Ақкербез не қалудың, не шығып кетудiң ретiн таппады. Бәрiне өзi кiнәлi сықылды қатты
ыңғайсызданды. Бiр жағынан, бетiне жан қарамастай боп қоқайып жүрген мына әңгүдiктеу, құдай
қалай болса солай арбитып жасай салған Төлеу батырды iштей аяды.
Сол күнi ол, неге екенi белгiсiз, бағанағы иман жүздi қара кiсiнiң үйiнде түнедi. Төлеу әлiптiң
артын бағайын деген бе, бұл ертеңiне де сол үйде қонды. Осы жайды ойлай келе, iшiнен Ақкербез:
“Шамасы, Жәнiбек қол алып келе атқан болды. Өзi... келетiн болса, тездеп келмей ме екен?”, — деп,
астыңғы ернiн қаны шыққанша тiстелеп, оны әлденеге кiнәлап, мазасызданып бiттi.
Сол күннен бастап ол оны-мұны сылтау ғып, ауыл сыртында тұрған төбе басына шығып, Сыр бойы
жағына қарағыштай беретiн болып алды.
25
Төлеу батырдың тапа тал түсте Малдыбайдың ауылын шабуы исi Қармақшы, Қазалы өңiрiнде неше
түрлi әңгiменi қоздатты. Бұрынғыны дәрiптеп үйренiп қалған кiсiлер: “Паһ, паһ, ерлiгiңе болайын!
Айылын жимастан екi көзiңдi бақырайтып қойып, шапты да алды”, — деп, өсiре сөз етiп, аяғын ертек
аңызға айналдырып жiбердi. Ендi бiрi: “Иман ойлайтын шағында бала күсап, дау-дамайға
араласқанның несi жақсы дейсiң?” — деп сөкеттедi. Бiр қызығы, бұрындары мұндай ақкөздiктi
ауыздан тастамай, дәрiптеп жыр қылып жүретiн жалпақ ел осы жолы оғаш бiр нәрсенi көргендей, iшiн
тартып қалды. Ағайынның ағайынмен жауласуын оң көрген кiсi бола қойған жоқ. Сондықтан да,
Шектiлердiң соңынан қуатын қол тез жиналды. Тоғанақ батыр исi Аспан, Бозғұлға ұран тастап, ат
белiне қонды. Оған Жәнiбек қолы кеп қосылды. Сол екi арада Қарақ жағындағы қалың Бозғұлдардан
шабар келiп кеттi. Қыстаубай, Сарман, Баубек батырлар да қол құрап жатыр екен. Олар бұлардың iзiн
ала жорыққа шықпақ көрiнедi.
Ертесiне жер қайысқан қол Кiшiқұмға қарай шұбырып түскен соны iзбен жүрiп кеттi. Тоғанақ
алғашында жiтi жүрудi ойлап едi, қалың қолдың етек-жеңi жинала қоймады. Сосын ол қолды екiге
бөлдi. Азық-түлiк артқан түйелер жанында негiзгi салмақты жағын қалдырып, қасына жүз қаралы
жiгiттi iрiктеп алды да, ат белiнен түспестен, Шектi елiн бетке ұстап, тартып кеттi. Содан қас қарая бiр
қоңыр төбенiң баурайына кеп түсiп, аздап аттарын тынықтырып алғасын, қайтадан жолға шықты.
Аралдан әрi асқасын, сайын дала бозаң тартып, жердiң күйқасы қылаңытып сала бердi. Талай
жорықты басынан өткерген Тоғанақ батыр жасы жер ортасына жуықтап қалса да, серiктерiне сыр
бермей, ұзындығы есiк пен төрдей арғымағын көсiлтiп, топ басында тартты да отырды. Сыртынан
қарағанда алып тұлғасы емпiлдеп жортып келе жатқан атының басын түгел жауып көрсетпейдi. Өзi
тоғыз қабат етiп тоқыған болат сауытын киiп алған. Оң қолында — найза. Балдағы алтын аспаһани
қайқы қылыш атының сол бүйiрiн ұрғылап келедi. Осы қалпында мына батырға тiрi пенде кеуiлi
дауалап тие алмастай. Жәнiбек оның тұлғасына сыртынан қызыға қарады. Қанша бiлдiрмейiн десе де,
тақымының тала бастағанын аңдады. Қарағай сапты найза ұстаған оң қолының қары салдырап қалды.
Бiрақ қасындағы жiгiттердiң көзiнше сыр беруге ұялды. Ер үстiнде жөнделiп отырып, тұла бойын ауыр