Стр. 88 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

87
Малдыбайдың ауылына бармай, жiгiттерiмен Көсеге қарай бет алды. Ол хош айтысарда шақшадай
басыңды шарадай қылған менi ертеңгi күнi жазғырмайсың ба деген күдiкке толы сұрақты Ақкербездiң
өзiне қорқа қараған көзiнен қағып ап, бiр бүйiрiне тығып тастап, Қызылға кете барды.
26
Жәнiбек астындағы атын ауанымен жүргiзiп келе жатып, қайдағы-жайдағы есiне түсiп, ойға батып,
өз-өзiнен тұнжырап сала бердi. Ол кешелерiт Тоғанақ батырдан бiраз жайдың бетiн ашып алайын деп
сұраған едi. Сонда бұл батырдың сөзiнiң ұлы жобасына қарап, оның әлденеге алаңдай беретiнiн
байқаған болатын. Оның айтуынша, ақ патша Сыр өңiрiне қадам баспас бұрын, өзiне қарсы шығады-ау
деген ноқтаға толық кiсiлердiң ауыздарын әлден-ақ ала бастаған тәрiздi. Ол кеше төменгi жақты
орарда да сүйткен едi. Сол айланың аңысына бармай, талай дегдар арқаға жапқан шен-шекпеннiң құлы
боп кеттi. Ағайынды ағайынға қарсы айдап сап, жоқ жерден жiк аштырып, айласы мен қулығын
асырып кеткен ақ патша ел iшiне әрекет кiргiзiп ап, соны татуластырған боп, орам ала қояды. Апырау,
бұл көзi ашық кiсiге айтпай-ақ түсiнiктi нәрсе емес пе? Соны неге қара көлiкке қомпия мiнiп жүрген,
бойы сорайған ел басшылары түсiнбейдi? Әлде олардың түсiнгiлерi келмей ме? Сонда ондайлардың
бар күйттегенi қара бастың қамы, қу қарынның тоқтығы ма? Шамасы, солай-ау!
Жәнiбек бiр сәт еңсесiн тiктеп, жан-жағына самарқау көз тастады. Екiндiге құлаған күннiң қиғаш
түскен сарғыш сәулесiне шомылып, ұлы дала тұяқ серiппей, тып-тиыш жатыр. Шөп бiткен сарғая
бастаған. Әсiресе, жалғыз аяқ жолдың екi езуiнде қаптай өскен қалың еркек пiсе бастаған бастарын
ауырлағандай бiр бүйiрлерiне қарай майысып тұр. Дiңдерi сап-сары. Жәнiбек, Елдес, Қожақ,
Қасқырбайлар сол қалың еркектi аттарымен кешiп келедi. Әр жер әр жерден iнiнен шыға сала, бұларға
таңдана қараған балпақтар көрiнедi. Ара-тұра жандарынан қосаяқтар зулап өтедi. Ойламаған жерден
пыр етiп бөдене ұшады.
Елдес ұзақ үнсiздiктен жалықты ма, бешпентiнiң жан қалтасынан көкнәр салынған қалтасын ап,
оның бiр шөкiмiн аузына сап, талмай бастады. Оның былтыр Қаразым жағына барып қайтқандағы
үйренген өнерi осы. Онда үш ай жатып, шайханадан шықпай, көкнәр iшудi әдетiне айналдырып
қайтқан. Жәнiбек қанша үгiттесе де, ол осы бiр жаман дағдысынан тыйылар емес. Көкнәрдi көп жемесе
де, ара-тұра болса да iшiп қояды. Осы жолы да Жәнiбек оны жақтырмай:
— Осыны ауызға салуға тәбетiң қалай шабады? — дедi.
Боқтампаз Елдес танауы талақандай боп ыржия күлiп, мұны дұрыстап тұрып бiр боқтады да:
— Өй, енеңдi... Молла, молла дегенге, далия берме! Сен бұл көкнәрының қай қасиетiн бiлiп
болыпсың? — дедi.
— Е, оның кiсiнiң миын мәңгiрткеннен басқа қандай қасиетi болушы едi? — дедi Жәнiбек кекетiп.
