Стр. 107 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

24
Уәйiс-Нияз ендi Райым бекiнiсiн шабуға тиiс қазақ қолының құралмайтынын, Ядгарбектiң қабағы түсiп кеткенiне
қарап, бас уәзiрдiң жағдайы да онша мәз бола қоймайтынын аңғарды. Жақында ғана Хиуадан астыртын шапқыншы кеп,
бұған Мұхәммәд-Инақтың арнайы хабарын жеткiзген болатын. Ұлы хан Бас уәзiрiне сене бермейтiнiн сездiрiп, бұған
оның әр басқан қадамынан көз жазбай қарап отырсын дептi. Сол желеу боп, Уәйiс-Нияз ол тапсырманы артығымен
орындап та жiбердi. Соңғы жұманың iшiнде шыны бар, өтiрiгi бар, жан шошырлық лақапты хатқа түсiрiп, Хиуаға екi рет
шабарманды жiберiп те үлгердi. Бүгiн сол шабарманға қосылып, бiрнеше дәруiш ере келiптi. Оларды көрiп Уәйiс-
Нияздың көзi быттиып кеттi:
— Ау, мыналарға жол болсын? Бұлар немене қазақ даласын қайыр-садақа сұрар Хиуаның базары дей ме екен?
Шабарман басын төмен идi:
— Мәртебелi бек, бұл бiрәдәрларды Сафар би жiбердi.
— Бұлардың маған не керегi бар? Тым құрымаса қылыш та ұстай бiлмейдi.
— Мәртебелi бек, бұлардың қылыштан да өткiр тiлi бар. Сол тiлден уағыз таратса, иiлмейтiн ел жоқ. Қазақләрнинг
өздәрi: “Тауды-тасты жел бұзар, адамзатты сөз бұзар”, — дейдиләр. Бу қазақләрни iштен iрiту үшiн бiр руды екiншi руға
бастық қып қойсаң, сол жетiп жатыр. Содан кейiн қалғандары бiрiн бiрi ұстап, алдыңа байлап әкеп бередi.
— Жөн, жөн. — Уәйiс-Нияз сақтанды.
— Бұл дәруiштер — Түркиядан келген кiсiлер. Олар жәһилдерге қарсы ғазауат соғысын ашыңдар деп иiсi мұсылман
қауымына үкiт таратып жүр. Мына түркмен мен өзбек жақтарында олардың уағызы кең тараған. Ендi жауынгер
қазақларни үгiтке ұйыта алса, жақсы болар едi.
— Е, онда дұрыс екен. — Уәйiс-Нияз дәруiштердi мехманханаға жiбердi де, шабарманды оңаша сөйлестi. — Ал, не
хабар бар?
— Хабар көп. — Шабарман көзi жылтырап, қолын қусырып, басын төмен идi. — Ұлы ханның өзiмен ауызба ауыз
тiлдестiм. Ол Бас уәзiрдi қайтсын деп жатыр.
— Неге?
— Оны Мәру жаққа жiбермекшi.
— Е, солай де... — Уәйiс-Нияз ұлы ханның бұл қашанғы қулығы екенiн бiлетiн. Бұхара мен Хиуаға алма кезек өтiп
тұрған шәһарға барған кiсiнiң абырой таба қоюы қиын. Соны iстетiп отырған кiсi бұған белгiлi. Ол таңдайын қағып,
iшiнен: “Әй, Сафар би сұм-ау!”, — деп қойды.
— Сафар би сiзге сәлем айтып жатыр.
— Саламат болсын. Сафар би... өте ақылды, шарапатты, кiсiге зияны жоқ жан ғой. — Уәйiс-Нияздың iшi қылп ете
қалды. Ол Сафар бидiң Бас уәзiр боп кететiн сыңайы барлығын ертеден аңдап жүрген едi.
— Әрине, әрине, — деп шабарман құлдық ұрды да қалды.
Уәйiс-Нияз артық тiс жармай, қабағын шытып, ойланып қалды: “Ендi не iстеу керек? Пәрмәндi орындамасам, хан
басымнан сипай қоймас. Ендеше... оның орнын малмен толтыру керек. Сафар би бас уәзiр болған күнi қоралы малды
айдап апарып, тарту етсем, оның оң қабағын алмаймын ба? Иә, сүйту керек”.
Сол күнi шабарманнан хабарды естiп, қабағы түсiп кеткен Ядгарбек мұнымен салғырт қоштасты да, атына мiнiп ап,
қасындағы қарашыларынан оқ бойы озып, Хиуаға тартып кеттi.
