— Кетшi, сен қатын да бiр, —деп, Ұлбосын шешесiне алара қарап, бетiне қазанның түп қүйесiн айғыздап жаға салды
да, үстiне жыртық-жыртық ескi киiмдерiн киiп ап, сай жаққа жүгiре жөнелдi.
Қылышбек пен Күмiсбек iштен осы кезде шыққан едi. Екеуiнiң қолдарында қазан пышақ. Соны көрiп, Тиышбек азар
дегенде тiлге келдi:
— Әй, мыналарың не?
— Келгенiн келгендей соямыз!
— Өй, қатырасыңдар! — Тиышбек бойын түзедi. Сосын қол жаққа қарай берiп, тарқылдап күлiп жiбердi. — Өй,
мынау... өзiмiз екен ғой.
Жәнiбектiң қолы кеп, осы ауылда азырақ тыныстады. Тиышбек ендi қайратқа мiндi. Үй iшiн Хиуа қолы жете
қоймайтын Арқа бетке аударылып көш дедi де, өзi сандықтың түбiнде атам заманнан берi дат басып жатқан сирақты
қара мылтығын алды. Оны қаумалаған елге көрсетiп тұрып:
— Бұл жарықтық ата-бабамнан қалған мұра едi. Әкемнiң әкесiнiң әкесi құба қалмақ заманында бiр тайшыны осымен
атып өлтiрген екен. Содан берi ұсталған жоқ. Ендi мен... мен бар ғой, нақ ерегiскесiн осы мылтықпен Дадабек сарттың
өзiн атып өлтiрем, — дедi.
— Ау, оның гүм болғаны қашан, — дедi әзiл-күлкi керек жiгiттер жамыраса күлiп.
— А, солай екен ғой. — Тиышбек қолын бiр сiлтедi. — Ендеше бар ғой... ана Хиуаның ханын атып жығам.
— Ау, ол саған атқыза қоя ма?
— Е, атқызбай! Көкең бәрiнiң ретiн табады. Одан да... — Тиышбек қабағын шарт түйдi. “Осылар тамакқа ортақ боп,
қайдан ғана қаңғып келе қойды? Әлде мылтық атып қорқытсам ба екен?” Осы ойы өзiне қызық көрiнiп, ол тез жүгiрiп
барып, сандық түбiнен атам заманнан бермен ораулы жатқан түйiншектi алды. Иiстенiп кеткен қара дәрiнi мылтықтың
аузына тығып, үстiне бытыра салып, ұзын темiр таяқпен нығыздап, бiраз отырды. Сосын қоқиланып сыртқа шықты. —
Жiгiттер, мен сендерге кәзiр кә-р-ррә-мәттi көрсетейiн.
— О не?
— Ойбай, сұрама! Бұл мылтықтың даусы ертеңгiсiн еңiреген зеңбiрiктей ғой. Естiген жанның иманы тас төбесiнен
бiр-ақ барып шығады. Сосын-ақ жауды қаша бередi деп бiл. Ал, кәне, былай тұрыңдар. Мен сендердiң көкелерiңдi
көздерiңе көрсетейiн, — деп, Тиышбек қара мылтықты жоғары көтерiп алды. Сосын алақтап жан-жағына қарап тұрды.
— Әй, жiгiттер, ненi атайын, а?
— Анау қарғаны, — дедi Қалдыбай күлiп.
— Жоқ, қарғаға оқ шығындайтын жайым жоқ. Ойбай-ау, кәзiр қорғасын деген ердiң құнындай боп тұрған заман емес
пе? Одан да мен... — Тиышбек шаңырағының үстiне қонып отырған бағанағы сауысқанды көрдi. — Әп, бәлем, сенi ме?
Өзiңдi ажал қуып келген болды. Кәнеки, қанды басың берi тарт, — деп кiжiне сыбырлап, оны қарауылға алды да, тiсiн
шықырлатып, бiр көзiн қысып, ұзақ көздедi.
Шыдамы таусылған жiгiттер:
— Ау, ендi қашан? — дедi.
