Стр. 10 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Дүзбай аяқ астынан кiлт ете қалды. Сосын сөзден сап тиылып, шаруа жайын ықылассыз сұрастырды. Ет үстiнде де
қабағын онша аша қоймады. Жас тоқалын басқа үйге жiберiп, қонақтарға жолатпады. Тас қараңғы боп, ауыл дағдылы
тиыштығын таба бастағанда ғана, жас тоқал iшке кiрiп, қонақтарға әйдiк ағаш тостағанға шұбат құйып бердi. Ережеп
оған көз салмай, шұбатты басына көтерiп тастап, салулы төсегiне қисайды. Оған жақынырақ жерге Шәки жатты. Дүзбай
сықырлауық есiктi мұқият жауып, басқа үйге кеттi.
Ережеп шалқасынан жатып, тырсиып шығып келе жатқан қарнын быртиған саусақтарымен сипалап, Дүзбайдың ақ
тоқалын есiне алды. Жаңа ғаңа қаусаған шалдың жас жiгiттiң көзi түседi деп, тоқалын бұл үйге жолатпай қойғанын
ойлады. Сосын өз жайына қарай ауысты. Кеше ғана бала сияқты едi. Кәпелiмде жiгiт ағасы болып қалғанын аңдаған да
жоқ. Қырықтың төбесi де қылтиып көрiнiп тұр. Оның әр жағында жер ортасы жақын. Елуден бiр асқасын, қалған
тiршiлiк желқайықша зулап өте шығады, деп шалдар зар илейдi. Мына тiршiлiктiң кемдi-күн қызығын көрiп қалғаннан
артық ештеңе жоқ деп үгiт айтады. Олары рас болса, рас та шығар. Былтыр өзi төсек жаңғыртсам ба деп бiр мезгiл
ауаланып та едi. Бiрақ Тайпан жесiрiнен айрыла қоймас деген. Сүйтiп жүргенде мұның алдын Жәнiбек орап кеттi. Iшi
күйген бұл астыртын әрекет жасап көрiп едi, одан дәнеңе өне қоймады. “Ендi не iстеу керек?” — деп, ойланып ұзақ
жатты. Есiне әлденеге Захваткин түстi. Сосын бүгiнгi әңгiмесiнен Дүзбайдың аяқ тарта бастағанын ойлады. “Әй, көнбес.
Алдындағы малынан арғыға көз жiбермейтiн сасық шал ертеңгi күнiңдi нағылсын?” Ол түңiлгендей, қолың бiр сiлтеп,
аударылып жатты. Сол қалпында қор ете түстi.
Ертесiне Дүзбай аулынан ұзап шыққасын: “Тағы кiмге барып үкiт таратсам?” — деп ойлады. Сосын қолын бiр
сiлтедi. “Қой, өнбейтiн шаруаны қуалап болмас”. Ол ендi ат басын өз ауылы жайлап отырған Қарақұмға қарай туралап
алды. Жолшыбай өз ойымен өзi болып келе жатып, жанындағы қарашыларына тiл де қатпады. Араға үш қонып, төртiншi
күнi дегенде өз ауылы жайлап отырған жерге жақындады. Бұл кезде күз дендеп ене бастаған едi. Алдан аңқылдап
салқын жел соғады. Төбеден төңкерiлген әйдiк кесе сияқты көк аспанда жабағыша ұйысқан қоңыр бұлттар әлдеқайда
жөңкiле көшiп барады. Көктiң сонау бiр түпкiрiнен садақ оғынша үшкiлденiп, қанаттарын жай алып, жылы жақты бетке
ұстаған тырналардың тыраулаған даусы келедi. Осы салқынның соңынан қаһарлы қыс ызғарын сезгендей бүрi кетiп,
дiңдерi сидиып қалған жусан, алабұта, изендер жел өтiнде бүрiсiп тұр. Дала кеуiлсiз. Алыс жолдан арып-ашып келе
жатқан жолаушылардың бiр түрлi жандарына жұмсақ, қоңырқай мұң салады. Ережеп те бүгiн бiр түрлi тұнжыраңқы.
Оның жанын қыстау жайы қинап келедi. Дегенмен жылда Қызылқұмның жылы қойнауына үйренiп қалған малдың
әлден-ақ салқын тарта бастаған Қарақұмды жерсiнбейтiнiн байқап, қыстың жайы есiне түсiп, қатты қиналған. Хиуа ханы
соңына сұғын қадап отырғанда, бұған Қызылды көру қайда? Қырда қалуға болмайды. Кешеден берi жол үстiнде келе
жатып, қырағы көзiмен не бiр от, ықпанасы көп жерлердi байқап көрген. Бiрақ бiрiне де кеуiлi тұрақтамады. Тек
Үшқараның тұсы қиналған жанына аздап медеу болды.
