— Ау, неге?
Қылышбектiң аузы лас болатын. Әйелiн ата-бабадан бермен қарай бiр боқтады да:
— Ол... қыз емес, — деп түйеден түскендей етiп қойып қалды. Оның түлкiше жымырайған жүзi былқ етер емес.
Тиышбектiң жыны келдi. Оны түтiп жердей боп, құсы түсiп, жанына жетiп барды да:
— Өй, көргенсiз! Көргенсiз! Мұны не бетiңмен ұялмай айтып отсың? Баста көрiп алмадың ба? — дедi.
— Бiлмей қалдым.
Тиышбек сол күнi баласын жерден алып, жерге салып үйiне қайтқан. Қылышбек содан кейiн мiнез шығарып,
Жоламанға ерiп, сауда жасаймын деп бiраз әлектендi. Жоламанның кiресiн жегiп, Бұхараға бiр рет барып та қайтты.
Соны арқаланып, Жоламан мырсылдай күлiп, әрi-берi өткенде Қылышбектiң үйiнен шықпайды. Шаруа жайын айтқан
боп, қона-жатып алады. Соны көрiп, бұның иманы қара таяқтай болды. “Шеттерiнен арамнан жаралған неме едi.
Масқара қылғанда, сүйтiп... Қой, қой! Тiпә, тiпә!” Ол жөнiнде кейiннен қанша айтса да, Қылышбек тыңдамады.
Қабысқан қарынын қазы-қарта кернеп тұрғандай ыржалақтай бередi. Осы жолы да оның екi езуi екi құлағында. Соны
көрiп, Тиышбектiң ит-жыны тырысып, қабағын қарс түйiп ап, үй iшiне түксие қарады. Сосын кенет жыны қозып кетiп,
шашылып жатқан көр-петөсектi бiр тептi:
— Осы сен қатын қашан... былай, отбасын күтiп ұстайсың, а? Қашан келсең де жайрап жатқан дүния. Қу құдай, осы
битбалақты менiң маңдайыма қай күнi жаздың? Оу, құдай естисiң бе? — деп ол қос қолын жоғары көтере берiп едi, көзi
атыздай боп тоқтады: шаңырақтың дәл үстiнде бiр сауысқан қонып отыр. Ол имек қара тұмсығын берi бұрып, кiшкене
қара тастай көзi жылтың-жылтың етiп, қарап қояды. Аса сақ. Бiрдеңе болса, ұшып кетуге дайын отыр. Тиышбек әуелi
абдырап қалды. Артынша есiн жиып, ыржалақтап, балаларына қоқилана қарап қойды. — Апырмай, мынау жақсылыққа
болса жарар едi? Әй, қатын, сауысқанды осы неге жоритын едi?
— Оны мен қайдан бiлейiн? — деп, ұрыс тiлеп, тамағының астындағы күре тамыры бiлеуленiп, түрi әлден-ақ көгiс
тартып шыға келген Ақрәш шап ете қалды.
— Иә, ым. — Тиышбек мiңгiрледi. Сосын күрт жадырады. — Ойбай-ау, осы менi қандай қара басқан? Ау, бұл деген
бейiш құсы емес пе? Ол кез келген жерге қонбайды. Қыдыр айналған, берекелi шаңыраққа ғана қонады ғой. Ойбай-ау,
бұ деген... — Ол кiлт тоқтай қап, басына бiр ой түсiп, төрде үйiлiп жатқан көрпе-төсектi бiр жерге үйе бастады. Оларды
биiктетiп барып, үстiне жәйiмен шықты. Сексеуiлдiң шырпысынша арбиған қолын жоғары көтере берiп: — Кiшiм,
кiшiм, — деп қойды. Сосын сасық күзенше мойнын созып жiберiп, сауысқан қонып отырған шаңыраққа шап бердi. Бiрақ
қолы тайып кетiп, өз салмағын өзi ұстай алмай, шалқ ортасынан құлады. Сауысқан шықылықтап, ұша жөнелдi. Ашу
қысқан Тиышбек орнынан атып тұрып, қап-қара боп: — Бәрi сенiң кесiрiң! — деп, Ақрәштi бүйiрiнен бiр тептi.
— Ойбай, мен нағылдым? — деп Ақрәш баж ете түстi.
— Сен маған не қылмадың, ә? Өмiр жасымды өксiтiп келгенiң аздай, ендi құдайдың өзi айдап әкелген сауысқанды да
ұстатпадың.
— Аяғына дұрыстап шап ете қалма деген мен бе?
