— Әуелi билердiң алдарынан өтейiк те. Оған көнбей бара атса, ауылдарын тоз-тоз қылып шабатынымыз тұр ғой, —
дедi де, Байбосын сен қалай ойлайсың дегендей қасындағы Әйiмбетке қарады.
Әйiмбет бетi болбырап тұрып:
— Бұ да дұрыс, — дедi.
— Ендеше кеттiк, — дедi де, Байбосын көшке қарай сызып бердi.
Келген бойда олар көштi бiр төбенiң астында тоқтатып, түйелердi шөгертiп, қараүйлердi тiктiрдi. Байбосынның
бәйбiшесi ренжiп:
— Шал-ау, суы жоқ жерге тоқтағанымыз қалай? — деп едi, Байбосын кiжiнiп, қолын бiр сiлтеп:
— Өшiр үнiңдi! Бiрдемесiн қылармыз, — дедi. Сосын бiр жiгiттi жақын маңды барлап келуге жiбердi.
Бұлар орналасып болғанша әлгi жiгiт осы арадан онша алыс емес жерде шегенделген құдық бар екенiн айтып келдi.
Байбосын соны дәтке қуат етiп, ендi өз жiгiттерiнiң бас-аяғын жинақтай бастады.
* * *
Торжымбайлар бұлай болады деп ойламаған едi. Асан-дардың ауылдарына кеп қамшы үйiрген жайы етектегi елге
сол күнi тарады. Тентек Торжымбайлар күпiлдесiп:
— Бүйтiп басынғанды көрсетейiк! Барып ойран салып келейiк! — деп, аттарын байлап‚ шайқасқа дайындала
бастады.
Әсiресе, Торжымбайдың батыры деп саналып жүрген, кеспелтек денелi, бетi быдым-быдым сары жiгiт Толыбайдың
көзi ақиып кеттi. Ол мына суық хабарды естiген бойда он шақты жiгiттi жан-жаққа шаптырып жiберiп, атқа қонды да,
қасына бiр-екi жолдасын ертiп, Қотанкөлге келдi. Бұл ауылға жеткенде, Жақайымның ауылдары ызы-қиқы шу боп
жатыр екен. Олардың орталарында — басын шүберекпен таңып алған баяғы таяқ жеген сылыңғыр қара жiгiт Ол мұны
көрген бойда:
— Ағатай-ай, бүйтiп қорлық көргенше, өлгенiмiз жақсы емес пе? Өзiң баста бiздi! Барып быт-шытын шығарамыз! —
дедi кiжiне сөйлеп.
— Бастайым! Сендердi мен бастамағанда кiм бастайды? — дедi әңгүдiктеу Толыбай атынан түсiп жатып.
— Сүйтшi, аға! Мына Асандардың қорлығы өтiп барады...
— Аз ғана сабыр ет! Ертең жiгiттер жиылып келедi. Сосын көремiз.
— Жақсы.
Жақайымдар сол күнi жан-жақтан ағылып келе бастады. Кеше ғана тып-тиыш жатқан Қотанкөлдiң бойы демде ығы-
жығы халыққа толды да кеттi. Әркiм қолдарына тапқан қаруларын ұстап, келiп жатыр, келiп жатыр...
Ертеңiне Торжымбайларға Жақайымның жасы үлкен бiр шалы кеп:
— Қарақтарым, бекерге қан төкпеңдер! Асан дейтiн Жаманақтан тараған бiр атаның баласы емес пе едi? Туысқан екi
жұрт қырылысып жатыр деп ертең басқа ел күлмей ме? Айтқанды тыңдасаңдар, сабыр айлаңдар. Олармен сөйлесiп
көрейiк, — деп едi, желiгiп алған Толыбай:
— Әй, шал, ол ақылыңды басыңа шайнап жақ! Бұл арада сөйлесетiн дәнеме де жоқ! — деп бiр-ақ кестi.
Шал оған алара қарап тұрып:
— Онда өз обалың өзiңе! Батыр деп саған ерген елдiң де есi жоқ екен, — дедi де, екi шалғайын қағынып, үйден
шығып жүре бердi.
Мына сөздi естiп қап-қара боп кеткен Толыбай:
— Мына қақпасты-ай, ә?! — деп, отырған орнынан тұрмақ боп, бiр-екi рет қопаңдады да қойды.
Сол күнi Торжымбайлар аттарын белдеуде ұстап, дыбыл шықса шабатындай боп, тақ отырды...
* * *
Асан Байбосын мұның арты мынадай боп ушығып кетедi деп ойламаған да едi. Ол жиналып жатқан
Торжымбайларды көрiп, дереу Сырдың арғы бетiнде жатқан Асандарға шабар жiбердi. Хабар тиiсiмен-ақ, бiр жұманың
iшiнде Асандардың қолдарына сойыл, қадағаш, шоқпар ұстаған, бес жүзге жуық әпербақан жiгiтi жетiп те келдi. Соны
көрiп, Байбосынның кеуiлi орнына түскендей болды. Ендi өзiнiң қандай жаудан да тайынбайтынын көрсетiп, орнында
нық отырды. Ертеңiне ол Торжымбайларға:
— Қотанкөл — менiң ата-бабам жайлаған көл. Онда iжкiмнiң таласы жоқ. Ағайын, тез көшсiн! Әгәр айтқанды
тыңдамаса, онда өздерiне өздерi өкпелесiн! — деп бiр кiсiнi жiбердi.
Торжымбайлардың да тайынатын түрi көрiнбедi. Олар да жаңағы кiсiден:
— Қотанкөлден балық аулаған бiздермiз. Әуелде осы көлдi қатар жайлап отқанбыз. Бүгiнгi күнi сыпырыла көшетiн
жайымыз жоқ. Байбосын қолынан екi келсе, бiрiн қылсын! — деп сәлем айтьш жiбердi.
Соны естiген бойда Байбосын түрi қап-қара боп, қалшылдап тұрып:
— Ендеше, сөз анық. Тайын тұрыңдар, ертең шайқасамыз, — деп бiр-ақ кестi.
Сол түнi ымырт қараңғылығына таман Жаманқұл сап ете қалды. Ол келген бойда:
— Қалай Торжымбайларды тым-тырақай қуайын деп атсың ба? — дедi.
Байбосын қыржиып:
— Үйтпеске әлтiм болып тұр ма? — дедi.
— Оның дұрыс қой. Бiрақ...
— Не бiрақ?
— Қасқа-ау, пәле-жаладан кеше ғана әзералдалап құтылмап пе едiк? Ана Дадабектiң кесiрiнен ел-жұртқа машқара
болдық. Ендi кеп Торжымбайлармен төбелесiп жатсаң, аналар... — Ол Қырға қарай басын бiр рет қисайтты, — осыны
пайдаланып, әне көрдiңдер ме, бұлардың жүрген жерi осы, қып-қызыл шатақ деп қара күйе жағып шыға келедi. Одан
да... басқаша етейiк те.
— Сонда... қалай? — дедi аңқаулау Байбосын оның ымына түсiне алмай.
— Өй, сен де бiр қызықсың! Жарайды, кәзiр төбелесе салдың. Ал, соның арты не болады, сен сояғын ойладың ба?
Тағы да ағайынның алқасына түсiп жүресiң бе? Онан да... аналардың өздерi осы дауға араласып көрсiн де.