— Апырмай, ә, әкелшi өзiн көрейiн, — деп жасының ұлғайғанына қарамастан, әуестiгi жеңiп Дүзбай мұның қолынан
қалта сағатты ап, әрлi-берлi төңкерiп қарады. Қызық көрiп құлағына басып тыңдады. — Ойбай, өзi тықылдайды ғой. Әй‚
осы орыстың ойлап таппайтыны жоқ. Адамнан басқасының бәрiн жасап жатыр. Анада Орынбордың базарына мал айдап
барғанымда, сары ала киiм киген ұлықтарын көрiп ем. Өздерi бiр шеттерiнен шiренiп қалған екен. Айтары жоқ.
— Ендеше сондай дөкейлерiңмен бiрге тұз-дәмдес те болдық, — дедi Ережеп оны таңғалдыра түсейiн деп.
— Қойшы?!
— Қоятын iждемесi жоқ. Дүзеке, ағамның жайын өзiң бiлесiң. Дадабек сарт құтырып...
— Ойбай, айтпа, — деп Дүзбай оның сөзiн бөлiп жiбердi. — Өзi... зекет деп, ұшыр деп‚ тағы басқа деп қазақтарды
талап бiтiп едi.
— Соның аяғы... анадай болды. Ендi амал жоқ төменгi жаққа қарай ығуға тура келдi. Дүзеке, осы бiз орыстың
қарасынан бекер шошимыз-ау. Биыл мына Ырғыз жағын жайлағанда аздап сыр тартып байқадым. Өздерi, әсiресе,
қитабан мұжықтары жайдақ келедi екен.
— Апырмай, ә, — дедi Дүзбай еңсерiле түсiп.
— Сосын... орысқа бодан болған мына Орта жүздегi ағайындармен сөйлесiп едiм, олар ақ патшаны қазаққа жайлы
дейдi. Салықты жылына бiр-ақ рет алатын көрiнедi.
— Мынаусы оңды екен. Иә, сосын?
— Дiнiңде, әдет-ғұрпыңда шаруасы жоқ. Тек өзiң тиыш болсаң болды, — дедi Ережеп Дүзбайдың әңгiмеге
құлықтылығын байқап.
— Ау, тиыш болмай қазақ ненi қиратып жатыр?
— Өзiм де солай ойлайым. Бiздiң сол момындығымызды Хиуа ханы жасықтық көрiп, мойнымызға әбден мiнiп алды.
Ойына не келсе, соны iстейдi. Соның бәрiн тексерiп отырып, кейде... Дүзеке-ау, осы Орта жүздегi ағайындардан неге
үлгi алмаймыз дейiм.
— Сонда... қалай?
— Ол... былай... — Ережеп аздап қабағын түйдi. — Болса да Хиуадан таяқ жеп жатырмыз. Одан да сол таяқты жесек,
ақ патшаның өзiнен жесек кәйтедi?
— Ойбай-ау, оның таяғы ауыр шығар?
— Қой, ақ патша iжкiмдi атып, асып жатқан жоқ. Өзiм соны көрiп келдiм.
— Қайдам. Оның қалай боларын кiм бiлген, — дедi Дүзбай мыңқылдап.
— Iж қалайы жоқ. Осы өмiр — өмiр. Тек бiлетiнiм, орыс орам алса, бұ йаққа Хиуа қайтып жолай алмайды.
— Ол түсiнектi ғой. Тек, қайдам...
Ережеп Дүзбайдың сақтық жасап отырғанын сездi. Сосын өз ел iшiнде үгiт таратып жүр екен демесiн деп:
— Кейде дерiн десем де, өзiм де неше алуан ойға батам. Адам аласы iшiнде деген. Кiм дүниенiң оң-терiсiне көз
жеткiзiп болған. Менiкi... жәй... былай жол таппай қиналғанда сүйтсек кәйтедi дегендiк ғой, — деп түлкi бұлтаққа басты.
Дүзбай бұған көзiнiң қиығын тастады:
— Бұл жөнiнде... ана би, батырлар не ойлайды екен?
