86
— Таңдауыңды айт!
Анау да қарсы тiл қатты:
— Сенiң-ақ дегенiң болсын! Ұзақ жолдан ат сабылтып келдiң ғой.
— Жоқ, сен айт! Мен бес қарудың бәрiне оңтайлымын. Арманда өлiп кетсең, ертең жаласына
қалармын.
— Оны кезiнде көрермiз. Онда — қылыш.
— Болсын!
Екi батыр найзаларын жерге шаныша сап, қынаптарынан қайқы қылыштарын суырып-суырып
алысып, бiр-бiрiн түтiп жеуге ыңғайланып, аттарының бастарын керi тартып, бiраз жер кейiн шегiнiсiп
алды. Сосын аттарын қатты тебiнiсiп қап, ақыра айқайлап, қылыштарын жарқылдатып, бiр бiрiне тұра
ұмтылысты. Екi жақта тұрған Шөмекей мен Шектi қолы қатарынан:
— Иә, аруақ! — деп, жамырай шуласа қалысты.
— Иә, аруақ! Дөйт! — дескен дауыс Шөмекей жағынан қаттырақ шығып, елiрiп алған жiгiттердiң
делебесiн қоздырып та жiбердi.
Тоғанақ батыр ағызған бетi жақындап келген Төлеумен қылыш қағыстырып өттi. Өткiр болат
жүздерi шақыр-шұқыр ете қап, әлдеқандай сұсты, салқын сәуле жарқ-жұрқ ете түстi. Олар етi қызып,
елiрiп ала қашқан аттарының бастарын iрке алмай, екi жаққа ағып-ағып өте шықты. Сосын аттарының
бастарын қайта бұрып ап, қаһарланып, жаңадан бiр-бiрiне ұмтылысты. Осы жолы олар ат бастарын
әлден-ақ iркiп, бiр-бiрiне тақап кеп, қалт тұра қап, жылдам бiр қимыл жасасты. Тоғанақ қылышын
оңтайлап көтере берiп, Төлеу батырдың оң иығынан төмен қарай қиялай шаба берiп едi, анау да әккi
екен, мұның қылышын қылышымен қағып жiберiп, өзi сәл терiс жағына қарай ауытқи түстi.
Тоғанақтың қылышы тайып барып, Төлеудiң атының оң жақ шоқтығынан төменгi жерiн тiлiп түстi.
Ышқынған ат ащы кiсiнеп жiберiп, екi көзi алақтап, ауыздығымен алысып, атқи жөнелдi. Оқыс
қимылдан Төлеу батыр ер үстiнен ауып түсе жаздап, шақ қалды. Сол қолымен ұстаған тiзгiннен
айрылмай, денесi ауытқып барып, шаққа дегенде ер үстiнде дұрысталып отырды. Олар тағы да екi
айрылып, бiр-бiрiне шүйлiге берген едi. Осы жолы Төлеу батыр қылышын бiр қайымын тауып, қатты
сiлтеп кеп қалды. Оның қылышы шақыр етiп, Тоғанақтың тоғыз қабат сауытының бiр-екi тiнiн көктеп
өттi. Бiрақ әрi қарай дари алмады. Тоғанақ шалт қимылдап, әлгi қылышты қылышымен қағып жiберiп,
оған тарпа бас салды. Төлеу жаңа ғана қол сiлтеген екпiнiмен алға қарай еңкейген қалпынан керi
шегiнiп үлгере алмап едi. Ендi жан-дәрмен деп, Тоғанақтың жағасына жармасты. Қолынан қылышы
жерге дыңғыр етiп түсiп кеттi. Сол сәт Тоғанақ та қылышын тастай сап, Төлеу батырмен белдесе кеттi.
Оның жағасынан ұстап, қатты ақырып, әуп деп, бiр қимыл жасады. Төлеу батыр зор қуатқа шыдамай,
ер үстiнен аударыла бердi. Сол кезде бұлардың сырт жағынан ұлы дүсiр, үлкен бiр шу, айқайлап
салған ұран естiлдi. Жекпе-жек кезiнде, бұрынғы ұрыс салты бойынша, екi жақ та бiр-бiрiне шабуыл
жасамайтын. “Бұ не?» — деп таңғалыс-қан екеуi қолдарымен ұстасқан қалпы, сол жаққа жалт-жалт
қарасты.
