— Сосын...
— Сосын... өзi, ойбай, айтпа, қызық, — деп Жаманқұл еңкейiп кеп, оның құлағына бiрдеме деп сыбырлап едi, күнi
бойы қабағынан қар жауып отырған Байбосын дем арасында жадырап, жас балаша шиқылдап, екi көзiнен суы аққанша
күлiп:
— Мынау бiр... шынында да, қызық екен, — дедi.
Жаманқұл оны бүйiрiнен түрттi:
— Сен оған асықпа. Сүйтiп қатыру керек.
Байбосын күлкiсiн тыйды:
— Сүйтсек сүйтейiк. Сонда оған кiмдi жiберемiз?
— Бұл арада пiсенттi әрi сенiмдi бiреу керек. Мен Бекарыстанның баласы Тойбазардан артық кiсiнi көре алмай
отырым. Ол әкем жiбердi деп, барса, ол, сөз жоқ, келедi.
— Ол өзi... жұмсағанға бара қояр ма екен? — дедi Байбосын қауiп айлап.
— Е, неге бармайды? О деген сенiң күйеу балаң емес пе? Айтсаң болды, iнгендей қайқаңдап кетедi!
— Онда бар ғой, осы шаруаны өзiң тындыр, — деп Байбосын бар жүктi оған арта салды.
— Мақұл, — дедi Жаманқұл құлшынған түрмен, iшiнен боқтағанын бiлдiрмей.
Ол со күнi бұл ауылға қонбастан, Қырда отырған Тойбазардың аулына барып, Байбосынның атынан сәлем айтып,
мына дауды шешiп берсiн деп, оны Тоғанақ батырға шұғыл аттандырып жiбердi. Сосын ол Торжымбайларға соқты.
Толыбай ақиып отыр екен. Ол мұны көрiп, сәл-пәл жуасығандай болды. Жаманқұл оның тамырын басып байқап көрiп:
— Мына Асандардың мұнысы несi? Сонда олардың жүгiнетiн биi ана Тоғанақ па?— дедi.
— Өй, оны... — дедi Толыбай қыжыртып. — Өзiн ел батыр дейдi. Өмiрi былай... шайқасып көрген емеспiн.
— Ойбай, ол деген сенiң қасыңда кiм өзi? Жәй, ел деген дақпыртып айта бередi.
— Солай ма?
— Сен... ендi қалай деп едiң? Өзi бар ғой... ана Құмқамалды жаңғыз өзi қиратқандай паңқып жүр. Соның көкесiн
көзiне бiр көрсету керек-ақ! Оған сенен басқа қарсы келетiн бұ паңайда батыр жоқ, — деп Жаманқұл ендi оның астына
көпшiк қоя бастады.
Бұл мақтаған сайын, Толыбай ешiре түстi. Көзi ақиып:
— Онда, сөз бiттi! Оған батырлықтың не екенiн көрсетейiн! — дедi әңгiрлеп.
— Сен сүйт!
Жаманқұл оны әбден қайрап-қайрап, Байбосындардың аулына келдi. Байбосын бұған жауап күте қарады:
— Нағылдың?
— Бала, былқ етпе! Бәрiн де қатырдым, — дедi де, Жаманқұл сылқылдай күлiп, жастыққа жантая кеттi.
* * *
Қотанкөлдiң басында мыңға жуық қол жинаған Торжымбайлар мен Асандар әлi шын шайқасқа кiрiсiп кетуге батпай,
бiр-бiрiн аңдысып, ырғасып, Тоғанақ батырдың келуiн күтiп, жел шайқап толқыған көлше арсы-гүрсi боп тұрып жатты...
23
Тоғанақ батыр Шiрiк Рабат жағына бiр шаруасымен кеткен едi. Түнделетiп аулына жетiп, қатты ұйықтап қалған ол
күн арқан бойы көтерiле барып оянды. Тұрған бойда таң намазын қаза қылып алғанына өкiнiп, iш дәретiн ап, сәждаға
бас қойды. Дұға ғып болғасын, шәй iштi. Сәндiбек шәй үстiнде бұған қарап:
— Аға, мына Жақайымдарды бүлiнiп жатыр деп есiттiм, — дедi.
— Е, неге? — дедi бұл таңырқап.
— Ана Асандар Қотанкөлге көшiп барса, олар егәләнiп қойыпты. Басты даулары сол көрiнедi.
— Иә, сосын...
— Сосынын бiлмейiм. Кеше осы арадан Тиышбек өткен едi. Сол айтып кеттi соғысайын деп жатыр деп. Зарқұмның
соғысы болғалы тұр дедi.
— Тәйт әрi! Со да бiр өзi... жамандықты шақыра бередi екен, — деп Тоғанақ батыр жаратпай қалды.
Сәндiбек күлдi:
— Аға-ау, ол... мен емес қой. Ана Тиышбек...
— Өй, со да бiр... әңгiменi гөйiтедi де жүредi. Жақсы бiрдеме айтса, тiлi қырқыльш қала ма екен? — Тоғанақ одан
артық үндемедi. Анадағы бiтiмнен кейiн бұл Асан Байбосындардың атын есiтсе болды, ыңғайсызданып болатын. Осы
жолы да бiр түрлi боп, күректей қолымен мұрнын тартқылап қойды.
Сол арада бәйбiшесi сөзге қыстырылып:
— Жаманқұлдардан о да шығады. Ендi Жақайымдарға барып тиiскен бе? Ол өзi... жайына қарап жүрудi бiле ме? —
дедi.
Тоғанақ үндеген жоқ. Ойланып отырып, Қотанкөл үшiн Асандардың әлек салатын бiр жайын есiне алды. Олар
баяғыдан бермен қарай осы көлдi иемденiп келе жатқан едi. Кейiннен өздерi келiсiп, Жақайымдарға көлдiң балығын
аулауға ұлықсат берген болатын. Онда да Асан Байбосын Хиуаға сардар боп, шаршысына толып тұрған кезде,
Торжымбайларға балық аулатып, пайдасына ортақ боп жүрген-дi. Қашаннен тентек Торжымбайлардың ендi
Байбосынның басынан бағы тайғаннан кейiн теңдiк бермей кетуi ықтимал. Екi арада бибiт жатқан ел босқа бүлiнбесе не
еттi?
Ол шәйдi бола бергенде, iшке сәлем берiп Тойбазар кiрiп келдi. Қасында екi жiгiтi бар. Бекарыстан бидiң баласының
тегiн жүрмегенiн сезiп, Тоғанақ ырайланып:
— Сәлемшi болсаң, төрге шық, — деп жоғары жақтан орын көрсеттi. Олар отырып болғасын, Тойбазарға қарап: —
Қалай, әкең пақуатты ма? — дедi.
— Құдайға шүкiршiлiк, — дедi Тойбазар тез сөйлеп. Бұл әкесiнен гөрi шешесiне тартқан, ашаңдау бидай өңдi жiгiт
едi.