91
— Тойып ал, — дедi Нағима тағы да қосарланып.
Ережеп осы жолы тас тиген кiрпiше жиырыла қалды.
Оның ең жақтырмайтыны — әйелiнiң көре көзге мұның ыңғайына қарай жығылып, айтқан сөзiн
қағып ап, қоса жарысатыны едi. Мұның әр жағында оған әлдеқандай қулық жатқандай боп көрiнетiн.
“Шын ба? Әлде... жәй жарамсақтық па?” Ол ендi үндемей, кесесiн қолына ұстап отырып, қою шәйды
ұзақ сораптап iштi.
Күн қылтия екеуi атқа қонды. Таңертеңгi салқынмен жолды өндiрiп алмақ боп, астындағы жоны
астаудай семiз атын бөкен жүрiсiне сап, лекiлдеттi де отырды. Өзiнен сойыл сiлтем жерде кейiндеп
келе жатқан Шәкиге кiсi екен деп көз салған жоқ. Бiр ауыз тiс те жарамады. Екi көзiн әлдеқандай ой
торлап, ер үстiнде сәл кисайған қалпы, астындағы пырылдай жортып келе жатқан атының қос
құлағының арасында шаншылған төбесiне қадалды. Неге, дедi өзiне-өзi. Шынында да, неге Төлеу
Ақкербездi оп-оңай уысынан босата салды? Әлде Тоғанақтан қаймықты ма? Әй, осы да бiр. Ол қазiр
жақын құдасы Тоғанаққа ренжiп жүр. Кешегi дау үстiнде батыр тым құрымаса желiк буған қарындасы
Балқияға дұрыс басалқы сөзiн де айта алмады. Оның есесiне басын бауырына ап, мына даудамайы көп
дүниядан баз кешкендей момақан бiр халге түсiп, түғжиды да қалды. Бiреудiң шаруасына араласқысы
келмесе, өзiнiң де сүйтiп тақуа бола қалатыны бар едi. Сол айласын ендi өзiне Тоғанақтың iстеп
отырғанын байқап, бұл iшiн тартқан. Әнеукүнi Жәнiбек жiгiт жиып, Шектiлерге аттанам деп жатқанда,
осы сапардан қалсын деп өтiнiш айтып, Шәкидi Тоғанақ батырға жiбермекке бiр оқталды да, iзiнше ол
ойынан айнып қалды. Қешегi даудан кейiн өзiнiң ашық дұшпандыққа шыққанын байқатқысы келмедi.
Дегенмен ол Төлеу батырдың ауыл жағына құлағын түрiк ұстап отырды. Жауласқан екi жақтың
бiтуәжаға көнгенiн естiп мазасы қашты. Әсiресе, Алмат сардардың бұл iске араласқанына жыны келдi.
“Жәнiбектiң жолы қандай болғыш”, — деп, iш жағынан бас көтерген ала күлiк бiр қызғаныш сезiмiне
берiлiп, бiр сәт өз-өзiнен қапа болды. Оның Хиуа ханының бас уәзiрi Ядгарбекке барып тiлдескенiн
естiгенде, қызғаныштан жарылып кете жаздады. Бар ашуын Мiрәлiден алды. Ол шiңкiлдеп:
— Оны... қайдан бiлейiн, — дедi.
— Қайдан бiлгендi қайдан бiлесiң? — дедi Ережеп ақырып. — Ойбай-ау, өзiңнiң басың бар ма?
Жәнiбектiң бас уәзiрге айтатын сөзi белгiлi емес пе?
— Е, ол не дейдi?
— Не десiн, сенi мен менi жамандайды. Сүйтiп, сенен билiктi тартып алады.
— Өй, қойшы, сен де бiр, — дедi Мiрәлi жақтырмай, қолын бiр сiлтеп.
— Оның қоятын несi бар? Сөз жоқ, сүйтедi. Қоқайды сонда көресiң.
— Иә, саған.
