— Қасыңа Шәкилер ередi. Астықты түйеге артып, Үшқараға жеткiзесiңдер.
— Ақысына не бересiң?
— Ендi... оны көре жатамыз ғой.
— Жоқ, Ережепжан, кәзiр ағаң шаруаға шындап қараған. Кәзiр босқа қарап жүрер заман ба? Ақысын алдын ала кесiп
айт.
Ережеп: “Мынау тағы да бiр керегiме жарар. Тұрғали көп болса он бес қап тары берер. Жиырма қабын мынау тартып
алғандай қылса, менiң қай бiр ақы-пұлым күйiп бара атыр”, — деп ойлап:
— Мақұл, келiстiк. Соның iшiндегi бiр қабы сенiкi,— дедi.
Ертеңiне Шәки, Тиышбектердi астық әкелуге жiбергесiн, Ережеп Ырғыз бекiнiсiнiң бастығы Захваткиндi, жас
поручик Тортай төренi қыстауға көшпей тұрып, қонақ қып, сыйлап жiбергендi жөн көрдi. Iшкi есебi бойынша, кәзiр
параның гүрлеп тұрған кезi. Бастықтың кеуiлiн берiммен табудан басқа жол жоқ. Қолыңнан келсе, бет-аузыңды
жылмита күлiп, жағынып қал. Өзiң иiлмесең, саған ешкiм иiле қоймайды. Әрi, арам есебi бойынша, бұлармен
байланысқасын, iшiнен таңдап жүрiп, ноқтаға толық дегенiн ұстау керек.
Осы ойы қамшы болып, ол сол күнi Ырғыз бекiнiсiне екi жiгiттi шұғыл шаптырып жiбердi.
5
Нарман келiн түсiрген тойын әдеттегiдей көп ырғап-жырғап жатқан жоқ. Бiр малын сойып, аяқ жетер жердегi
жақын-жуық кiсiлердiң басын қосып, батасын алды да қойды. Тек Қалмырза мен Ағлес қыңқылдай бергесiн, күңкiлдеп
жүрiп ауыл жастарына бөлек, мөлдек той жасады.
Жастар кешке жақын тегiс жиналды. Думаншыл қыз-жiгiттер өздерiне деп арнап тiгiлген алты қанат ақ үйдiң iшiн
лезде ән-жырға толтырды да жiбердi. Әсiресе, осы тойға арнайы келген Нияз көктен тiлегенiн жерден тауып, ала таңға
дейiн жыр жырлаудан танбады. Ол домбырасын бiрде қаттырақ дауылдата қағып, бiрде қоңырлата шертiп, осы өңiрдiң
елi атам заманнан бермен қарай жадқа бiлетiн не бiр өсиетке толы жыр-терменi бiрiнен соң бiрiн айтып, қоңырқай
тартқан отырыспаны бiр көтерiп тастады. Оған мына жақтан Ағлес қосылды. Ол бүгiн туған ағасының тойы болғасын
әдеттегi қысылып-қымтырылғанын қойып, өрiктен шапқызған домбырасының құлағын келтiрiп алып, жiгiттермен
жарыса өнер көрсетiп отырған-ды. Қыздың сымға тартқан күмiстей нәзiк дауысы таза, бiр түрлi сүйкiмдi екен. Нияз бен
екеуiнiң адам жанының алыс-алыс түпкiрiн қытықтап, қай-қайдағыны еске түсiрер ән-жырына елтiген, сары қарын
тартып қалған әйелдер, жас келiндер босаға жақта ошарыла отырып, көздерiн бiр-бiр сығып алысты.
Той ұзарған сайын Нарман жаны қалмай, дызығып бiттi. Iшiнен: “Өй, өңшең жырқылдақ! Осылай ендi бiр күн
отырса, қара орманымнан дым да қалмайды ғой”, — деп күңкiлдеп, сыртқа бiр кiрiп, бiр шыға бердi. Бiрақ әдеттегi қатал
әмiрiн ете алмады. Шалының тымырайғанына бұ жолы бәйбiшесi қараған жоқ.
— Ережеп берген мал болмаса өлесiң бе? — деп, ол бiр өзi билеп-төстеп кеттi.
Нарман бiр есептен бәйбiшесiнiң қолы ашылғанын терiс көрмедi. Қараүйде қисайып жатып, Нияз бен қызының қатар
созыла шыққан дауыстарын естiп, әлдеқандай тәттi қиялға шомды. Сәтi түсiп, Сағынайдай дүмдi жермен құда бола
қалса, бiрер жылдың iшiнде баяғы көп байлықтың қайта айналарын сезiп, өз-өзiнен күлiмсiреп қойды.
