84
жүкше езе бастаған әлдеқандай бiрдеменi әлмәһәл керi серпе бередi. Бiр жағына көзiне тiрелген ұйқы
да сәл-пәл бей-жай тартса-ақ, өне бойын былбыратып әкете бастайды.
Жәнiбек жiгiттерiнiң арасында — Қалдыбай, Қасқырбай, Елдестерден басқа бiр жiгiт бар. Ол —
атақты Құлқа батырдың жалғыз баласы Қожақ. Екi иығы қақпақтай, кең жауырынды, батық мұрынды,
ақ сұр жiгiт. Көп аса сөзге жоқ. Бiрақ әлемет күштi. Ана жылы бiр даудың үстiнде Құлқаның
қайратының арқасында Сағынай Бозғұлдарға қолды болған қылкүйрықтарын қайтарып алған едi.
Соның өтеуiне деп Құлқа мен Сағынай Қожақ пен Шарапатты бесiкте жатқан жерiнен атастырған-ды.
Содан берi талай жылдың жүзi болды.
Жәнiбек қозғалақтап қойды. Есiне, неге екенi белгiсiз, Ақкербез түстi. Осы қалыңдығын түсiрер
сәтте өзi де әбден ырғалып-жырғалып болды. Ақыры мынадай қиын қыстау жағдайға ұшырады.
Мұның соңы қалай боп бiтерiн оның мүлдем ойлағысы келмедi. Оңтайланып отырып, топ алдында
таудай боп келе жатқан Тоғанаққа көз салды. Елдiң айтуынша, Тоғанақ ат жалын тартып мiнгеннен
бастап, бүткiл өмiрiн жаугершiлiкпен өткiзiп келедi екен. Ана бiр жылы ақтабан шұбырынды кезiнде
Қаратаудан Сырға ауып, Қармақшының маңайындағы шұрайлы өңiрге қоныс теуiп қалған
Қарақалпақтар мен Шөмекейлердiң арасындағы шатаққа араласқан дейдi. Қалмақтан қорлық көрiп
келген Қарақалпақтар өз ағайынымызға келдiк деп шалқаяды. Құйқалы жерден қағылып, малының
қоңы тайған Шөмекейлер терiсi тарылып, ол базынасын көтере алмайды. Ақыры суат үшiн болған бiр
төбелесте екi жақтан да кiсi өледi. Дереу екi жақ та қолдарына қару ұстап, атқа қонады. Сонда Сыр
бойындағы қалың Сарғасқаны жауға бастап барған осы Тоғанақ батыр екен. Сонда қара күрттай
қаптаған Сарғасқаларды көрiп, Қарақалпақтың бiр сойы: “Апырмай, Сарғасқа көп пе, сарғалдақ көп
пе?” — дептi-мiс. Сол соғыста Тоғанақ батыр қарақалпақтың Жабы деген бас батырын өлтiрiп, қалың
қолын тас-талқан қылады. Бұдан қорыққан Қарақалпақтар Хиуа жағына қарай ауа көшедi. Содан берi
Қарақалпақтардың берi қарай аттап аяқ басқанын әлi ешкiм естiген де, көрген де емес.
Қазақтарға өкпелеген Қарақалпақтар да кейiннен ағайындарына ат iзiн сала қоймады. Тек Айдос
бидiң көтерiлiсi тұсында Хиуа ханы Аллақұлдан қорқып, олар қазақтардан көмек сұрады. Бiрақ
азғантай көмек Хиуа қолына төтеп бере алмады. Және де терiскейден ақ патшаның қадалған сұғын
сезген қазақтардың қиын кезде пана сұрар елi — Хиуамен соғысып, ищаласқылары келмедi. Сол
шайқастан кейiн Тоғанақ Қоқанға сардар болды. Ел арасы тиышталғасын, кiшi әйелiмен жеке үй
көтерiп, Қарақ жағында көшiп-қонып жүрдi. Ендi ақ патша орам ала бастағасын, оның да өрiсi тарыла
бастағанға ұқсайды. Батыр соңғы бiр-екi жылда Қырға шықпай, Қызыл жағында қыстады. Жәнiбектiң
таңғалатыны — осындай аласапыран әне-мiне басталады деп отырған кезде Тоғанақтың iшiн бермей,
тым-тырыс жүргенi. Әлде бар ашуы бiтеужара тәрiзденiп, бiр-ақ жарыларын күтiп жүр ме?
