Стр. 86 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

85
Таң қараңғылығы кезiнде олар қайтадан атқа қонды. Тоғанақ батыр ендi өте суыт жүрiп отырды.
Күн қылтия жүз қаралы жiгiт шұбырған iзден адаспай, тура Төлеу батырдың ауылына кеп құлады.
Тоғанақ төбе астында жiгiттердi аттарынан түсiрiп, айыл-тартпаларын жақсылап тартқызып алдырды.
Сосын қолды өзi бастап, төбе басына арғымағын ойнақтатып шыға келдi. Iле-шала дабыл қағып, ұран
тастап, жау келгенiн хабар қылды.
Төлеу батыр да бiр зобалаңның боларын сезсе керек, — дайын отыр екен. Белдеудегi атына мiне
сап, жаңа шығып келе жатқан күн сәулесiне дулығасы мен сауыты жарқылдап, алдағы адырға атын
ойнақтатып шыға келдi. Оның соңын ала, қатқақ жердi ат тұяғымен дүңкiлдетiп, қалың Шектiнiң
жаугер жiгiттерi де қаптап келе жатты. Алда тұрған қанды шайқасты сезгендей, бәрлерiнiң түрi қату.
Қолдарына ұстаған қыл шашақты найзаларының болат сүңгiлерi суық жарқырайды.
Олар Төлеу батырдың арқа жағынан кеп, қанаттарын кеңге жайып, бiр-бiрiне иiн тiресе тоқтады.
Кейбiр әумесерлерi әлден-ақ ұрыс тiлеп, найзаларын көтерiп-көтерiп-ақ алыпты.
Жәнiбек жолшыбай Шектiлер шайқаспас, мәмiлеге көнер деп келе жатқан-ды. Ендi шын қан
төгiстiң боларына көзi жетiп, тұла бойы түршiге түстi. Астындағы атын қамшымен тартып қап, төбе
басында тұрған Тоғанақ батырдың жанына шауып келдi. Елiрiп алған атының басын күшпен тартып,
ентiгiп тұрып:
— Төке, шынымен-ақ соғысамыз ба? — дедi айқайлай сөйлеп.
Тоғанақ бұған жалт қарады. Алақандай екi көзi шапыраштанып, әлдеқандай суық сәулеге толып
кеткен екен.
— Ендi қалай деп ең?
— Аналар... мәмiлеге көнбес пе екен? — деп, ол қолын қалың қол жаққа қарай сiлтедi.
— Мәмiле бабын ойлаған кiсi қол шығара ма? Бұл деген... күтiн боп отырған кiсiнiң шаруасы ғой.
— Төке, егер айып болмаса, мен тiлдесiп көрсем... кәйтер екен?
— Әй, қайдам. Одан не өнер дейсiң?
— Сонда да...
— Жарайды. Бiзден кiнә болмасын.
Жәнiбек дереу найзасының ұшына ақ орамал байлап, өзiнiң елшi екенiн бiлдiрiп, атын тебiнiп
қалды да, ортадағы майданға шыға бердi. Әуелгiде бiр түрлi боп, тұла бойын әлдеқандай суық толқын
қуалап, дiрiлдеп кете берген. Осы жолы да тақымының қалтырағанын байқады. “Маған не болған?”—
деп, өзiн өзi тежеп, оң қолына ұстаған найзасын ауытқытып алмауға тырысты. Дәл ортаға кеп, ат
басын тартты.
Мұны көрiп, Шектiлер де елшiлiкке бiр жiгiтiн жiбердi.
Ол iрi сүйектi, қошқар мұрын сары жiгiт екен. Көк көзi шақырайып кеп тоқтады:
— Иә, не керек?
— Ағайын, мәмiле, — дедi Жәнiбек сабырын шашпауға тырысып.
— Кәне, айта бер.
— Оу, ағайын, қоңсы отырған, түбiмiз бiр аталас ел едiк. Бiр тентегiң сол татулығымызды бұзып,
елiмiздi шауып, малымызды талап, әбiрейiмiздi төктi. Сүйтiп ағайын арасына әрекет кiргiздi. Бiз соның
iзiмен келдiк. Ниетiмiз ел шабу емес, тентектi жазалап, есемiздi қайырып, ағайынмен татуласып қайту.
— Сонда ол кiм тентек?
— Ол — Төлеу.
— Жарайды, Төлеу батырды тентек дейiк. Бiрақ ұлы жиын аста батырға тiл тигiзген сасық байың
да тентек емес пе? Ендеше бiр тентек бiр тентектi шапса, оның несi айып?
— Гәп бұл арада тентекте ме екен? Солардың қырсығынан ел бүлiнiп, ынтымағымыз бұзылды...
— Әй, сен ол мәмiлеңдi бар ғой басыңа шайнап жақ! — дедi Шектi жiгiтi турасына көшiп. — Бiз
Шөмекейдiң қолы келдi екен деп, батырымызды қол-аяғын байлап бере алмаймыз. Одан да тұрысатын
жерiңдi айт!
— Ә, солай ма? — дедi Жәнiбек өз өзiнен қалтырап кетiп. Дем арасында ызалана бастады.—
Онда... қан төгемiз де.
Жәнiбек керi қайтты. Тоғанақ Шектiлердiң жауабын естiп, қолын түңiле сермеп:
— Бағана айтпап па едiм, — дедi. — Төлеудi қой! Не болса, о болсын! Мына ауылды шабамыз! Өз
обалы өзiне.
Ол осы кезде шайқасқа дайындалып, қанаттарын кең жайып, қатуланып алған жiгiттерiне қарап:
— Жiгiттер! — дедi айқайлай сөйлеп. — Мына Шектi ағайын шынымен жаулыққа басыпты.
Мәмiлеге көнетiн түрi жоқ. Ендi қалғаны бiр ғана жол — шайқасу. Кәне, ұрысқа дайынсыңдар ма?
— Дайын-н-бы-ыз! — дедi қалың топ күңiрене дауыстап.
— Ағайынның арын арлаймыз ба?
— Ар-р-л-аймыз! — дедi жiгiттер құм арасын жаңғырықтырып.
— Ендеше... бастаймыз! Иә, биссимил-ләһир рахма-нир рахим! — деп, Тоғанақ батыр дұға оқып,
қолын жайды. Жасақ сапындағы жiгiттер де қолдарын жайысты. Тоғанақ дұға оқып, соңында жақсы
тiлек айтып, қолымен бетiн сипады.
— Иллаһи әумин! — деп қалың жасақ та беттерiн сипасты.
— Иә, Алла, жолымызды оңғара гөр! — деп, Тоғанақ батыр атын тебiнiп қалды да, майданға
ойнақтап шыға бердi. — Әуелi жекпе-жек! Жекпе-жек! — деп айқайлап, найзасын күмға шаншып,
батыр әруағы ұстап, дәл ортада қасқайып тұрды.
Мұны көрiп, Шектi жiгiттерi де қобырласып қап, үйме-жүйме боп, өз ара бiраз қаңғырласты.
Ақыры ортаға үстiне киген сауыты жарқ-жұрқ етiп, Төлеу батырдың өзi шыға бердi. Қолында ұзын
сапты өткiр найза. Оң қарына iлген шоқпары салақ-салақ етедi. Ол келген бойда аса жақындамай ат
басын iркiп, бұған қаһарлана қарады. Айылын жиятын емес. Тоғанақ ендi бiтiсудiң қиын екенiн
аңғарып, саңқ ете түстi: