Стр. 108 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Ертеңiне Уәйiс-Нияз Хиуа қолы тырнаша тiзiлдiрiп жорыққа шықты. Қол алдында Уәйiс-Нияздың өзi келедi. Iлгерiге
жiберiлген шолғыншылар қай жерде қазақ ауылдарының отырғанын айтып, қайта-қайта керi шауып кеп, тағы да алға
құйындатып шаба жөнелдi. Қас қылғанда бұлар қазақ ауылдарының орнын сипап қалған едi. Бұлар келем дегенше, суық
хабарды қайдан естiгенi белгiсiз, қазақ ауылдары дүрлiге көшiп, дариядан өтiп, орыс бекiнiстерi жағына iшкерiлей енiп
кеткен екен.
Уәйiс-Нияз Сырдың төменгi ағысына дейiн суыт жүрiп отырып барды. Жолшыбай бiр де бiр ауыл кездескен жоқ.
Сосын ол бетiн батысқа қарай түзеп алды. Бұл жақ қалың Ақкиiздердiң тұтасып отырған жерi. Көбiсi жатақ. Лақалы
көлiнен балық аулап күнелтiп отырған олардың сыпырыла көшiп кете қоятындай көлiктерi жоқ. Уәйiс-Нияз соны iштей
сараптай келе, бiр iске бел буды.
Хиуа қолы суыт жүрiп отырып, бұйырғынды төбеден асып түскенде Лақалы көлiнiң жағасында отырған бiр ауылды
көрдi. Бұл ауыл Ақкиiз руының бiр бунағы Қалабайдың Шүренiнiкi едi. Сопақ бас, аузы қисық Шүрен қорасына азын-
аулақ мал бiткенiне лепiрiп, кейiнгi кездерi Қожаниязға барғыштап жүрген болатын. Ондағы ойы — Хиуа ханының
ығын ап, қызмет дәметкендiк едi. Соны жақсы бiлетiн Уәйiс-Нияз ендi қабағын түйiп ап, қолын жоғары көтерiп:
— Шабыңдар! — дедi.
Сарбаздар лап қойды. Жер тiтiренткен ұран, айғай. Топ-топ түскен ат тұяқтары. Үркiп қалған ауыл кiсiлерi бет-
бетiне қашып барады. Қатындар бажылдап, балалар шулап, иттер абалап, тиыш тұрған ауыл дем арасында бүйi тигендей
болды да қалды. Сарбаздар анталай жетiп келген бойда жас жiгiттер мен қарулы еркектердi найзамен түйрей бастады.
Бiр хиуалық қайрат қып жүрген еңгезердей жас жiгiттiң iшiне қарағай сапты найзаны салып кеп қалды. Найзаның өткiр
ұшы жiгiттiң iшiнен өтiп сыртына шыға келдi. Жiгiт құп-қу боп, қарулы қолдарымен найзаның сабына жармасты. Сосын
сiресiп тұрып, хиуалықты қозғалтпай, өзi керi шегiнiп, найзаны шығара бердi. Сол мезетте ақ жаулықты шешесi
ойбайын салып, тұра ұмтылды. Оны бiр хиуалық атын ойнақтатып келiп, оң жағына ала бердi де, оған жақындаған сәтте
қайқы қылышты қиялай сермеп, сыр еткiзiп тартып жiбердi. Жан ұшырған әйелдiң басы жерге кесiлген алмадай домалап
түстi. Қалған денесi қанға боялып, дiр-дiр етiп жатты. Хиуалық ендi қасарысып тұрған жiгiтке ұмтылды. Оны келген
бетте қиялай шауып түсiрдi.
Қапыда қалған Ақкиiздiң жiгiттерi ендi ес жиып, қолдарына түскен қада, сырықты ұстап, қорғана ұрыс салды. Көп
сарбаз оларды тықсыра-тықсыра бiр түйе қамайтын кең қораға тықты. Қораға кiрiп алған қарулы жiгiттер ендi
әруақтанып, iшке беттеген хиуалықтарды ат үстiнен ұрып түсiрiп жатты. Сарбаздар қанша тырысса да тар есiктен өте
алмады. Талап қылғандары қанға боялып, жер құша бердi. Ашуланған Уәйiс-Нияз атын тебiнiп қап, қатты айқайлап:
— Өртеңдер! — дедi.