— Ойбай-ау, Дүзеке-ау, менi немене ел арасына үкiт таратып жүр дейсiз бе? Оларға сөзiмдi шығын ғып, не
басымның iскенi? Байқауымша, түбiңде ақ патша Сыр бойын алмай қоймайды.
— Хиуа ханы оған көне қоя ма?
— Көнбегенде қайда барады? Оның ақ патшаға әлi келмейдi.
— Солай ма?
— Солай, Хиуа түгіл, бүкiл үш жүздiң басын бiрiктiрсең де қазақтың шамасы жетпейдi... Осы... Құранда: “Күштiге
қызмет қыл” деген емес пе?
— Иә.
— Ойбай, намаз уақтысы болып қалыпты ғой, — деп Ережеп Дүзбайдың қолынан сағатын ала сап, орнынан
түрегелдi. Дiн жорасын қатты ұстамаса да, оның кейде сырт көзге момын мұсылман боп көрiнетiнi де бар едi. Әрi мына
қолайсыздау әңгiменi үзуге сылтау таба алмай отырған едi.
Аздан соң шәй келдi. Ережеп өзiнен төменiрек отырған Шәки бастаған бiр-екi жiгiтке қарай күрең бауырсақты
ысырып:
— Қарындарың ашқан шығар, алыңдар, — дедi.
— Ана жiгiттерге шәй бердiңдер ме? — дедi Дүзбай жас тоқалына қарап. Ол бөтен үйге түскен Ережептiң
нөкерлерiн айтып едi.
— Иә, — дедi шәй құйып отырған жас тоқал иiле түсiп. Оның басына тартқан ақ жiбек орамалы ажарын аша
түскендей екен. Ол өзiнiң сонысын iштей сезгендей‚ ау-тауық әдемi қара көздерiн аса жоғары көтермей, дастархандағы
жент, шәй, iрiмшiкке салып қояды.
Ережеп мына сасық байдың жаңа түскен жас тоқалы мынадай сұлу деп ойламаған-ды. “Төркiнi жоқ-жұқа болды-ау.
Әйтпесе мынадай үлбiреген гүлдi сақалы тер сасыған кәрi текеге кiм көзi қиып бередi?” Ол күлiмсiреп қойып:
— Дүзеке, мына Тайпан ауылының қайда отырғанынан хабарыңыз жоқ па? — дедi.
— Неге хабарым болмасын. Ол кәзiр Төретамның қыр желкесiнде күзеуде отыр. Немене, оны жәйша сұрадың ба?
— Жәй, әшейiн. Анада... келiнi үшiн дауласып жүргенi... былай, ойыма түсiп... Дүзбай қолын сiлтедi:
— Өй‚ оны қой! Сырттай қодаңдағаннан басқа түк бiтiрерi жоқ. Болмаса жесiрiн кiм көрiнгенге бере ме? Сондай-ақ
ол, немене, тұғырдан түсiп отыр ма? — дей берiп, сөздiң бiр ұшы өзiне тиетiнiн байқап, Дүзбай тiлiн тiстей қойды.
Ережеп iшiнен сылқ-сылқ күлдi. Бiрақ онысын сездiрмей:
— Мен де сүйдейiм, — дедi де, елеусiздеу ғана: — Дегенмен әлгi сөзiңiздiң жаны бар-ау. Тәннен қуат қайтқасын,
пәлен-түген деуге бола ма? Тайпанның арғы аталары малмен көз ашқан шаруа кiсiлер едi. Қос қатын алу кедейге лайқат
па? Атасы арғымақ болмағасын, оған шөп басынан қарғымақ қайда? — деп, сылқ-сылқ күлдi. Ол күнi ертең-ақ осы
сөздiң Қарақұмды жайлап отырған Әлiм, Шөменнiң игi жақсыларына тегiс тарайтынын бiлiп едi.
Дүзбай сақалы шошаңдап, шиқылдап кеп күлдi:
— Дәл айттың! Нәсiлсiз неме ғой қойдың көңiнен басқаны бiлмейтiн. Танауы жас қызғалдақтың иiсiн қайдан сезсiн!
— Айтары жоқ, — Ережеп жас тоқалдың бiр қызарып, бiр бозарып отырғанын көрiп, кеуiлдене түстi.