— Өй, — дедi Ережеп ағасының келеңсiздiгiне күйiп кетiп. — Ойбай-ау, оны өзiң шақырып
жындысың ба? Үн-түнсiз жатып алмайсың ба?
— Ау, ертең Ядгарбек сұраса не дейiм? — дедi Мiрәлi көзi алақандай боп.
— Оның не дейтiнi бар? Шақырып едiм, келмедi дейсiң.
— Үйтiп дап-дардай басыммен өтiрiк айтып...
— Өй‚ сен де бiр. Өтiрiк алдамаса‚ кiсi ел арқасында жүрiп бола ма? Ретiмен айтылған өтiрiк пен
өсек кейде алтындай шындығыңа бергiсiз. — Ережеп сол жолы келеңсiз ағасынан түңiлгендей болды.
— Ал, сонда, не өнедi? — дедi Мiрәлi түкке түсiнбей.
— Өй, — деп Ережеп күйiп кеттi. — Соған да миың жетпей ме? Арнайы шақырғанына келмегесiн,
Ядгарбек оған ренжiмей ме? Өз сөзiн жерге тастады деп ойламай ма? Сосын...
— А-а, — дедi Мiрәлi мұның қулығын жаңа ғана түсiнiп.
Бұл да Ережептiң жанын мазалаған бiр нәубет болып алды. Есiл-дертi олардың не жайында
сөйлескендерiн бiлудiң үстiнде болды. Шынында да, олар не жайында әңгiмелестi екен? Ережеп
құлағын қаншама жел жаққа түргенiмен, еш сыбыс ести алмай, дал болды. Сосын бiр есеппен кешелерi
Құлқаны азбен алдап қойып, орыс керуенiн Бұхарға жол бастап апар деп, өз басына төнiп келген
қолайсыз мiндеттен құтылып шықты. Сүйтiп артында дүмдi ақ патшасы тұрған Ахиярға да, мам берiп
Құлқаға да ұнап, екi жеп биге шықты. “Кiм бiледi, кейiн замана райы қалай-қалай құбыларын? Үш
күндiгiн ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без деген ып-ырас. Хиуа мен ақ
патшаның арасында шөре-шөре боп жүрiп...”, — деп, ол iшкi ойын шорт үзiп тастап, танауының
астынан әлдеқандай әннiң бiр үзiгiн ыңырси айтты. Сосын еңсесiн көтерiп, соңында үн-түнсiз
салпақтап ерiп келе жатқан атқосшысына бұрылып:
— Осы... сенiн қайын атаңды апарған малыңды алмады дей ме? — дедi жылы сөйлеп.
Шәкидiң жүзi сәл қызарғандай болды. Түрiнен әлденеден қысылғаны, iркiлiп сала бергенi айқын
сезiлдi. Ол күмiлжiп:
— Солай боп қалды, — дедi.
— Е, неге? — дей бердi де, Ережеп тiлiн тiстей қойды.
Ойына ойдан-қырдан ұрлап алдырып жатқан көп жылқы түсiп, iштей бiр түрлi боп,
ыңғайсызданып қалды.
Шәки осы жолы әлденеге батылданып, бiр жағынан аңғырттығы ұстап, Көпжан ақсақалдың айтқан
жауабын бұған:
— Арам малды алмайым дейдi, — деп айтып салды.
Ережеп iштей тiксiнiп, түсi салқын тартып:
— Ар-р-рам дей ме? — дедi.
— Иә, — дедi Шәки артық кеткенiн ендi аңғарып.
— Апырмай, кедейдiң керiнен сақта деушi едi. Солай деп бұрынғылар қалай тауып айтқан, а?
Быламығының бетiн бозарта алмай жүрiп, қарай гөр керiлуiн...
Шәки үндемедi. Бiр жағынан кешелi-берлi қайын атасына деген өкпе-ренiшi жеңiп, екiншi жақтан
өз туысын корлай сөйлеген Ережептiң сөзi жанына батып, әрi-сәрi бiр хал үстiнде қала бердi.