Асан Байбосынның ауылы жаз шыға бере Қотанкөлдiң бойын барып жайлайтын. Оған дейiн Қазалының төменгi
жағындағы көлi-қопалығы, ықпанасы жетерлiк қалың нудың iшiнде қыстап шығатын. Бұл ара малға жайлы. Әсiресе,
небiр ақбасқынның кезiнде. Қырдан ысқырып қарлы боран соққанда қорасы жоқ уақ жандық сол қалың қопалықтың
iшiне кiрiп кетiп, жан сақтайын. Сыртта боран әулеп соқса да, оның iшi жып-жылы боп тұратын. Ал жазға қарай олар
маса-сонасы аз, салқын, сабатты Қотанкөлдiң жағасына барып, ақшаңқан қараүйлердi тiгiп тастап, қымыз iшiп, алты ай
жаздың қызығын әбден көретiн. Тек соңғы бiр-екi жылдың көлемiнде Байбосынның аулы сол Қотанкөл жағына бара
алмай қойған-ды. Жаздай Дадабекке жалпақтаймын деп Байбосын сардарлығын мiндет қып, аулын онша алысқа ұзатып
көшiрмейтiн. Ендi Хиуадағы тiрегi құлағасын, оның кеулi Қотанкөл жағына ауды да тұрды. Анада бiр жiгiтiн жiберiп,
соның ау-жайын байқап көргiзiп едi, Әлiм Шыңғыстан тарайтын қалың Жақайым сол көлдi иемденiп алғандай да
сыңайда екен. Олар балығы тайдай тулаған көлге кеп қармақ, ау салып, әбден қарық боп жүрген көрiнедi. Сол мұның
қытығына тидi. Ақыры бiр күнi ешкiммен ақылдаспастан, үйлерiн тез-тез жықтырды да, Қотанкөл жағына қарай көшiп
кеттi.
Қазалының маңайынан ұзап, Қырға шығысымен ауа бiрден қоңыр салқын тартып сала бергендей болды. Байбосын
қасындағы жiгiттерiмен көштен бiраз озып жүрiп отырды. Араға бiр қонып, ертеңiне түске таман Қотанкөлге келсе, ол
бұрынғы үйреншiктi жәйттiң бiрiн де таба алмай, ерiксiз тоқтай қалды. Өз көзiне өзi сенбей, қолымен көзiн күннен
көлегейлеп қараса, Қотанкөлдiң жағасы қаптаған кiсi! Балықшы Жақайымдардың көл бетiнде жүрген қайықтары жүдә
көп! Оның бер жағында диханшылық жасап жатқандары да жетерлiк! Бәрi де Қотанкөлдi бұрыннан ата-бабасының
қонысы сықылды көрiп, еркiн жүр! Бұл Байбосынның жынына тиiп кеттi. Қасында келе жатқан Асан Әйiмбетке қарап:
— Апырмай, мұндай да болады екен-ау! — дей бердi.
Ол да таңғалып тұр екен:
— Шынында да... мыналар... Қотанкөлдi иемденiп алғаннан сау ма, өзi?
— Мен де солай деп тұрмын.
— Ойбай-ау, ол деген бiздiң ата қонысымыз емес пе едi? Жақайымдар соны бiлмейтiн бе едi?
— Бiлсiн, бiлмесiн, осылай iстеп отыр, — дедi Байбосын оның бетiне сынай қарап.
— Қой, бұған көнетiн жағдай жоқ,— дедi тiк мiнездеу Әйiмбет болбыр бетi қарая түсiп, бiрден түнерiп кеттi. —
Сонда... көнбегенде не iстейдi?
— Не iстейтiнi бар, барып, әйдә, қайқай деймiз!
— Ендеше сүйтейiк! — дедi де, Байбосын атына қамшы салды.
Олар келгенде, Жақайымдар қаннен-қаперсiз өз шаруасымен айналысып жатыр едi. Байбосын келген бетте түгiн
бетiне шаншып, бiр сылыңғыр қара жiгiтке:
— Әй, сендердiң бұларың не, а? Мына көл менiң көлiм емес пе едi? Соны ұмытып қалдыңдар ма? — дедi айқайлап.