Қалмырза жастар жағы дуылдап, кеуiлдене түскен сайын, бiр түрлi боп ыңғайсыздана бердi. Әнеукүнi әкесiне қарсы
тiл қата алмағанына өкiндi. Ережеп әкесiнiң қол-аяғын малмен шырмап, бұған абыройы айрандай төгiлген қарындасын
өткiзiп кеттi. Ендi бұл басқа тәннiң қызығын көрген қызбен қалайша бiр төсекте ұйықтайды? Оны қалайша емiренiп,
бауырына баса алады? Соны ойлағанда, Қалмырзаның тұла бойын әлдеқандай ыза билеп кетедi. Дiр-дiр етiп, iшiнен
әкесiне кiжiнедi. Тек басқа iстейтiн амалы жоқтығын сезiп, намысы қанша күйсе де, дымын сыртына шығармай, iшiнен
тынады. Ол бүгiн де селсоқ отырды. Қанша кеуiлденейiн десе де, еңсесiне зiл батпан жүк артқандай, тұнжырай бередi.
Түннiң бiр уағы болғанда, жастар “қалау-қалау”, “жолдас-жолдас”, “хан” ойындарын ойнады. “Айыптылары” жаза
тартып, жыр жырлап, ән шырқап, кеуiлдi дуылдан бiр тынған жоқ.
Ертесiне той тарқайтын уақыт та жақындады. Қымызға қызып алған кеуiлдi жастар ортасынан бiр өлеңшi жiгiттi
шығарып, Зағипаның бетiн ашпақшы болды. Отау жанында зыр жүгiрiп жүрген бiр жас қатын ернiн сылп еткiзiп, көзi
бақырайып, iшке қайта кiрдi. Сол кезде енесiнiң:
— Құдайдың өзi ашып тастаған нәстесiн қайтып ашып нағылады? — деген наразы дауысы шықты.
Бiрақ жастар оны тыңдаған жоқ. Басына көлдей қызыл жiбек орамалды малына жамылған Зағипаны екi келiншек
iштен қолтықтап шығарды. Бiр қуақы жiгiт қызыл орамалдың бiр ұшын ұзын таяққа байлады да, екiншi жiгiттi ортаға
сүйрегендей ғып әкелдi. Бет ашатын жiгiт таяқты қолына ұстап тұрып, дағдылы жырды шұбырта жөнелдi. Әуелi жас
келiндi ата-енесiне, қайнаға, жекжаттарына бiр-бiр иiлте сәлем еткiзiп алды да, бұрыннан жол боп келе жатқан өсиет
сөздердi жырлап айтып шықты. Ақырында өзiне бiр сәлем еткiзiп, орамалдың ұшына түйiлген нәрсенi шеше бастады.
Сол арада Нарманның бәйбiшесi кеп, жас келiннiң басынан қызыл орамалын алып, ақ жаулық салды. Жүзiн кiсiлерден
төменшектеп, сырт салып тұрған Зағипа сыңсып жылап жiбердi. Оған қамкеуiл бiр-екi келiншек қосылды. Жастар
оларды қалжақ қылып күле бастады:
— Әй, сен қатындарға не көрiндi? Үйтерлерiң бар, байға тимеңдер.
— Кетшi әрi, қағынғыр, — дедi бiр келiншек қайнысын бүйiрiнен шымшып.
— Оныңды... түнде көрсем-ау...
— Өш, жетпегiр! — Келiншек бетiн шымшып, жорта ұялған боп, жұдырығымен қылжақбас қайнысын төмпештедi.
Күн түске тармаса той тойлаған жастар ауыл-ауылдарына тарқай бастады. Үкiлi бөрiктi, сәндi киiнген топ аттарына
мiнiп, жаңқ-жаңқ сөйлесiп, ара-арасында кең даланы жаңғырықтыра ән айтып, апысы кiрiп, күпiсi шығып жатқан
ауылдан ұзай бердi. Қалмырза мен Ағлес қонақтарын бiр көш жерге дейiн шығарып салды. Олар Сортүбектiң тұсынан
қайық жалдап, дариядан өткесiн барып, керi қайтты. Ара-тұра сауықшыл жастарды қимағандай Ағлес арт жағына
жалтақ-жалтақ қарап қояды. Арғы бетке өткен жiгiттер бiр шырқай салар әндi созып, жапан даланың жаңғырықтырып,
ұзап барады. Ағлес күрсiндi. Қалмырза не iстерiн бiлмедi. Астындағы атын сипай қамшылап, сары аяңмен келедi. Ол
бiрде өзiне қараған қарындасының бiрдеңе дегiсi келетiнiн байқап, ерiксiз мойнын бұрып алды. Басындағы құндыз
бөркiнiң ұзын, шошақ үкiсi жай бұлғаңдап келе жатқан Ағлес бiр түрлi ойлы кейiппен: