Стр. 94 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

93
әдiлдiк орнатардай, барымызды аузына тосып, жалпақтап бағамыз. Ал шындығына келгенде, олар өз
жерiмiздi өзiмiзге бөлiп бередi. Сонда, — дедi Ережеп даусын соза түсiп, — бiз немене өз жерiмiздi
өзiмiз бөле алмаймыз ба? Бiз немене өз алдымызға, ешкiмге тәуелсiз ел, мәмләкәт боп тұра алмаймыз
ба?
— Мәмләкәт деген не пәле өзi? — дедi Тайпан түсiнбей.
— Ендi.. ол... былай, — дедi Ережеп тыжырынып. Iшiнен: “Мен кiмге сөзiмдi шығындап отырмын
осы”, — дедi де, сол сәт турасына көшiп: — Сонымен, салық жайы ғой, — дедi.
Тайпанның жел қағып, тотыққан қоңыр жүзi лезде қарауытып кеттi. Күректей қолын тертедей ұзын
тiзесiне сап, бiр сәт үнсiз қалды. Екi иығына екi кiсi мiнгендей еңгезердей кiсiнiң сыр сақтайын деп,
аяқ астында тiл-жақтан қалғаны Ережепке бiр түрлi қызық боп көрiнiп кеттi. Қымыздың қалғанын
тауыса iшiп, сыртында әдемi ирек өрнегi бар тостағанды саба жанында отырған тоқалға қарай шиыра
дөңгелетiп жiбердi. Сосын тамағын кенеп:
— Биылғы зекеттiң қарамы көптеу боп тұр.
— Ау, неге?
— Ұлы хан Мұхәммәд-Инақ әскердi қаруландырам деп тiлләға аса қатты мүтәж болып отыр.
— Сол да-ақ осы соғысудан жалықпайды екен, — дедi Тайпан жақтырмай.
— Ол ендi... ұлы ханның өз шаруасы. Бiздiң мiндетiмiз — хан жарлығын орындау ғана, — деп
Ережеп түбi шикi әңгiмеге дер кезiнде тоқтау салды. Әрi мұнысы өреңдi бiл, басыңа пайдасыз бос
сөздiң керегi не дегендiк де едi. Сонан кейiн суық жымиып: — Тәке, осы сiздi қарттық жеңiп, шау
тарта бастады дей ме қалай? — дедi.
— Е, оны кiм айтып жүр? — Тайпан таңғала қарады.
— Кiм болсын, осы ел солай деп гу-гу етедi.
— Е, сонда не дейдi?
— Не десiн? Олар қайраты барында апырып-жапырып жұмыс iстеп, желiсi құтайып едi дейдi.
Ауыр бинет қойсын ба, ендi мойи бастапты. Болмаса мыңғырып жатқан соншама малдың рәтiн көрмей
ме? Рәтi дегенге, ел сарт байыса‚ там салады, қазақ байыса‚ қатын алады дегендi көлденең тартады.
Тәкең сонша малды көбейткеннен не табады? Қарынбай болам дей ме? Болмаса жиған дәулеттiң
қызығын көрiп, жас иiс алып жатпай ма дейдi. — Ережеп қулана, мырс-мырс күлдi. — Соған қарап
айтып жатқаным ғой.
— Қатын дейсiң? Бала-шаға болса, ер жетiп қалды...
— Ойбай, сiзге қатын алып беруден аулақпын, — дедi Ережен қолын сiлкiлеп, жырқ-жырқ күлiп.
— Жәй ғана елдiң пыш-пышы есiме түсiп кетiп... Айтпақшы... Мал демекшi, соның қызығын ана менiң
қатарым Жәнiбек көрiп жүр. Ана Мұғараптың қызының белiнен күшi, бетiнен қызылы кетпей жатып-
ақ, жас иiс алып, қызыққа батып жатыр...
— Ол ендi... әркiмнiң өз шаруасы ғой,— дедi Тайпан бет-ажарын iшкi алабұртқан бiр толқынға
жеңдiрмей. — Бiреу байлық қуады, бiреу дүния қуады. Тiршiлiктiң қызығын әркiм өзiнше көредi. Тек
соның жөнiн, ретiн шатыстырмаса жарайды да.
— Оған не сөз бар? — деп, Ережеп кенет кеуiлi енжар тартып, сөзден кiлт тыйылды.
Ет жеп болғасын, қайтадан қымыз келдi. Сусынға қанғасын, қонаққа төсек салынды. Күнi бойы
жол соғып келген Ережеп жастыққа басы тиер-тиместен тұла бойы ал-сал тартып, басы мәңгiрiп, көзi
кiлгiре бастады. Қабағына әлдеқандай ауыр тұман қонғандай ауырлап сала бердi.
Ертесiне ол орнынан қунақ тұрды. Азанғы шәй үстiнде шаруасын тура айтты:
— Ал, Тәке, биыл зекетке жиырма бес бас мал бересiң.
— Е, о ненiң ақысы? — деп, Тайпан шошып кеттi.
— Малыңыздың санына қарай лайығы сол. Мiне, тiзiм,— деп Ережеп жан қалтасынан араб әрпiмен
жазылған қағаз алып көрсеттi. Онысы Ережептiң жақында ғана iшкi жақтағы бiр туысқанына жазған
хат едi. Хат танымайтын Тайпан ненi аңғарып жатыр деп, бұл кешеден бергi ойлап тапқан қулығы
болатын. — Мынау жалпы малыңыздың саны, — деп ол сұқ саусағымен бiр жердi зiлдiрек етiп түртiп
қойды.
Қағазды көрген Тайпан самсоз боп, не iстерiн бiлмей, апалақтады да қалды:
— Апырмай, бұл оқыған итке дауа жоқ деген рас екен. Менiң құм арасында тарыдай шашылып
жатқан малымның тiзiмiн қалай алып жүр, а? Әлде көрiпкелi бар ма?
— Нағыз көрiпкел осы қағазда, — дедi Ережеп түсiн суыта түсiп.
— Рас болса, рас шығар. Сонда бәрi қағазға түсе қалған, а?
— Е, түспей. — Ережеп мырс еттi. — Сендер құм арасында бұқпантайлап жүргенде, ешкiм бiздi
байқамайды дейсiңдер ғой. Жоқ, Хиуанын, алымдары бәрiн бiлiп, мынадай етiп хатқа тiзiп отыр.
Сонымен...
— Қарағым, қалған жағын өзiн, бiл. Жауға да кетiп жатқан мал ғой...
— Неге жауға? Сонда саған немене Хиуа ханы дұшпан ба? Әлде мұсылман жұрты бiр-бiрiне өш
пе?
— Ойбай, құдай сақтасын! Мен бiр қараңғы надан кiсi, бiлмей тiлiмнен жазып, — деп Тайпан
шошып кеттi. — Ал, бәрiн ал!
— Е, мiне дұрыс, — дедi Ережеп дауысын соза сөйлеп. — Жарайды, ағайын емеспiз бе, мен мына
тiзiмдi ертең жөндеттiрейiн. Он бес бас мал өзiңде қалсын. Қалғанын түгел бересiң.
Бағанадан берi иманы ұшып отырған Тайпанның жузi жадырап, жалпылдап:
— Өй, өркенiң өссiн! Алдыраз болсын! Жағың түспей, жамандық көрме! — деп, берi қарай бiр
ысырылып отырды.
— Тек... ойланыңыз. Жас иiске қимаған малыңыз жаудың алдында кетсе, кейiннен өкiнiшi жаман
болады.