94
— Апырмай, осының ып-рас. Бiз қасқа мал, мал деп өлемiз ғой онан да... — Ол әлденеге кiжiне
сөйледi. — Тап ерегiскенде бар ғой, бар малымды ертең берсем де, бiр тоқал алармын-ау!
Ережеп iшiнен алақанына түкiрдi. Ауылына қарай қайтып келе жатып, күнi ертең алаңғасар
Тайпанның басқа-көзге қарамай, бiр iстi iстеп тастайтынын iштей шамалады. Екi-үш төбеден асқасын,
оған Елмырза төре қарсы ұшырасты. Олар аттарының бастарын iркiсiп, қысқаша амандық-саулық
сұрасты. Ережеп жақында ғана мына Ташкент шәһарындағы Баймырза төреден арнайы шабар келiп
қайтыпты деп ұзынқұлақтан естiген едi. Соның неге жүргенiн бiле алмай, бiраз дағдарған. Ендi
сұлтанның қара бұжыр бетiне сынай көз тастап тұрып: “Әй, кәпiр-ай! Iшiнде ит өлiп жатса да, дымын
сыртына шығармайды-ау! Қу ғой, қу!» — деп ойлап қойды.
— Елеке, алысқа бет алдыңыз ба?
— Жоға. Мынаяққа, — деп, Елмырза қамшысымен Сыр жақты немқұрайлы сiлтей салды.
“Сыр бойында отырған ауыл көп. Сонда оның қайсысы болды?” — деп, iштей ойлаған Ережеп
жорта күлiп:
— Е, онда сапар оң болсын, — дедi де, атының басын бұра бердi.
Ережеп ауылына қарай келе жатып, әлденеге кеуiлi ауырлап, қабағына кiрбiң шапты. Бiрнеше
жалдан асқа-сын, кенет мойнын арт жағына қарай бұрып ап, үнсiз келе жатқан Шәкиге:
— Сүйтiп, атаң бiр кергiген екен ғой, — дедi.
— Иә.
— Кергiген керге жолығады деушi ме едi, өзi қалай, — деп, ол сөзiнiң аяғын жұтып, мұрнының
астынан мiңгiрлеп, әрi қарай бұрылып кеттi. Содан кейiн ләм-лим деп ауыз ашқан жоқ.
Екеуi де үнсiз жүрiп келедi. Тек қана сар желiп келе жатқан екi аттың болат тұяқтарының кебiр
жерге борт-борт тигенi, олардың ара-арасында бастарын шұлғып қойып, пысқырғаны ғана естiледi.
2
Елмырза төре Ташкенттегi iнiсiнен хабар тигесiн, бойына кiсi-қараны онша жуыта қоймай, өзiнше
томаға-тұйық оңашалана берген едi. Iшiнен Баймырзаның ниетiн сарапқа салып көрдi. Ақырында:
“Пұшпақтай жер үшiн қырық пышақ боп жүрген осы хандар тез арада ымыраға келе қояр деймiсiң?
Осы соларда менiң нем бар?” — деп түйдi. Сосын соңғы жылдары бұрынғы ажар-сиқынан айрыла
бастаған өз әбiрейiн ойлады. Кәзiр Хиуа ханының зекетi мен ұшыры дiңкелеткен жұрттың күн санап
апшысы қуырылып барады. Ақсирақ тартқан ел бұрынғыша қыстық азығың деп сұлтандарға сойыс
малын берсе де, қиналып, кiржiңдеп беретiн боп жүр. Ал диқандар орған астығы өздерiнен артылып
жатса ғана, бұған деп бiрдеме ырымдаған болады. Осыны өлшеп-пiшiп отырып, Елмырза кейде
бөлекше, түрi-түсi, жықпыл-жықпылы көп қатыгез бiр замана келе жатқан жоқ па, деп ойға шомады.
Өткендегi мына жалпақ жұртты жалғыз сұраған дәуренiн аңсайды. Не қыласың, оған Хиуа хандары
қатал тыйым салды. Билiктi бiр қолға жиып, Хиуада отырған қаһарлы хан қазақ сұлтандарын тiзгiндеп
ұстап, өзiне тәуелдi етiп қойды. Кәзiр өзi сол Хиуа ханы Мұхәммәд-Инаққа қызмет қылушылардың
санатында. Соның айтқанын қайт етпейдi. Кеше мұны Дадабек Құмқамалға тез жетсiн деп, кiсi
шаптырған екен. “О несi?” — деп таңғалса да, iштей бiр түйткiлдi сезiп, қатты қобалжыды.
“Баймырзаның шабарманы бiреу-мiреудiң көзiне түсiп қалмады ма екен?” — деп, түнiмен абыржып
бiттi. Кәзiрде де сол есiне түскенде, өз-өзiнен қозғалақтап қойды. Судырап шығып кете берген жеңiл,
жаздық жiбек шапанының екi етегiн жинап, қос тақымының астына қысып, ер үстiнде дұрысталып
отырды. Қасында ерiп келе жатқан Шатайға бiр рет көз қиығын салып қойды. Оның екi ұртының iшiне
қарай батып, суала түскен шұқырына қарады. Тура жас баланың жұдырығы сыйып кететiндей екен.
Соған қарап, Елмырзаның күлкiсi келдi. Сосын ол өзiн-өзi зорлап тыйып:
— Жаңағы түлкi нағып жүр екен? — дедi өз ойын басқа жаққа аударғысы кеп.
Сөзкер, бағанадан берi тiлi қышып келе жатқан Шатай әңгiмелесер кiсi табылғанына қанып, тез тiл
қатты:
— Ит бiлсiн бе? Қасқыр қашса да, жортса да, жемтiк жайын ойлайды ғой.
— Ол рас.
— Зекет деп өзi... әбден шаршысына келiп бiттi. Ұрлап жатқан малы аздай, салықтың үстiнен
жонып жеп, пайда тауып жүр.
— Апырмай, ә? — дедi Елмырза төре жорта таңғалып. —Үйтетiндей... өзi... баукеспе ұры ма едi?
— “Мынау ит тағы да мал айдатып алған-ау”.
— Ойбай, Елеке, айтары жоқ, — дедi Шатай қамшы ұстаған қолын сiлтей сөйлеп. — Жаңағы
қасындағы Шәкидiң қара терiн құлақ кестi құлынан бетер пайдаланды. Мынаяғы түрiкмен, мынағы
Ақмешiтке жiберiп, мал барымталап, айдап әкеп жатады.
— Е, солай ма едi?
— Иә, солай.
— Осы сенiң қатының Табын ғой, ә?
— Иә. Елеке, оны неге сұрадың?
— Сонда... Теке Табын ба әлде Мөңке Табын ба? — дедi.
Елмырза ыңғайы келгенде өзiне дүдәмал осы арасын анықтап алғысы кеп. Ол Шатайдың сұрағына
жауап бермей, өзi жауап күте, мойнын бұрып қарады.
— Мөңкесi бар болсын. Онысы бiр қара шаруа ғой. Бiз алғасын, батыр мен телi-тентек көп шыққан
Текесiнен аламыз ғой, — деп Шатай едәуiр көтерiлiп қалды.
— Е, онда ана Бұқарбай батырдың жақындары болды ғой.
— Болғанда қандай. Төрт-бес ата жерде.