Стр. 97 - Ulisel1tom

Упрощенная HTML-версия

96
Елмырза мен Мiрәлi Қаразым жұртының дағдысымен етiктерiн босаға жақта қалдырып, мәсiшең
аяқтарын сидаңдай басып, төрге озды. Дадабек кiлем төсетiп, қазақшалап көрпе жайдырып қойған
екен. Екеуi кең, салқын жайда отырып, шапандарын шешiп, беттерiнен сорғалаған терiн сүлгiмен
рәһаттана сүртiп, күңгiр-күңгiр әңгiмелесiп отырды:
— Апырмай, мынау бiр раһат қой, iшi қандай сап-салқын!
— Айтары жоқ! —дедi Мiрәлi оны тез қоштап.
— Бiз қасқа құрым сасыған киiз үйдiң iргесiн түрiп тастағанға мәз боп, күнi бойы пысынап отыра
беремiз. Ал мына ағайын қалай, ә?
— Пәле ғой, пәле! Қолынан да, тiлiнен де келедi.
— Осы қазақ байыса қатын алады, сарт байыса там салады дегендi кiм ойлап шығарып жүрген, а?
— Елмырза қулана түсiп, кенет түрi бөтен әңгiмеге қарай ауыса бердi.
— Оны... кiм бiлiптi. Өзiң қаяғына жатасың, а?
— Қаяғы несi? Қазақпын да, — дедi Мiрәлi түкке де түсiнбей, екi көзiн быттитып.
— Онда... сарт боп, сенiң салып жатқан тамың жоқ, не қазақ боп, алып жатқан қатының жоқ. Бұл
өзi... қалай болады, а? — деп әккi төре лекiте күлiп, Мiрәлiнiң жанды бiр жерiнен шымшып өттi.
Мiрәлiнiң түрi қап-қара боп кеттi. Аузын аша берем дегенше, Дадабек жақын кеп, жандарына
отырды. Оны көрiп, Мiрәлi кекештенiп қалды. Дадабек сол сәт үлкендiгi бармақ басындай гәуһар
салынған жүзiгi бар қолын жоғары көтерiп, екi алақанын сарт-сарт еткiзiп қалды. Сол екен, iшке аяғын
жеңiл алып, кiлем үстiмен жүзiп келе жатқандай боп, қызметшi жiгiт лып етiп кiрiп келдi. Кәнiгi
машығымен басын иiп, қолын кеудесiне қойып, қалт тұра қалды. Дадабек оған қолымен ишара жасады.
Қызметшi басын иiп, қолын қусырып, көткеншектей бердi де, тез бұрылып, сыртқа шығып кеттi.
Аздан соң неше түрлi дәм мен жемiс дастарқан үстiн көмiп кеттi. Өзбектiң анары мен жүзiмi,
шабдалы мен мейiзi көздi қызықтырып келiп жатыр. Одан соң ортаға буы бұрқыраған, өрiк-мейiз
қосылып, құс етiмен қарашықталған майлы палау қойылды.
— Қурмәтлу миманлар, кәне, алыңыздар, — дедi Дадабек Елмырзаға қарап. — Әрине, мынадай
ыссыда сизләргә бере қоятын қымызымыз жоқ.
— Iждеме етпес, — деп Елмырза палауға қарай қолын созды. — Иә, биссимил ләһир рәхманир
рәһим, — деп қолымен көсiп ап, май палауды аузына сала бердi. Сосын өздерiне осыншама құрмет
көрсетiп, жалпақтап жатқан Дадабектiң жүзiне барлай қарады. Iшiнен: “Мына залым бiздi май палау
берiп, майсөк қылғалы отырған жоқ па осы?” — деп ойлап қойды.
Дәм үстiнде Дадабек сөздi алыстан орағытып бастады. Өзбек, қазақтың туыс, бауыр екенi хақында
бiр қыдыру әңгiме айта кеп, бiрде татулық, ауызбiршiлiк жағына қарай ойысты.
