— Бiздi бүйтiп не алжастырды?
— Ағайынға сойыл көтерiп не жынымыз бар едi?
— Бiр қатын үшiн сонша бүлiнiп осы бiзге не көрiндi?
— Кеше соны әруағыңнан айналайын Үмбетекем айтпап па едi? Әруаққа қарсы боп, сазайымызды тарттық!
— Ау, ағайын, бәтуә!
— Иә, бәтуә!
— Иллаһи, әумин, бәтуә!
Қалың топ күңiренiсе Жәнiбекке қарады:
— Бәтуә! Бәтуә!
Жәнiбек тұла бойы шымырлап, тебiренiп кеттi. Көзiне жас кеп қалды. Сақалына құйылған жасты сүртпестен, қолын
жоғары қарай көтере бердi:
— Иә, Алла, осыдан бастап ағайынға ауызбiршiлiк бер! Араздықты жойып, татулық нұрын әр кiсiнiң iшiне түсiр!
Илләһи әумин! — деп өзi бiрiншi боп бетiн сипады.
— Илләһи әумин! — дегi күңiренген топ беттерiн сипасты.
Жәнiбек сол арада тез ақылға келдi. Ендi кiдiрсе, хиуалықтардың зеңбiрекпен атқылауы мүмкiн. Ол тездетiп топ
алдына түсе бердi:
— Берi қарай тартыңдар! Кеттiк!
Қалың топ лап қойды. Аттары жоқтары жолдастарының артына мiнгесiп алған. Ылжыраған топырақты тұяқтары
қаза түскен мың сан жылқы салқа жортып келедi.
Жәнiбек жаңағы жерде өзiнiң Ядгарбекке қалай қарсы шыққанын аңдамай да қалған едi. Ендi мұның соңы оңай
тимесiн бiлiп, iшiнен тынды. Сөз жоқ, хиуалықтар жақын арада күш жинап ап, қазақ ауылдарын шабады. Ендiгi қалған
жол — соған тiзе бiрiктiрiп қарсы тұру. Ол үшiн Ережеп қолымен қосылмаса болмайды. Бiрақ оларға бiрден салып ұрып
жетiп бару ыңғайсыз. Жәнiбек Қожанияз қамалынан ұзап шыққаннан кейiн, қолды iрiктi. Он шақты жiгiттi қазақ
ауылдары тездетiп Қырға көшсiн деп, жан-жаққа шаптырды. Өзi Қалдыбайды басшы етiп, бас-алты жiгiттi Ережеп
қолына жiбердi. Қалдыбайға қалайда келiсiп қайт деп тапсырды. Өздерi Қуаңның сусыз арнасында қонып қалды.
Ертеңiне түске таман Қалдыбай қайтып келдi. Қабағы түсiп кетiптi:
— Болмайды!
Ережептiң бiтуажаға көне қоймайтынын Жәнiбек iштей сезген едi. Қысталаң шақта амалы құрып, ағайыншылыққа
шақырып, суысқан жүздерiн жылытып алам ба деп едi, онысынан дәнеме де өнбегенiн бiлiп, Жәнiбек қатты қапаланды:
— Қиын кезде ел басын қоса алмай-ақ қойдық-ау! Тым құрымаса осындайда ашу-араздықты тастасақ кәйтедi? Ендi
не амал!
Ол түйiлiп, ұзақ отырып қалды.
21
— Ойбай, құрыдық! Қатын-ау, қатын, қайдасың?! Бол, үйдi жық, көшемiз!
Тиышбек жаман атын борбайлатып жеткен бойда жерге дүрс етiп түсе қап, артынан құтырған ит қуғандай боп үйге
асып-сасып кiрдi. Былтырдан қалған жабағы жүндi шүйкелеп отырған Ақрәш екi көзi атыздай боп, орнынан атып
түргелдi:
— Немене жайшылық па?
— Қайдағы жайшылық? Хиуа келiп қалды! Құдай-ау, саған кеше үйдi жығып қой демеп пе едiм? О қу құдай! Менiң
маңдайыма осындай масылдарды жазып қойған! — Тиышбек күйiп кетiп, маңдайын оң қолымен тоқпақтап алды. Сосын
жан-жағына қарап: — Қылышбек, Күмiсбек, қайдасыңдар? — деп, өзiнiң аузынан түсе қалғандай, жайын ауыз сопақбас
балаларын шақырды.
Қылышбек дейтiн баласы өзiнен мүлдем аумайтын. Қотан аяқ. Екi бұтының арасынан ел көшкендей. Аузы жайылып,
дыбырлап сөйлегенде, кiсi ештеңе ұғып болмайды. Кәзiрде де ол:
— Хиуалықтарды-ды-ды-ды, — деп дыбырлай жөнелiп едi, Тиышбек қоқиланып, ақырып тастады:
— Өй, көргенсiз! Өй, жетесiз! — дедi. — Мен саған адам құсап сөйле деп қашанғы айтам? Осы сен кiмге
тартқансың, ә? Әлде... — Ол қатынына алара қарады. — Осы көлденеңнен... — дей берiп, iшке кiрiп келе жатқан
Ұлбосынды көрiп, сөзiн кiлт үздi. — Адам деген былай анық қып сөйлемей ме екен? Қатын алып, түтiн түтетiп отырсаң
да, әлi бiр есiң кiрмейдi. Өй, маубас! Мәгәс!
Оның Күмiсбек дейтiн кенжесi биыл бiр мүшелге толған едi. Үнемi билiгi қыштап отыратын ол осы арада шыдамай:
— Көке-ау, оны қой! — дедi. — Кене болмайды. Тiлiн төсеп сөйлегеннен басқа бiлерi жоқ. Ана жеңгемдi...
— Не, не? — Тиышбек адырайып шыға келдi.
— Ана жеңгемдi дейiм.
— О не? — Тиышбектiң бас-терiсi тырысып шыға келдi. Есiне былтырғы уақиға түстi. Қылышбегiн өзi Қарақ тауы
жағындағы бiр ауылдан араға нағашылы-жиендiгiн салып, қыз алып берiп, аяқтандырған едi. Келiнi нағыз сен тұр мен
атайын. Бел дейтiндей бел жоқ, шомбал. Кеуде мен бөксесiн тұтастай қара ағаштан шауып қоя салғандай. Соған
керiсiнше басы түймедей кiшкене. Көзi үнемi ойнақшып тұрады. Соны көрiп, Тиышбек: “Тiпә, тiпә! Мына кәпiр кiсiнi
дiннен шығарар!” — деп сырт айнала берiп, үш рет түкiрген болатын. Сосын бiр оңашасын тауып, ыржалақтай берген
Қылышбектi: “Қасқа, қатыныңа еге бол! Мұндай ту биелерге сүйкенетiн еркек деген осы елде толып жатыр. Iргеңе кеп
қотыр бура бiр сүйкенiп, қышуын қандырса, екiншi қуып кетiре алмайсың. Басыңда бiр шайнам миың болса, келiндi осы
бастан мықта”, — деп нығарлаған едi. Сол қамшы болды ма, әумесер неме әйелiнiң басынан қамшы айырмайтын болды.
Бiр күнi әдейiлеп, жұрт көзiне түспей жасырынып барса, Қылышбек аузы ыржалақтап, атам заманнан бермен сандық
түбiнде жатқан ескi қанжарды тасқа жанып отыр. Бұл шошып кетiп:
— Әй, мұның не? — деп едi, баласы дыбырлап:
— Соям, — дедi.
— Е, кiмдi?
— Қатынды.