Осы кезде оң жақтағы жазықтан қыл шашақты найзалары қылт-қылт етiп, қалың қол құйғыта
шауып келедi екен. Қол алдында келе жатқан Шобдар Алмат батырдың қатты айқайлаған даусы анық
естiледi:
— Араша! Араша!
Қалың қол ағызып келген бойда, бұлар жаңа ғана ала шаңын шығарып жiберген қан майданға
сыналай енiп, шайқасуға дайын тұрған Шөмекей мен Шектi қолдарының екi арасына сыналап кiре
бердi...
* * *
Екi жақтың қолы керi ысырылып кеткеннен кейiн, Шобдар Алмат сардардың өзi бас болып,
мәмiлелеге келудiң қамына кiрiсiп кеттi. Оның бұйрығы бойынша, ақ үйлер қатар-қатар тiгiлiп те
тасталды. Қонақтарға арналған мал сойылып та жатты. Содан кейiн Алмат Тоғанақ пен Жәнiбектi
арнайы тiгiлген, сегiз қанат, бау-шуы жаңа, жағалай фарсы кiлем тұтылып тасталған ең бiр әдемi үйге
түсiрдi.
Сол күнi қызметшiлер зыр жүгiрiп, оң жақтағы әйдiк қара сабаны пiсiп-пiсiп жiберiп, iшiне майы
туырылған қазы салынып ашытылған бал қымызды ағаш тостағандарға құйып, қонақтарға ұсынып,
тынбай қызмет еттi. Аздан кейiн сыбағалы мүшелерi салынған табақ-табақ ет те келiп қалды.
Сол түнi үлкен үйде Шөмекей мен Шектiлердiң басты-басты кiсiлерi жиналып, мәмiлеге келдi.
Келiсiм бойынша, Төлеудiң шауып алған мал-мүлкi түгелдей қайтарылды. Оған қоса екi елдiң арасына
iрiткi салғаны үшiн Шектiлер айыппұл төлейтiн болды.
Соны естiсiмен Төлеу қап-қара боп кеттi. Жастайынан кiсiден бетi қайтып көрмеген оның
мынандай масқараға көнгiсi келмедi, бiрақ Шектi Шөмекейлердiң қалың қолы мұның мысын құртып
қойды. Шайқасуға ендi шамасы жетпейдi. Бұл сол арада iшiнен Алмат сардарға қатты кек түйдi.
Сүйтiп әрi ойлап, берi ойлап, бiр шешiмге табан тiредi. Сол түнi ол кеуiлiндегi сөзiн айтып, бiр сенiмдi
жiгiтiн мына орыс жағына өтiп кетiп, ақ патшаға қызмет шегiп жүрген Қаратай сұлтанға шұғыл
жiбердi.
Сол күнi Тоғанақ батыр бастаған бiр топ кiсiнi Алмат сардар Ырғыз жағындағы өз ауылына қонақ
болып кетiңiз деп шақырып едi, батыр шаруа бабын айтып, одан бас тартты.
Екi-үш күннен соң Тоғанақ, Жәнiбектер елге қайтты. Сыр бойына жақындағасын, Тоғанақ ырғап-
жырғап келе жатқан ауыр көштiң жанында жiгiттердi қалдырып, сыбай-салтаң жүргендi мақұл көрдi.
Жәнiбек те қасына Елдес, Қасқырбай, Қожақ, Қалдыбай, Ақкербездi ертiп, батырмен бiрге кеттi. Арада
екi қонып, олар күн ұясына қона Байқожаның кезiне кеп кеп құлады. Сол жерде Тоғанақ өз аулына
кеттi. Бұлар Ақкербездердi ауылдарына жеткiзiп салды. Сол арада Жәнiбек күйеу салтын ұстап,