Түн ортасы ауа Жетi қарақшы шөмiш сияқты иiлiп барып, терiскейге қарай еңкейе түстi.
Темiрқазық жылт-жылт етедi. Тоғанақ жер шамасын бiр шолып, бұйрат құмның арасына кеп, аттан
түстi. Қызып келген аттардың аузын шөпке тигiзбей, жылы жабулап, солығын алдырды. Өздерi ердi
бастарына жастанып, киiмшең қалпы салқын құмға жата-жата кетiстi. Тоғанақ басы ерге тиiсiмен қор
ете түстi. Басқалары да қорылға басты. Тек қана Жәнiбек ұйықтай алмады. Бағанадан берi көзiне
тiрелiп, бойын ал-сал ғып кете берген қалың ұйқының дем арасында қайда қашып кеткенiн бiлмедi.
Қанша көзiн жұмса да, басына сан-сапалақ, ой топылып кеп, бар санасына сәуле түсiре бердi. Ақыры
болмағасын, ол тас төбеде жыпырлаған жұлдыздарға қарады. Өзi бiлетiн жұлдыздарды шолып көрдi.
Шолпан туатын кез жақындағанын аңғартқандай шығыс жақ аспанның бiр өңiрi күмiс бозамыққа
малына бастапты.
Жәнiбек ендi ұйықтай алмасын бiлiп, орнынан тұрып, атына келдi. Жануар мұны жазбай танып,
ақырын оқыранып қойды. Жәнiбек оның мұздап қалған жалын сипады. Сүйтiп тұрып, жан-жағына көз
салды. Бұл жақтың жерi Сыр бойына қарағанда бозғылт екен. Ауасы салқын әрi саф. Құм арасынан
әлдеқандай шөптердiң ұнамды ашқылтым исi шығады. Жәнiбек кеуде кере дем алды.
Оның жанына Елдес тақап келiп тоқтады. Ұйқысы қанбаса керек, бетiнен қаны қашып, қабағы
кiртиiп кетiптi. Ол құлан иектене бастаған шығыс жаққа қарап, жайындай аузын шықшытын
сытырлата кең ашып, тәттi есiнедi. Алақандай көзiнен бiр-екi тамшы ыршып шыға келдi. Сосын бұған
самарқау көз тастап:
— Бүгiн күн жанайын дей ме? — дедi.
— Шамасы солай, — дедi Жәнiбек оны қоштап. Ол ағасының өзiне оңашада айтпақ әңгiмесi барын,
бiрақ соны қалай бастаудың ретiн таппай тұрғанын байқады. — Неге ерте тұрдың?
— Түк ұйқым келер емес. Сосын.. — Ол бұған ойлана қарады. — Саған айтсам ба деген бiр сөзiм
бар едi.
— О не?
— Осы ғой бiз күн-түн қатып жүрiп келемiз. Сонда ертеңгi жайымыз не болмақ? Жарайды, Төлеу
айдап әкеткен малды қайтарып алайық. Ал, қызды...
— Оны да алып қайтпаймыз ба? — дедi Жәнiбек ағасының көмейiн түсiнiп, әлденеге ыңғайсыздана
бастап.
— Ол дұрыс қой. Бiрақ...
— Иә, — дедi де, Жәнiбек өзi күнi ұзақ ойына алғысы келмеген дүдәмал жайына Елдестi
итермелегенiне ендi өкiндi.
— Сол қызды Төлеу... осы тоқалдыққа алып та қоймады ма екен? — деп, Елдес мұның жанын
қинап келе жатқан күдiктiң үстiнен дәл басты.
Жәнiбек iшiнде өрттей қаулап бара жатқан қызғанышты сыртына шығармауға тырысты. Терең дем
алып:
— Оны... кезiнде көре жатармыз, — дей салды. Сонда да ұры күдiк бiр бүйiрiнде шаншудай
қадалып тұрып алды.