Ол кешке жақын ауылына жетiп құлады. Қашан да екi бетiнен қаны қашып, ақ сұр тартып тұратын iлмиген әйелi
Нағимаға шекпенi мен қамшысын ұстата сап, киiз үстiне отырып, етiгiн шешер ыңғай танытты. Нағима ыбылжып жүрiп,
шекпен мен қамшыны керегенiң басына iлдi. Сосын мұның жанына жақын кеп, еңкейiп, етiгiн тарта бастады.
Ережеп шешiнiп болғасын, қолын шая сап, салқын қымыздың бiр тостағанын iше берiп едi, сол арада сырттан
самбырлап сөйлеген әлдекiмнiң дауысын естiп, қалт етiп тоқтай қалды. “Мына бәтуасыз нағып жүр?” — дегенiнше
болмады, түрулi жабықтан еңкейiп, iшке Тиышбек кiрдi. Ол шаң-шаң етiгiмен төсеулi сарыала көрпенiң үстiне ақ таңдақ
iз қалдыра кеп амандасты да‚ бұдан төменiрек жерге жалп етiп отырып, малдас құрып жатып:
— Ережепжан, қалай, ат-көлiк аман келдiң бе? — дедi.
— Шүкiршiлiк. — Ережеп ықылассыз тiл қатты.
— Қарындасыңды құтты жерiне қондырды деп есiттiм. Жат-жұрттық боп жаралған баланың өз абырайы өзiнде
тұрғанда кеткенi жақсы, — дей берiп, Тиышбек кiлт кiдiрдi. Типиған қара бетi бiр түрлi боп күреңiтiп, екi шықшыты
бүлк-бүлк етiп, қысыла тыржиды. — Не де болса, баратын жерiне барып тынғаны дұрыс бопты. Мына Мазбұзаубай бұл
пәниде кесiлмейтiн желi, тесiлмейтiн келi жоқ дептi ғой.
Ережеп iштей тыжырынды: “Өй, қасиетсiз!”
Тиышбек ендi оң жақтағы қара сабаны пiсiп жатқан Нағимаға мойнын бұрды:
— Келiнжан, қымызыңнан құя салшы. Тiлiм таңдайыма жабысып тұр.
Ережеп мырс еттi:
— Шамасы шаруаң ауыр-ау?!
— Ойбай, айтпа, — дедi Тиышбек ыржалақтап. — Осы бүгiн үйiмдi көрмегелi бiр ай болды. Жайлы қыстау iздеп,
бармаған жерiм жоқ.
— Жаңа қыстаудың саған не керегi бар?
— Ойбай-ау, Ережепжан, бұ не, ойының ба, шының ба? Көк желкеме Хиуа әспаһани қылышын тақап тұрғанда,
Қызылды қалай қыстайым? Құдайға шүкiр, он шақты уақ жандығымыз бар дегендей. Одан айрылсам, ертең шиеттей
бала-шағаны қалай асырайым?
Ережеп басына бiр ой түсiп, кенет бұған қулана қарады:
— Сен осы... мал табуға қалайсың?
— Ойбай, болып жатса, кәнеки...— деп, қызылдың иiсiн сезген Тиышбек көре көзге бар қасиетiнен айрылып,
жалпылдады да қалды. — Ережепжан, жұмсайтын жер тапсаң, оған мына жаман ағаң оң қолдай ғой. Е, о не өзi?
Ережеп азырақ iркiлдi. “Айтсам ба, әлде айтпасам ба? Ана Шәкиi түскiр былқылдай бастады. Мұндайға... осыдан
қолайы жоқ”.
Тиышбек мұны айнып қалады деп ойласа керек, осы кезде Нағима әдеппен ұсына берген қымызды ала сап, алдына
тез қойып, құйрығымен берi ысырылып отырды. Сосын қайқы ерiнi түрiле түсiп:
— О не? — дедi.
— Ол... жәй нәсте. — Ережеп қабағын шытты...
— Сол жәйiнiң өзi дұрыс. Қиынына салардай немене менi жау қайырар батыр дейсiң бе?
— Онда... — Мырза тамағын кенедi. — Ана Тұрғалимен арамызда уәдемiз бар едi. Ол маған сауынға алған сиырлары
үшiн астық берем деп едi.
— Қанша қап?
— Жерма қаптай.
— Болсын. — Тиышбек екi алақанын бiр-бiрiне соғып, шарт еткiздi.