Стр. 106 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

де, Торжымбайдiкi де емес. Бұ көлдiң егәсi Алты ата Әлiм, соның iшiнде Жаманақ аталығы. Баяғыда... ана Қырым
жағындағы он сан Ноғайлы бүлiп‚ Асан қайғы жер iздегенде... сонда деймiн-ау‚ мына жатқан жерде Қарақалпақтың
Аламесек пен Қатаған дейтiн екi ханы хандық құрып отырғанда... соларды қуып шыққан кiм едi? Ол өз алдына. Алты
ата Әлiм Қызылжыңғыл, Бабыс айналып осы жерге келгенде, о кезде Асан да, Торжымбай да әкесiнiң белiнде болатын.
Со кезде осы көлдi егәланған Жаманақ едi. Ау, содан Шыңғыс, Өрiс, Баубек дейтiн үш бала дөремейтiн бе едi? Соны
бүгiндерi кiм ұмытты? — деп бiр тоқтады. Сосын сiлтiдей тынып қалған жұртты көрiп, сөзiн әрi қарай жалғастырып
әкеттi. — Қарап отсаңдар, құдай айырмаса, адам айырмайтын туыссыңдар. Ендi келiп құдайдың кең жатқан қазинесiне
бiр сүйектiң екi басына жармасқан иттей ырылдасасыңдар! Мен сендердiң екi жағыңды да хош көрмейiм. Кеуiл жетсе,
құдайдың қазинесi бәрiмiзге де жетедi. Уа, Асандар, мына Жаманақтан қалған Қотанкөлге сол шалдан тараған Шыңғыс,
Өрiс, Баубектердiң қай-қайсысының да таласуға хақысы бар. Ата дәулетi балларға ортақ деп бұрынғылар айтқан. Тек
соны рет-ретiмен, жөнiмен бөлiп ала бiл. Бұл арада аға баласы Жақайымдардың аулына келiп қамшы үйiрген, Асан,
сендердiкi тентектiк! Сол үшiн ат-шапан айыбыңды төлейсiң. Ал iнiнiң бiр еркелiгiн көтермеген аға баласы,
Торжымбайлар, бiрден қол құрап, елдi дұрлiктiргендерiң жарамайды. Ол үшiн Алты Әлiмнiң алдында афу өтiнесiңдер.
Сонымен Қотанкөл бәрiңе де ортақ. Менiң билiгiм былай: Қотанкөлдiң батыс жағын, Торжымбай, сен егәлан! Шығыс
жағын, Асан, сен егәлан! Бәтуә осы болсын! Кәнеки, осыған бата қылайық! Иә, илләһи әумин! — деп сол арада Тоғанақ
қолын жая бердi.
Жиылған жұрт қолдарын ықылассыз көтердi. Бата бiтiп, бет сипасып жатқанда, Тоғанақ Жаманқұлдың Байбосынға:
— Мынау бiздi Торжымбайларға жығып берiп қатырды-ау‚ — деп сыбырлағанын Тоғанақтың құлағы шалып қалды.
Даугерлер орындарынан ықылассыз тұрып, наразы боп бара жатты. Тек қана Асандар мен Торжымбайлар қуанысты.
Олар Тоғанаққа кеп, қолын алып:
— Билiгiңе болайын!
— Алдыраз болсын!
— Бекәрға қан төгудiң не керегi бар? Көл бәрiмiзге де жетедi.
— Мың жасаңыз! — дестi.
Сол күнi Тоғанақ ортада тiгiлген үйде даярлаған тамаққа қарап бiраз кiдiрдi. Аздан кейiн ортаға дастархан жайылып,
тегештерге салынған ет әкелiндi. Еттi төменгi жақта отырған бiр екi жiгiт қындарынан кездiктерiн алып, ептiлiкпен
турай бастады. Ара-арасында олар бұларға тиесiлi жiлiктердi ұсынып қояды. Ет туралып болғасын, қызметшi жiгiт бiр
тегештi мұның алдына қарай ысырды. Дәм келгесiн, Тоғанақ бiрiншi боп қол созды. Тамақ үстiнде екi жақ та онша
ымыраласқан ыңғай көрсете қоймады. Соған қарап отырып, Тоғанақ екi жақтың да келiспесiн, дауды шешкен мұның
өзiне бiр жаманшылық жасамаққа нық бекiнгенiн анық байқады.
Табақтар алынып, келiндер сәлем еткеннен кейiн, Толыбай дастарханның шетiн қайырып жiберiп:
— Сонымен... құдайдың көлiн де екiге бөлдiк пе? — деп қойды.