— Бiрақ, — дедi Дадабек екеуiне қадала қарап, — кейбiр кiсiлер мұсылманшылықты ұмытып,
тағылығына басып, басбұзарлық жасап жүр. Былтыр қазақтар бiр қамалымызды қиратып кеттi. Сонда
олар не пайда тапты? Бұл кiмге пайда, кiмге зиян? — Дадабек алдындағы көк шәй құйылған кесесiн
қолына ап, бiраз толғанып отырды. — Сiздер бiр ғана қарақан қара бастарыңызды емес, төнiп келе
жатқан қауiптi ойлаңыздар. Кiсi қайда жүрсе де, қара басын асырай алады. Ал, бүткiл ел боп тұтасып
отырып, тiршiлiк ету, жүдә, қиын да.
— Әлбәттә, — дедi Елмырза оны қоштап, iшiн бермеуге тырысып.
— Соны сiздiң кейбiр ру басыларыңыз, ақсақалдарыңыз терең ойламай, неше түрлi әңгiме айтып
жүр дейдi олар Хиуаға көнбеймiз дейтiн көрiнедi. Ау, сонда, — Дадабек жүзiк толы алақанын жайды,
— өзбегi не, қазағы не, бiр мұсылман халқы емес пе? Тiлiмiз де, дiнiмiз де бiр. Түбiмiз түркi ғой. Ал,
аналар... — Ол қолын артына қарай сiлтедi, — онда... қиын... — Ол дағарадай шалмалы басын шайқап-
шайқап қойды.
— Әлбәттә, — дедi Елмырза мына пiкiрге қарсы дәлел айтудың пайдасыздыңын сезiп.
— Мiне, сол мақсатпен Сыр бойында берiк қамалдар тұрғызып жатырмыз. Ал сiздер кеп оны
қиратасыздар? Бұл сонда кiмге пайда? — Ол екi қолын жайды. — Осыны неге ойламайсыздар, а?
— Ендi... ойлағанда...
— Кәзiргi гәп былай: күнi ертеңнен бастап, былтыр қазақтар қиратып кеткен қамалды қайтадан
саламыз. Оған сiздер мал мен кiсi берiп, көмектесесiздер.
— Әрине... Мәртебесi зор ұлы хан Мұхәммәд-Инақтың айтқан жарлығына құлдық, бiз, оның құлақ
кестi кұлдары, бар айтқанын қайт етпей орындаймыз. Тек... осы арада... — Елмырза көмейiне тiрелiп
кеп тұрған сөздi әдейi айтпай, оны басқа ауыздан шықсын деп, iркiле түстi.
— Не тек?
Сол арада әңгүдiктеу Мiрәлi шыдамай:
— Онда ел қайтадан толқиды ғой, — деп қойып кеп қалды.
— Толқиды? — Дадабек одырая қарады да, iзiнше зәрлене жымиды. — Мына iшкi жақта бәһарда
толқып таситын кiшкене дариялар көп. Кейде қатты тасығаны сонша, аспаннан сел құлап келе
жатқандай болады. Соны кәзiр күдiретi күштi ұлы хан бөген соғып, тежеп, кең жатқан пахталыққа
қарай бұрып жiбердi. Ондай суды тiзгiндеу оп-оңай.
— Сiздiң айтып отырғаныңыз тау суы шығар, — дедi Елмырза сөз қыстырып.
— Әлбәттә.
— Ондай тау дариясы ақ көбiк атып арлағанымен, жайылып аға алмай, жан-жағынан қоршаған
жақпар тасты бұзып өте алмай қалатын. Ал бiздiң Сырдың селi әлемет...
— Әй, ол не қиратып қарық қылар дейсiң? — дедi дымға түсiнбеген Мiрәлi қыржиып.
— Мiрәлi сардар, өте дұрыс айтып отыр, — дедi Дадабек оны арқасынан жас балаша қағып-қағып
қойып. — Халық та бiр, қой да бiр. Қойға жақсы қойшы тап келсе, — жетiп жатыр, оны иiру де, жаңа
өрiске жаю да, судан өткiзу де ол үшiн түк емес. Сонымен, ұзын сөздiң қысқасы, Қожанияз қамалын
жөндеуге кiсi керек. Мен соны сiздермен ақылдасайын деп ем.