Уәйiс-Нияз оның соңынан мысқылдай қарады: “Саған со керек. Алды-артыңа бiр уыс топырақ”. Ол ендi iске тез
кiрiстi. Қызметшiлерiн зыр жүгiртiп, жүзбасыларын жинап алды. Он шақты жүзбасының басы сарай iшiнде қосылғасын
барып, ол жорық аттарын дайындаңдар деп бұйырды. Жүзбасылар тұс-тұсына жүгiре жөнелдi. Дем арасында кешегi
шайқастан қалжырап қалған сарбаздар әбiгерге түстi де қалды. Содан әрлi-берлi жүгi-рiп, шаңқылдаса айқайласып
сөйлескен кiсiлердiң даусы көпке дейiн басылмады. Осы қарбалас түннiң бiр уағына дейiн созылды. Түн ортасы ауа
Уәйiс-Нияз қамалдың дарбазасы мен диуалдардың басында тұрған қарауылдарды күшейтiп, күзеттi өзi бiр рет тексерiп
шығып, сарайына қайтып келдi. Күтушi әйелге әлi сүйегi қатты тарта қоймаған, жүзi аршылған жұмыртқадай әппақ
Гүлчехраны алып кел деп бұйырды. Аздан кейiн екi әйел мұздай суға шомылдырып, үстiне алуан түрлi әтiр шашып,
қасына сүрме тартқан, киiктiң лағынша үрпиген Гүлчехраны iшке алып кiрдi. Уәйiс-Нияз жұқа жiбек көйлектiң әр
жағынан барандана көрiнiп тұрған екi санға қадала түсiп, құмарлығы қозып, шапанын асығыс шеше бастады. Тақтай
төсекке Гүлчехраны жатқызғасын, күтушi әйелдерге кете берiңдер деп иек қағып қалды. Сосын олардың түгел шығып
үлгермегенiне қарамастан, кәнизәктiң үстiне қона түстi. Онша етжеңдi емес, арықтау келген қыздың денесi
тығыршықтай екен. Әсiресе, екi анары тып-тығыз боп томпия қалған кеудесi мұның жүн-жүн кеудесiне жайлы тидi. Сол
екен, Уәйiс-Нияздың көзi жайнап сала бердi, ол дереу тездете қимылдап, қос қолымен қызды екi мықынынан қапсыра
ұстап, жұп-жұмыр екi бөксесiн өзiне қарай қатты тартып тұрып, қыздың үнсiз бұлқынғанына көнбей, екi санның ыссы
жылуын екi бүйiрмен сезiп, iлгерi қарай жылжи бердi. Сол сәтте сытырлай сөгiлiп бара жатқан ағзаның жылуын емiс-
емiс сездi. Гүлчехра бiреу денесiне бiз сұғып алғандай, жан ұшыра қимылдап, бiрдеме деп айқайлай, құйрығымен керi
ысырылмақ болып едi, Уәйiс-Нияз оны жiбермедi. Керiсiнше тырсия гүмпиiп кеткен ағзасын қыз денесiне бойлатып
енгiзе бердi. Ендi амалы қалмаған Гүлчехра басын оң жағына қарай бұрып ап, екi аяғын тiзесiнен бүгiп, үстiнде ентiге
қимылдап жатқан еркектiң бiр қалыпты ырғағына сай iлгерiлi-кейiндi қозғалып, тынысы тарылып жата бердi. Уәйiс-
Нияз оған қараған да жоқ. Iшiнен: “Ұрғашы деген осы! Оған осы ғана керек!” — деп ойлап қойып, ожарлана қимылдай
бердi. Сәлден кейiн барып белi шойырылғандай боп тұрып, өз бойынан кетiп бара жатқан әлдененi жеркене сезiп, басы
сәл кегжең ете қалды.
Астында жатқан Гүлчехра ештеменi сезбегендей, екi аяғын жерге түсiре бере, сәл iркiлiп, не олай емес, не бұлай
емес бiр қалыпта, тынысын ауыр алып, бiраз жатты.
Сол түнi Уәйiс-Нияз Гүлчехраны кәнизәктар жататын жайға жiбермедi. Оны бауырына басып, тамағынан иiскеп,
маңдайынан сүйiп қойып, таңға дейiн ұйықтамады. Сосын таң алдында және бiр күшiн жиып, оның үстiне мiнiп алды.
Гүлчехра бұ жолы қарсылық көрсетпей, не қылсаң о қыл дегендей сыңаймен, екi ағын жоғары көтерiп жiберiп,
қысылмастан, мұның қимылына бұрынғыша елтiмей, не бұрынғыша ауырсынбай, кексе әйелдерше жата бердi. Соны
көрген Уәйiс-Нияздың ендiгi алған әсерi онша болмады, дымқылы құрып, қатқылданған бiрдемеге тап болғандай
ықыласы соқпай, аздан кейiн орнынан тұра сап, қолына құманын алып, жуынатын жайға кеттi...