— Кәзiр, кәзiр, — Тиышбек тымырая түстi. — Өй, әтеңе нәлеттiң құсы! Өзi бiр орнында тұрмайды ғой. Мiне, мiне!
Әп-бәлем! — Тиышбек шүрiппенi басып қалды.
Гүрс ете қалған дыбыс құлақ тұндырды. Сарғыш жалын жылт ете қалды. Бұрын мылтықтың даусын естiп көрмеген
жiгiттер құлақтарын баса-баса қалысты. Төңiректен күңсiген дәрi исi шықты. Сол арада Тиышбектiң баж ете қалған
дыбысы естiлдi. Жұрт шошып кеттi. Барлығы анықтап қараса, сирақты қара мылтық та, Тиышбек те жерде жатыр.
— Әй, не болды? — дедi жұрт үрпиiсiп.
Тиышбек орнынан атып тұрды. Мылтықты қолына ала сап, шүрiппесiнен шөп-шөп еткiзiп сүйдi:
— Айналайын, ата-бабам-ай! Нендей нәстенi тұтынарын бiлген ғой. Өзiнiң дүмi қалай керi тебедi?! Шалқамнан
ұшырып түсiрген жоқ па? Мұндай қарумен қаптаған жауды бiр атқанда-ақ жайратып саласың!
Соны естiген жiгiттер қарқ-қарқ күлдi.
Сол күнi Тиышбек Жәнiбектiң қолына ердi. Ол жүрерiнiң алдында сирақты қара мылтықты мойнына күйекше
салақтатып асып ап, ат үстiнде тұрып, балаларына қарап:
— Ал, сау боп тұрыңдар. Әгәрдә мына ғазауат соғысында шейiт боп кете қалсам, артымнан рухыма бағыштап дұға
оқырсыңдар, — деп кеуiлi босап, дың еткiзiп бiр сiңбiрдi. Сосын атын тебiнiп қап, ұзап бара, жатқан қолдың соңынан
салды.
Кешке таман қалың қол Қуаң жағасына кеп түнедi. Суық сүйегiне дейiн өткен Тиышбек бүрсеңдеп, тiсi-тiсiне тимей,
дедектеп жүр. Кенет ол қалт тоқтай қап: “Осы менiкi не, а? Мен сондай-ақ сардар ма едiм? Ойбай, шаруамды ұмытып
кетiппiн ғой”, — дедi. Дереу атына мiнiп, жау шапқандай боп ауылына қайтып келдi. Сосын жерге дүрс етiп түсе қап,
атын тұсап жiберiп, мылтығын кезеген күйi қара үйге кiрiп келдi де, Ақрәштi орнынан тұрам дегенге қаратпай:
— Мен майданда қанға боялып жатқанда, сен үйде тырайып пырылды соқпақсың, а? Нан жеместi тапқан екенсiң, —
деп қапсыра құшақтай алды.
— Қой дейiм, ойба-а-ай! Өй, саған не болған өзi? Балдар... ба-а-л...
— Мен саған балдарды көрсетейiн...
— Қой, ойбай! Өй, өзiңе.... немене бiрдеме көрiнген бе? — деп, Ақрәш оны жұдырығымен арқасынан төмпештеген
болды.
— Төмпеште, төмпеште! Мен саған төмпештегендi көрсете қояйын... Кәне, бы-ла-а-ай... томпытып...
— Ойбай... ақырын.... адамды өлтiресiң бе, әй... жәй-ләп... иә, солай... жаны бар нәсте ғой, ақырындап... — Ендi
Ақрәштың жұдырығы жазылып, Тиышбектiң қырдай ыржиған омыртқасын бойлай сипады.
— Өй, өзiң... бапты бiлесiң ғой... Е-е, солай...
Аздан кейiн Тиышбек шалқ ортасынан жатып, бағана оқ жұлып кеткен шаңырақтық шыбығына қарап, қарнын
сипалады:
— Бұ да бiр бiткен шаруа болды!
22