— Болғанда қандай! Дәл мынадай! — деп, Елдес бас бармағын шошайтып көрсеттi. — Кейде
сiркең су көтермей келе атқанда бар ғой, осыдан iшсең, ақ тер‚ көк тер боп терлеп, құрысқан тұла
бойың былауға түскендей жазылып сала бередi.
— Гәйiп болғасын, сүйтпей, ендi кәйтесiң? Одан сен бар ғой наша шегiп, бәңқор атан.
— Не, не? — дедi Елдес көзiн быттитып.
— Бәңқор деймiн.
— Оны... әлгi нашаңды қайдан табам?
— Баяғыдай Қаразымға не Бұхараға барсаң, табасың да қоясың.
— Апырмай, мынау бiр есте болар нәсте екен. Естiмеген елде көп деген ып-рас. — Елдес шынымен
таңғалды.
— Бiрақ, — дедi Жәнiбек күле түсiп, — сен осы жерге шыққан шөптi аузыңа алмаушы едiң ғой.
— Е, менi шөп жеп, немене мал деймiсiң?
— Ендеше көкнәры да жерден шығады ғой. Тек оның қиыны, — деп, Жәнiбек ерiксiз iркiлдi. Есiне
Бұхара шайханаларында көздерi кiлгiрiп, бастары мәңгiрiп отыратын көкнәрпаздар тұстi. Алғаш рет
көргенде: “Бұ несi?” — деп қатты таңғалған. Кейiннен әуестiгi жеңiп, бiр жiгiтпен бiрлесiп, наша шегiп
көрген. Тамаққа бiр түрлi жайлы тиер қою түтiндi бiр-екi рет iшiне тартып едi, лезде басы айналып
жүре бердi. Көз алды тұманданып, жаңа ғана тас төбесiнде атыластай жарқырап тұрған аспан орнынан
әлдеқандай құдiреттi күш қозғап жiбергендей тоңқалаң асып, аунап бара жатты. Оның есесiне жер
жоғары шығып кеткендей. Жәнiбек иманы тас төбесiне шығып, көзiн жұма қойды. Басы мең-зең боп,
шығып барады. Ол орнынан тәлтiректей тұрды. Шәйханадан шығып, қарсы алдында жатқан шалшық
судан аттай берем деп, зәресi ұшып кеттi. Анықтап қараса, қарсы алдында жатқан шалшық су емес,
шетi-шегi көз жеткiсiз жайқын бiр дария. Мiне, ол соған гүмп бермек. Бiр сәттен соң түпсiз күрдым
мұны әзәзiл құшағына қысып‚ майда қыдықтай күлiп, бұған бимәлiм жаққа қарай тарта жөнелмек.
Жәнiбек шошынып қап, керi шегiне бердi. Басын шайқап-шайқап жiберiп, қайта қараса... дария да,
жаңағы буалдыр тұман да, жойқын су да жоқ. Қарсы алдында лайытқан шалшық су ғана жатыр. Бұған
мына жақта жiгiттер мәз боп күлiп отыр. Осы уақиғаны Жәнiбек серiктерiне күле түсiп, айтып бердi.
— Қойшы, — дедi Елдес екi көзi быттиып.
— Рас, рас, солай болды.
— Сонда.. ол неден екен?
— Оны... өзi... — Жәнiбек iркiлдi. — Мына жаратылыста бәндәға ем де, залал да болатын шөп көп
қой. Бұ да — соның бiрi. Әбу Әли ибн Сина “әл-Қанун фит-тиб» деген кiтәбында осындай мыңнан аса
шөптiң тiзiмiн жасап, әр қайсысының неге ем болатынын айтқан.
— Апырмай, ә?!
— Соны бiлетiн емшiлер кәзiр өзi бар ма екен? — дедi Қожақ сөз қыстырып.
— Неге болмасын? Мына Бұхара, Қаразым, Қоқан, Ташкент жағында жүдә көп.
— Ау, сонда бiздiң молдалардың iшiрткiсi не?