97
— Ояғын ел арасына араласып жүрген мына Мiрәлi жақсы бiледi ғой, — деп, Елмырза жалт етiп,
өз мойынына iлiнiп қалғалы тұрған мiндеттi былай қарай ысыра салды.
— Сонда... кiсiнi қалай жинаймыз?
— Құрметтi бек, — дедi Мiрәлi даусын жылыта сөйлеп, — сiз жарлық етсеңiз, шын
ықыласымызбен орындаймыз. Тек соныңызға кейбiр кiсiлер құлақ аспай жүре ме деп қорқам.
— Олар кiмдер? — дедi Дадабек тiкiрейiп.
— Ана Жәнiбек пен Тоғанақ батыр.
Елмырза жаңа ғана созып жiберген аяғын қалай тез жиып алғанын аңдамай да қалды. “Мұнысы
несi?” — деп сәл дағдарып, қабағын сәл-пәл шытынды. Оның себебiн iштей түсiнгендей боп отырып:
“Осы қазақ неге кекшiл, а?” — дедi.
— Жәнiбек дейсiң бе? Оны көремiз, — Дадабек әлденеге оған тоқтамай, өте шықты. — Ал, Тоғанақ
бәһәдүр неге үйтедi? Ол деген сенiмдi кiсi емес пе?
— Сенiмдiсi сенiмдi. Бiрақ оны азғырып жүрген iнiсi бар.
— О кiм?
— Сәндiбек. Өзi Бұқар әмiрi Насрулланы жақтайды.
— Онымен әуелi сөйлесiп көр. Аңысын аңла.
— Мақұл.
Дастархан жиналысымен, Мiрәлi Сәндiбектiң ауылына шұғыл аттанып кеттi. Ендi төбесiн биiктетiп
салынған сәндi бөлмеде Елмырза мен Дадабек екеуi оңаша қалды. Олар көпке дейiн үндеспедi. Әркiм
өз ойымен болып отыра бердi. Құлаққа ұрған танадай тыныштықтың орнағаны сонша, үй iшiнде әрлi-
берлi ұшып жүрген көк шыбынның ызыңы анық естiлiп тұрды. Ол ызың-ызың етiп, әрi-берi ұзақ ұшты.
Ақыры осынысынан жалыққан-дай, терезенiң көмескiлене буалдырланып тұрған әйнегiне соғылып,
кiшкене қанаттарын тез-тез қағып, сырғанап төмен түстi де, ағаш жақтауға барып қонып, бiр сәтте
тым-тырыс бола қалды.
Елмырза селт етiп, Дадабекке түсiн жылыта қарады. Мұның өзiне арнап айтпақ оқшау шаруасы
барын аңдап, Дадабек берi қарай еңсерiле түстi.
— Қадырданды бек, осы бiздiң жағдайымыз не боп барады?
— О не жағдаят?
— Жалпы жағдаятымызды айтып отырым, — дедi Елмырза сәл күлiмсiрей түсiп. Ол iштей өзi
шешiлсе де, бұл күткен жаққа Дадабектың арам өлсе де аттап аяқ баспайтынын бiлдi, сонда да бiр
оймен осы ыңғайсыздау әңгiменi әрi қарай жалғастыра түстi. — Кейде осы өз-өзiмнен қарап отырып,
баяғы жақсы замандарды аңсаймын. Әр жағын айтпағанда, ұлы Ақсақ Темiр көретен заманында Мәуәр
ән-нәхр мен Қаразымдағы жұрт айбарлы, әруақты ел болмап па едi? Кейде шерленiп кеткенiмде, соны
есiме алам.
— Иә, — дедi Дадабек әлденеге күдiктене қарап. Оның осы отырысы қарсы алдынан терең ор
көрiп, соның құрдым, обыр тұңғиығына көз тастаған кiсiдей едi.