Ана жiгiт бұның дөңайбатынан қоймады. Баяғыда Хиуа бегiнiң оң қабағын алып жүрген кезiнде, бұдан жұрттың бәрi
iнгендей қайқаңдап қоя беретiн едi. Шамасы, мынау оны бiлмейтiн сияқты, мұның бетiне тура қарап:
— Көке, көл дегендi жаратқан бiр құдай. Оны егәләнәтындай немене сен құдаймысың? — дедi.
Байбосын күйiп кеттi. Қамшысын сығымдай ұстап тұрып:
— Әй, көргенсiз, жап аузыңды! — деп қалды.
— Жаппағанда кәйтесiң? — дедi әлгi сылыңғыр жiгiт бұған қайсарлана қарап.
— Әй, мынау Торжымбай бүйтiп кiмдi басынады, а? Байың қайда, биiң қайда? Кәзiр мен саған көкеңдi көзiңе
көрсетейiн! — дедi Байбосын ақырып.
— Оның саған не керегi бар? Би де, бай да менмiн, — дедi әлгi жiгiт ендi қолындағы қадағашын бiлемдей ұстап
тұрып.
— Өй, әкеңнiң аузын... Мә, саған қырсыққан! — деп соларада Байбосын шыдамай, оны қамшысымен қыр арқадан
тартып-тартып жiбердi.
Басын қорғаштап үлгере алмаған жiгiттiң қамшы бетiн тiлiп-тiлiп түстi. Сол екен, әлгi сылыңғыр қара қадағашты ала
сала, Байбосынның тiзесiне бiр қойды. Байбосынның аты үркiп, жалт бердi.. Осы кезде шалт қимылдаған Әйiмбет
жаңағы жiгiттi шоқпарымен шекесiнен ұрып үлгердi. Сол арада жаман жаппадан жардай қара кемпiр жүгiре шығып,
жаман даусымен барқырап:
— Ойбай, ойбай! Қырды! Өлтiрдi! Қайдасыңдар, ойбай?! — деп ауыл-үйдi басына көшiре жөнелдi.
Мына айқайды естiген бойда, шеттерiнен кiлең ұр да жық, ақи, үйдi-үйде iшi пысып, екi қолдары алдарына сыймай
отырған Торжымбайдың әпербақан жiгiттерi сыртқа жүгiре-жүгiре шықты. Олар ауылдарына келiп, төбелес жасап
жатқан жиырма шақты атты кiсiнi көрiп, қолдарына iлiккен сойыл, таяқтарын ала сала тұра ұмтылды. Келе барлығы
төбелеске кiрiсiп кеттi.
Байбосын аяқ астында мынадай шатақ шығып кетедi деп ойламаған да едi. Ол ендi Торжымбайлардың қарасы
көбейiп кеткенiн көрiп, дойыр қамшысын олай-бұлай сiлтеп, топ арасынан жарып шыға бердi. Өзi барқырап:
— Берi! Берi! — деп айқайлап барады.
Араларында бiр-екi найза үстағандары бар Асандардың жiгiттерi де шеттерiнен қарулы болатын. Олар найзамен бiр-
екi жiгiттi түйреп түсiргесiн, жаңа ғана өрттей қаулап, дүнияның бәрiн қарап қылатындай боп келген Торжымбайлар
сескенiп қалған едi. Жақайымдар ендi аса жақындамай, сойылдарын анадай жерден сiлтеп, дөңайбат қыла бастады.
Соны көрген Байбосын табан астында ақыл тауып, ығыстап бара жатқан Асандардың алдына түсе бердi.
Ауылдан ұзап шыққасын, таяқ жеген бiр-екi жiгiт ызаланып:
— Қап, мыналардың азарын-ай!
— Өздерiнiң көздерiнiң еттерi өсiп кетiптi!
— Оны былай... сылып алу керек!
— Көзiнiң етiмен қоса, енектерiн де...
— Ау, осы бiз... ана гүмпiлдектерден неге қаштық, а?
— Неге бәрiн қан қылмадық? — дестi.
Байбосын атының басын iркiп, тоқтай қалды:
— Оларды қан қылу қайда қашар дейсiң? Әуелi мына жерiмiздi тартып алайық та.
— Бүйтiп қашып жүрiп... қалай тартып аламыз?