— Қалай, ауыл-елдерiң аман ба?
— Аманшылық.
— Ал ендi асықпай отырыңдар, бiр мал сыбағаларыңды жеңдер, — дедi Тоғанақ Тойбазарға қарай бұрылып. Оның
мүнысы оған малды соя бер дегенi едi.
Сол арада Тойбазар дыбырлап:
— Ойбай, Төке, алдыраз болсын. Асығыспыз, — дедi.
— Е, неге?
— Асыққанда, сiзге арнайы шаруамен келiп отырмын. Ана Асандар мен Торжымбайлар менi сiзге арнайы менi
жiбердi. Ара ағайын ретiнде‚ iжкiмге iшi бұрмай‚ дауымызды шешiп берсiн, сiзден басқа iжкiмге тоқтамаймыз дедi. —
Тойбазар сол арада болған жәйттi түгел айтып шықты.
Тоғанақ ойланып отырып:
— Апырмай, олардың бұлары несi екен, а? Ағайынды ел бiр көл үшiн қырыла ма? Мұндайда бармай болмас, — дедi.
Сосын олар кеткесiн, тез жиналды. Қару-жарағын алмады. Тiпте сауытын да кимедi.
Сәндiбек батырға қарап:
— Мен осыған... бiр түрлi сенбей тұрым. Олар неге Төртқара Үмбет биге жүгiнбеген? Неге бiзге емешегi езiле
қалды? Осы... қару алып барсақ кәйтедi? — дедi.
— Қой әрi! Өзi бүлiнiп жатқан елге үйтiп барсақ, ушығып кетер, — деп Тоғанақ жаратпай қалды.
— Сонда да... сақтықта...
— Өй, iждеме етпес! Бiз оларға ара ағайын ретiнде бармаймыз ба?
Тоғанақ Сәндiбектiң айтқанын тыңдамай, қару-жарағын, сауытын үйiнде қалдырып, қасына жиырма шақты жiгiт
ертiп, сол күнi жолға шығып кеттi. Шiрiк Рабат пен Қотанкөлдiң арасы бiраз жер едi. Олар араға екi қонып, үшiншi күнi
дегенде барып Қотанкөлге барып жеттi. Жол бойында Тоғанақ батыр iшiнен, мыналардың айтқандары өтiрiк болар,
ағайын арасының алыпқашты әңгiмесi шығар, деп ойлаған-ды. Ол ендi көл басына жиылған елдi көрiп, сескенiп қалды.
Қотанкөлдiң екi жағына Асандар мен Торжымбайлар шеп құра орналасыпты. Кiсi деген бығы-жығы. Баяғы жаугершiлiк
заман қайтадан орнай қалғандай. Тоғанақтың түсi сұрланып сала бердi. Атын сипай қамшылап келе жатып, қасындағы
нөкерлерiне ештеңе дей қоймады.
Сәндiбек атын тебiнiп қап, мұнымен қатарласа бердi:
— Аға, мыналардың түрi жаман ғой.
— Мен де байқап келе атырмын.
— Қап, қару-жарақты алмай...
— Iждеме етпес. Аңысын аңлалық.
Екi рулы ел мұның келуiн асыға күтiп отыр екен. Олар мұны тездетiп аттан түсiрiп, екi шеп боп отырған ауылдардың
нақ ортасынан алты қанат қара үй тiктi. Онда төбе би Тоғанақ пен екi жақтың басты-басты кiсiлерi жиналды. Тамақ iшiп
болғасын, түс ауа олар ендi дауға қызу кiрiсiп те кеттi.
Тоғанақ сыртқа шығып, төбе басына кеп отырды. Екi жағында — Асандар мен Торжымбайлардың даугерлерi
жайғасты. Тоғанақ оларға қарап, даусын қаттырақ шығарып:
— Ал, ағайын, бүгiнгi күнi бiр-бiрлерiңе өкпелеп, мынадай бетi кәттi шаруаға кiрiсiп кеткен екенсiңдер. Не
өкпелерiң бар, соның бәрiн қалдырмай айтыңдар, — дедi.