Басқа Торжымбайлар оны қоштап, қолтығына су бүркiп:
— Айтпа!
— Ендi қақты да бөлiп алармыз!
— Бiзге жетпегенi осы едi, — деп қалысты.
Тоғанақ үндеген жоқ. Оны Жаманқұлдың бiр iске айдап салып жүргенiн осы жолы олардың ымы-жымынан аңғарған
едi. Iштей өзiнiң қару-жарағын алмай шыққанына ендi өкiндi. Сосын бiр қапысын тауып, осы ауылдан бiлдiрмей шығып
кету жағын ойластырып отыра бердi.
Күн еңкейе бере Торжымбайлар да, Асандар да екi жаққа қайтты. Соны сылтауратып, бой жазбақ боп, Тоғанақ
жiгiттерiн дереу атқа қондырды. Бұлардың кетiп бара жатқанын Жаманқұл байқап қалса керек, ауылдан ұзап шықпай
жатып, арттарынан қуып келе жатқан Торжымбайлар көрiндi. Алдарында — Толыбай! Оның үстiне киген сауыты батып
бара жатқан күннiң сәулесiнен бiр түрлi қызғылт тартып көрiнедi. Ол қолына шашақты найзасын оңтайлап ұстап
алыпты.
Соны көре сала Сәндiбек қап-қара боп кетiп:
— Қап, әттеген-ай! Қапыда қалдық-ау! — дедi.
Торжымбайлардың жаулыққа басқанын бiлген Тоғанақ ендi кiдiрмей, қатты тебiнiп қап, астындағы атының
сауырына қамшы салды. Сол екен, ұзындығы есiк пен төрдей келетiн, талай қанды шайқаста боп, қожайынының ниетiн
тақымының қысысынан түсiнетiн қазанат кенет ытқып кетiп, алдыңғы екi аяғын барынша созып, құмдақ жерге түсiп
жатқан тұяқтарының дыбысын қызықтағандай боп, жүйтки шаба жөнелдi. Бұған басқалар да ердi. Азадан кейiн Тоғанақ
батыр қасындағы жiгiттерге қарап қойып, Сыр жақты бетке алып, топтың алдына түсiп ап, құйғыта шауып келе жатты.
Торжымбайлардың астарына мiнгендерi де кiл жүйрiк аттар екен. Шамалыдан соң олардың алдында келе жатқан
Толыбай қалың топтан суырылып шықты. Алымды ат сәлден кейiн бұған жақындай бердi. Тоғанақ ендi шаба бергендi
қолай көрмей, сөзге келсе, тiлдесiп көрейiн, деген оймен, қызып алған атының басын шаққа дегенде iркiп, кейiн қарай
бұрыла бердi. Бiрақ елiрiп алған Толыбай ештеңеге қараған жоқ, — келе қолына ұстап келе жатқан ұзын найзасын
толғай салып кеп қалды. Тоғанақ найзаның өткiр ұшын шынтағымен қағып үлгердi. Тайып кеткен найза мұның
шекпенiнiң етегiн жыра-мыра барып, қара санға кiрш етiп бойлай ендi. Со кезде Тоғанақ қос қолымен найзаға
жармасып, оны керi қарай бiр серiпкенде, найза ұшы санынан шығып кеттi. Батыр ендi әйле-пәйлеге қарамай, найзаны
Толыбайдың қолынан жұлып ап, сап жағымен оны өңменiнен керi итерiп жiбердi. Зор қуатқа шыдамаған Толыбай ауып
кетiп, атынан құлап түстi. Ол жерге топ ете қалған бойда, бет-аузы шаң-шаң боп, екi қолымен жер тiреп, тұра берiп едi,
Тоғанақ атынан тез жерге түсе сап, оны аяғымен кеудесiне бiр теуiп, қайтадан жерге бастыра жықты да, найзаны
кеудесiне қадап тұрып:
— Ә, кәззәп, бибiт келген кiсiге қол көтергендi қай ата-бабаңнан көрiп ең? О, күл шыққыр! — дедi де, найзаны керi
тартып ап, атына тез мiнiп, Сырға қарай кете барды.
Мұны көрген Торжымбайлар батырға батып тиiсе алмай, кейiндеп қала бердi.
Соны көрiп, Тоғанақ қолындағы найзаны жерге лақтырып жiберiп, бiраз жерге дейiн атын шоқырақтата жүрiп
отырды. Сосын санының жарақатының ауырғанын сезiп, бiр арада атының басын тартып тоқтады да, киiз күйдiрiп
басты. Содан
соң еш жерге аялдамастан, ол Шiрiк Рабатқа қарай жүрiп кеттi.