— Сен, сен! О баста маңдайың ашылмаған қара бақсың! Өмiрi iшкен асы бойьша тарамаған қу тақыр кедейсiң!
— Өйдөйт, шiркiн! Өзiнiң ата-бабасы оңып тұрғандай-ақ...
— Әй, мынау не дейдi, әй? Өзiнiң көзiнiң етi өсейiн деген бе? Мен кәзiр соны сылып тастай қояйын, — деп Тиышбек
қамшы ала ұмтылды. Келген бетте әкiреңдеп, Ақрәшты қыр арқадан тартып-тартып жiбердi. Долы қатын орнынан өре
түрегелiп, бұ жолы қаймықпастан, күйеуiмен алыса кеттi. Сырттай қоқиланғанымен, затында қорқақ, бұлай бола қояды
деп ойламаған Тиышбек аяқ астында сасып қалды. Сосын тез арада есiн жиып, дөңайбатын алдырғысы келмей: —
Мынау кәйтедi, әй! — деп кiжiнiп, қамшысын жоғары көтере бердi.
Ақрәш оның оң қолына шап етiп жабыса түстi. Бұл қолын босатып алайын деп, бұлқынып көрiп едi, аузына келгенiн
аталап, шаңқылдаған долы қатынның тарамыс қолы жазыла қоймады.
Соны көрiп отырған Қылышбек шиқылдап күлiп, шалқасынан жата кеттi:
— Қай жеңгенiң менiкi.
Тиышбек ашуға булығып, қып-қызыл боп, қолын босатып алуға тырысып едi, Ақрәш жiбермедi. Сосын болмағасын
Тиышбек лезде бет-өңiн билеп ап, ыржиып:
— Өй, сен де бiр. Өзiң ойнағанды бiлмейдi екенсiң ғой, — дедi.
Ақрәш соған алданып, қолын босата берiп едi, Тиышбек қайтадан қаһарға мiнiп, әйелдi шапалақпен жақтан тартып-
тартып жiбердi. Ақрәш қалпақтай ұшты. Сосын орнынан атып тұрды да, зәрi бетiне шыққан қатын дереу байының
жағасына жармаса кеттi. Қарулы қолдарымен қылғындырып, сығып барады. Сол арада жаны қара бақайына дейiн кеткен
Тиышбек, көзi аларып, аузынан ақ көбiгi ағып:
— Ойбай, өлдiм! Қылышбек, Күмiсбек, қайдасыңдаар? Қарақ-қ-тар-ым, өлдiм, — деп қырылдады.
Қылышбек әлi шиқылдап жатыр:
— Көке-ау, өзiңнiң обалың жоқ.
Ақрәш байы қалжырады-ау дегенде барып қолын босатты. Сосын басы айналып кеткен Тиышбектi өңменiнен бiр
нұқып:
— Ендi қоқилансаң, соймай өлтiрем, — дедi де, аяғын одыраңдай басып, сыртқа шығып кеттi.
Тиышбек есiн шаққа дегенде жиды. Ол демiн жиi-жиi алып, әйелiнiң қолы батып қалған алқымын сипалап, ұзақ
отырды:
— Шынында, бiздiң қатын қайратты, ә? Қарашы, тамағымды езiп жiбере жаздағанын. — Ол саусақ iзi әлi кете
қоймаған тамағын балаларына көрсеттi. — Әгәр ғой ол осылай ана бар ғой... хиуалықтың алқымына жармасса, құдай
бiледi, жастығын астына алмай өлмейдi. Жарайсың, қатын! Туымды, сөз жоқ, туымды! Сондай ата-анадан ез боп туған
сендер ғой, — деп, ол қайтадан екi ұлын қағытып өттi. — Ойбай-ау, маған ұқсай алмасаңдар да, ана шешелерiңе
ұқсамайсыңдар ма? Ол деген... былай... тепсе темiр үзетiннiң нақ өзi ғой. — Ол қалт тоқтай қалды. Сырттан шыққан зор
дүсiрге құлағын тiгiп, орнынан атып түрегелiп, сыртқа атып шықты. Қара дөңнен бермен қарай құлап келе жатқан қалың
қолды көрiп, жүзi қуарып, кекештенiп қалды. — Ас-с-тапыралла! Мынау жау-у ғой! Құр-р-ы-дық!
Ақрәш бажылдап жүр:
— Ана сiптiр қатын қайда? Ұлбосын, деймiн, тез ана сәйкеге қарай қаш! Мына қаптаған айғырлар қызғыштай қорып
жүрген жазыңның пәре-пәресiн шығарып, шаңыраққа iлiп кетер! Бол, құры!