Байбосын бiрiншi боп сөйледi. Ол Торжымбайларға ызалана қарап тұрып:
— Уа, ағайын, Жаманақ дейтiн шалдан тараған үш баланың бiрi едiк, соның бiрi сендерсiңдер. Баяғы бiр жылдары
қарындарың ашып келгенде, елдiң жақсылары мына Қотанкөлдiң ен жатқан балығын аулап, бала-шағаларыңның
ауыздарына ас салыңдар деп келiсiм берген едiк. Соның арқасында тiршiлiктерiң жақсарып, күнелттiңдер. Содан бермен
де бiраз жыл өттi. Мен сонда көп мал сұрап па едiм? Сұраған жоқпын. Ау, бүгiнгi күнi өз ата-бабамның қонысына
келсем, сендер бермейiм дейсiңдер. Сонда бұл қандай әдәләтқа жатады? Осы да ағайынгершiлiк пе? Сендер
жақсылықты бiлмейтiн ел екенсiңдер. Берсеңдер, — жолыңнан, бермесеңдер, — қолыңнан. Айттым, — бiттi! Кестiм, —
үзiлдi! Көл менiкi, оған iжкiмнiң әкесiнiң дауы жоқ! — деп арлап барып тоқтады.
Тоғанақ ендi Торжымбайларға бұрылды:
— Ал ендi сендер бұған не дейсiңдер?
Ортаға Торжымбай руының биi боп, алшы топта көсiле сөйлеп жүрген Адырбек дейтiн бiреу шықты. Оның бiр иығы
қисық болатын. Басын бiр жағына қисайтып ап, ол да бiрден:
— Уа, Асандар! Алысым емес, жақынымсың! Жатым емес, туысымсың! Саған да менiң айтар өкпем бар. Рас, сендер
баяғыда қиыншылық көргенде бiзге көлдiң балығын аула деп қарастыңдар. Бiрақ ойласаңдар, ау, ол деген құдайдың
жаратқан өз қазинесi емес пе? Сендер соны немене желiдегi жылқыларыңды алдымызға айдап әкеп салып бергендей
көресiңдер ме? Ау, бiз балығын ауласақ, еңбек еттiк. Ол дегенде маңдай тер, табан ақымыз адал. Сонда сен құдайдың
кең жатқан қазинесiн де бергенiм деп бiлесiң бе? Оның есесiне жыл сайын алым-салық жиып, пайдаға шаш етектен
батпап па едiң? Ол аздай аулаған балығымыздың жарым-жартысын алып тұрмап па едiң? Оның үстiне, бiз дихан елмiз,
тары, арпа егемiз. Сен онан да өз үлесiңдi алып тұрдың. Осының бәрiн есептей келгенде, мына Қотанкөлдiң жағасының
құны бiтiп те қалды. Бұ йерге сол сәбәблi бiздiң де таласымыз бар. Сен тұрған жерге бiз де тұрамыз. Көлдi егәлануға
бiздiң де хақымыз бар, — деп, қамшысымен жердi бiр салып өттi.
Торжымбай жағы шу ете түстi:
— Би дұрыс айтты!
— Көл бiздiкi!
— Онда iжкiмнiң әкесiнiң құны жоқ!
Соны естiген Асандар жағы да қызып шыға келдi. Сотқар жiгiттер әлден-ақ дауыс көтерiп:
— Сендер үйтiп сандаламаңдар!
— Қотанкөл қашаннан Асандiкi болатын!
— Әйдә, қайқай! — деп шаңқ-шаңқ ете түстi.
Тоғанақ қолын жоғары көтерiп, шудың басылғанын күтiп, азырақ iркiлiп қалды. Сосын қаттырақ сөйлеп:
— Ау, ағайын, орталарыңа менi дауымызды шешiп бер деп шақырған екенсiңдер. Ендi менiң билiгiмдi тыңдаңдар!
— дедi. Сосын екi жақта отырған жұртқа қарап: — Мен мұны былай түсiнiп отырмын. Мына жатқан Қотанкөл Асандiкi