— Сонда деймiн-ау, қотан-қотан қойша жалпақ елдi жеке-жеке сұрағаннан түсетiн пайда бар ма
осы?
— Ендi... былай... — Дадабек мұрнының астынан мiңгiр еттi.
— Қай заманда да бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығарудың орны бөлек, — дедi Елмырза
Дадабектiң мына отырысына iштей күлкiсi кеп. — Сонау Iскендiр Зұлқарнайыннан бастап, Шыңғыс
хан, Махмуд Ғазнауи, Ақсақ Темiрлерге дейiнгi дәуiрлерде ел басшылары осыны жақсы түсiнген.
Сол арада бағанадан берi бұл күткен жаққа аяғын мүлдем баспай отырған Дадабек мырс ете түстi.
Сосын бұған мысқылдай қарап:
— Түсiну мен оны iске асырудың арасы жер мен көктей емес пе? — дедi. — Алдыңғы екеуiне
дауым жоқ. Жаңа сiз Ақсақ Темiрдi айттыңыз. Рас, ол күллi дүнияны жаулап алды. Бiрақ оның
жiберген кәтелiгi де жоқ емес пе? — Дадабек мұным қалай дегендей бiр қасын жоғары қарай әнтек
көтерiп, жымысқыланып аз-кем отырды да, сөзiн әрi қарай жалғастырды: — Ол кәтелiгi неде? Соны
бiлесiз бе?
— Ендi ояғын қараңғы бiздерге қайдан бiлейiк, — Елмырза аяғын тартып ала қойды.
— Ол кәтелiк сонда, ол Алтын орда ханы Тоқтамыс пен Едiге батырдың арасындағы кикiлжiңге
бола, көп жыл бойы соғысты. Темiр Тоқтамысты құртқаннан кейiн, ендi Едiге оның өзiмен соғысты.
Олар деген кешегi ауыз жаласқан достар емес пе едi? Сонда... бұдан не пайда түстiң Ештеңе де! Қайта
олар өзара қырқысып, бiрiн бiрi әлсiреттi. Әгәрдә олар сүйтпегенде... бiз мынадай жағдайға душар
болар ма едiк, болмас па едiк?
— Қадырданды бек, сiз менiң ойымның дәл үстiнен түстiңiз, — дедi Елмырза ашылған ыңғай
көрсетiп. — Ендi осы тәжiрибенi бiздiң үш хан неге ескермейдi?
— Ол... өзi қиын. Хандардың бiр-бiрiне иiлгiсi келмейдi.
— Ол дұрыс қой. Хандарды иiлтiп жатудың түкке де керегi жоқ, — дедi Елмырза көтерiле түсiп,—
бұл арадағы жұмыс елшiлердiкi. Олар әуелi өзара ым тапса, қалған жағын хандарына түсiндiрiп берсе,
мәмiлеге келу онша қиын емес қой?
— Сонда кiм мәмiлеге келiп қалмақ?
— Менiң байқауымша, — дедi Елмырза қыза түсiп, — мына Хұдаяр ханға Насрулланың тiсi әбден
батқан-ау! Насрулланың өзi де әбден астамсып болды. Ылғи ақ патшамен сауда-саттық, жасап,
сұңғылалық көрсеткiсi келедi де тұрады. Жағында ғана орыстардың бiр керуенi дәл осы арадан өттi.
— А? Не дейдi? — дедi Дадабек түсi күреңiте түсiп.
— Рас, бек. — Елмырза батылдана түстi. — Насрулла ұлы ханымыз Мұхәммәд-Инақтың
қожалығына да көз алартуын қояр емес. Анаяқта Құратөбе ұшiн талай рет Қоқанмен қырқысты.
Осылайша бәле басы боп отырған ханды... — Елмырза сөзiн жұтып тоқтады. Дадабектiң ыңғайына
қарап, iшiнен “үгiттейiк” не “құртайық»деген екi сөзiн дайын ұстап, сергек отырды.