90
туыпты. Сонау бимәлiм алыс жақтан быжынаған сансыз жұлдыз кешкi самал үрлеген сексеуiлдiң
шоғынша маздай ұйтқып, жарқырап барып, iзiнше солғын тарта бастайды. Әсiресе, ана бiр жарық
жұлдыздың жарқырауы ерекше. Ол құдды бiр айналасына бар жарығын шашқысы келгендей маздай
жанып, лыпылдайды да, артынша қуқыл тарта жөнеледi. Оның есесiне жан-жағындағы майда
жұлдыздар бадырая көрiнiп, басқа жұлдыздардың ажарын көмескiлей түседi. Оған селсоқ қараған
Жәнiбек iшiнен: “Қызық екен”, — деп, көпке дейiн екi көзi бақырайып жата бердi. Дәл кәзiр оның
ештеңе жайлы ойлағысы келген жоқ. Өзiн өзi шаққа дегенде билеп, бүгiнгi шатақ жайын ұмытуға
тырысты. Бiрақ та санасының қараңғы бiр түкпiрiнде әлсiз күдiк отының жылт-жылт етiп, оқтай түзу
боп келе жатқан өмiр жолының кенеттен оқ жыланша ирелеңдеп, кесапаты мен қияметi жетерлiк
қалың жықпылға қарай бағыт ала бастағанын зайыр аңғарды. Соған тiксiне қарап, одан бас
тартатындай еш амалы жоқтығын бiлiп, қатты күрсiндi.
ЕКIНШI ДӘПТЕР
1
Ережептiң төбе шашы тiк тұрды. Таң атар-атпастан ауыл шетiндегi жаман шатпадан зарлана
шыққан әйел дауысы инемен шабақтап жатқандай аза бойын қаза қылды. Ол дереу Шәкидi шақырып
алды. Соңғы кездерi алып кел, барып келiне айналған жiгiт iшке кiрерiн кiрсе де, көзi төменшiктеп
жасқаншақтап қалды. Ережеп өз доғының әлi де сыры кетпегенiне iштей ырза боп оған тура қарады:
— Ана келiнге барып айтшы, бүгiннен бастап қақсағанын қойсын. Жанына не керектiң бәрiн бер.
Екiншiгәрi бүйтiп күлқын сәрiден жаманшылық шақырмасын, — деп, ызаланып бiраз түйiлiп отырды.
— Құп, — дедi де, Шәки орнынан түрегеле сап, сыртқа қарай ата жөнелдi.
Ережеп толыса бастаған денесiн бүгiн әдеттегiден тез қозғап орнынан тұра сап, бетi-қолын жуды
да, тездетiп дастарқанға кеп, малдасын құрып, шәй iше бастады. Түйенiң қою сүтi құйылған күрең
шәйды асықпай бабымен iше отырып, дастарқанның бiр шетiнде оқ жыланша қақшиған ақ сұр
Нағимаға ау-тауық көз қиығын салып қояды. Оның сұйық қасын, тымпиған жүзiн көрiп, әлденеге
кеуiлi ауырлай бердi. Қыздай алса да, өзiнiң осы әйелiнен қараптан қарап тiксiне беретiн бiр жайын
ойлады. Сосын жақында Жәнiбектiң Шектi Төлеу батырдың iзiнен қалың қолымен қуып барып,
қалыңдығын алып қайтқанын үйiнде қонақ боп жатқан Әбдiраманнан естiген. Екi бетiнен қаны тамған
ол бiр танауымен мырс етiп: “Апырмай, алақанға өзi түскен қызғалдақты иiскемейтiн еркек... өзi
болушы ма едi?” — деген-дi. Мына сөз жанына майдай жағып кеткен бұл жорта күлiп: “Иiс сезгiш кiсi
тек жата ма? — деген. — Бiрақ көң-қоқырдың арасында туып-өскен аусар неме гүлдiң жұпар иiсiн сезе
қояр ма екен?” — “Неге? Қайта түйе құмалағын асық қып ойнаған перi қызыл гүлдi көре сап,
сағағынан үзiп, тез солдыруға тырысқан шығар”. Ережеп ыржиып екi күрек тiсiн көрсеткен. Ертесiне-
ақ мына от басында айтылған әңгiменiң жалпақ жұртқа дабыра боп, есемелей тарайтынын аңдаған
шынында да айтқаны айдай келдi. Кәзiр екiнiң бiрi: “Төлеу шау тартса да, бiр қыздың гүлiн солдыруға
жарайды ғой. Соны тегiн жiбердi дейсiң бе?» — деп гуiлдесiп жүр. Соны естiп-бiлiп отырып, Ережеп
қара ақылына сап, мұның әлi де дұшпанның белiн мықтап бiр сындырғандық еместiгiн анық бiлдi. Ендi
түнi бойы төсекте аунақшып жатып, кеше жеңгесiн тартып алған Мамырай тұқымынан қалайша есе
қайыру керектiгiн ойластырған. Бүгiн бiр шешiмге кеп, тәуекел қадамға ден қойған-ды.
Iшке Шәки кiрдi:
— Мырза, жарлығыңды орындадым.
— Дұр-рес. Кел, отыр, шәй iш.
Шәки дастарқан шетiне жақындап малдас құрды. Добалдай қолымен бауырсақ алып:
— Бiссiмiллә, — деп аузына салды. Берекесi әлi қайтып көрмеген дастарқан үстiне жатқан сары
май, iрiмшiк, жентке бiр-бiр қараса да, қол соза қойған жоқ. Оған “Алсайшы”, — деп затында сараңдау
Нағима да ықылас көрсете қоймады.
Ережептiң жаратылысында кiсiге үйiрсектiгi жоқ едi. Жәркеленшiлей ыржақтап, тiлi мен жағына
сүйенiп, бiр-бiрiне қылжақтағанды ит етiнен жек көретiн. Ең жақын деген қатарларын да өзiне тым
жақындатпай, онша аса қашықтатпай, әрi-сәрi бiр халде ұстайтын. Мына Шәкидi де өзi отырған
дастарқан басына онша жуыта бермейтiн. Ендi бiр есеппен шұғыл жадырап iрiмшiк, женттi өз қолымен
оның алдына ысырып:
— Ау, алсайшы. Өзiң немене қыз сықылды ызылып, — дедi.
— Жәй. — Көрсетiлген бұл күрметтi өзiне артық санаған Шәкидiң қап-қара қос құлағы дем
арасында қызыл күрең тартып сала бердi. Қара жузiне қан тептi.
— Кәне, ұялма, ал. Жiгiт деген тамақты апырып-жапырып жемес болар ма? Бұ деген сендерге
мүлiк пе? Жiгiт түгел, баяғыда өлгелi жатқан бiр қатын екi тапа нан жеп өлiптi дейдi ғой.
Бұл тағамды алдына тыққыштаған сайын, Шәки онан жаман қысылды. Дембелше денесi
әдеттегiден аласарып, шөге түскен сияқтанды.
Күйеуi ыңғай көрсетiп жатқасын, Нағима да мұздай ақ сұр жұзiн жiбiтiп:
— Алсайшы, — деп, сөз қыстырып қойды.
Ережеп iштей тыжырынды. Бiрақ бет-өңiн тез билеп, iшiнде қорғасынша шөгiп жатқан
жеккөрiнiшiн байқатпады.
— Осы қазақ не деушi едi!? Жарлының бiр тойғаны — шала байығаны дейтiн бе едi... өзi, қалай
едi?