Бiрнеше хиуалық жүгiрiп барып, құшақтап қу қамысты әкеп, қамыс қораның шетiне үйдi. Сосын шақпақтарын
шағып-шағып жiберiп, қамысты тұтата бастады. Сол екен, лезде сарғыш жалын тiлi лып ете түстi. Әуелi де бықси
жанған қу қамыс келе-келе гүрлеп, лапылдап, қалың өртке айналды. Дем арасында төңiректi қарақошқыл түтiн басты да
кеттi. Аздан соң қораның iшiнде ұйлығысып тұрған қазақ жiгiттерiнiң тынысы тарылып, көздерiн ащы түтiн удай
ашытып, мазалары қаша бастады. Әрi лаулаған өрт денелерiн күйдiрiп барады. Ақыры щыдамаған бiр-екi жiгiт сыртқа
атып-атып шығып едi, оларды есiк аузында күтiп тұрған хиуалықтар найзамен түйреп, қылышпен шауып тастады. Соны
көрген iштегiлер асып-сасып, абдырап, бiр-бiрiне бажылдаса айқайласып, кең қора iшiнде әрлi-берлi жүгiре бастады.
Осы екi арада будақтап шыққан қара түтiн қоюланып, дем арасында кiшкене қораның iшiн қап-қара еттi де жiбердi.
Аздан соң қораның қу жыңғылмен жабылған төбесi сытырлап жана жөнелдi де, бiр сәтте қызыл шоқ бырт-бырт ұшып,
ұйтқи соққан жел желпiп өткен сайын лаулай жанып, өртенген қабырғамен тұтаса келе, қалың өртке айналды да кеттi.
Iш жақтан шыңғырған, ойбайлаған жiгiттердiң даусы кiсiнiң төбе құйқасын шымырлатады. Мұрынға адам етiнiң пiскен
көңiрсiк исi келедi. Осы бiр жаман иiс қора төбесi күл болып ортасына түскеннен кейiн де көпке дейiн басылмай жатты.
Хиуалықтар шын ойранды ендi бастады. Олар қатын-қалаш, қыз-келiншектердi бөлек жерге иiрiп тастап, жер
бетiнен төбелерi әзер-әзер көрiнiп тұрған жатақтардың жертөлелерiне от қойды. Сарбаздарың ендiгi бiр тобы қолға
түскен ер кiсiлердi бөлек айдап әкелдi. Олардың ортасында Шүрен де бар болатын. Ол Уәйiс-Ниязға жалтақтап,
жалынышты түрмен мүләйiмсiп, бiрдеңе дей берiп едi, бек қолын бiр-ақ сiлтедi:
— Барлығын да тарттырыңдар!
Сол екен, жалаңдаған хиуалықтар қазақ кiсiлерiн қойша жығып сап, пiштiре бастады. Бiрде кезек Шүренге келдi.
Оны тыр жалаңаш шешiндiрiп, бiр хиуалық қасап секiлдi қанжарын жалаңдатып, Шүреннiң шыңғырғанына қарамастан,
оның енiн сылып тастады да, етпетiнен жатқызып, күн тимегендiктен ағараңдап тұрған құйрығына бiр темiрдi қызартып
әкеп, быж-ж еткiзiп таңба басты. Шүрен жан даусы шыға ойбайын салды.
Соны естiп, мына жақта тұрған хиуалықтар мәз боп, қарқ-қарқ күлдi:
— Бәлем, қазақ, саған со керек! Сендер ұлы ханға қарсы шығатындарсыңдар ғой!
Хиуа базарына құл апарып сатардағы қашанғы әдетiн iстеп, құл екендiгiн бiлдiретiн таңба басып, сарбаздар басқа
кiсiлердi де осылай тарттыра бердi. Ол шаруаны жайғап болғасын, хиуалықтар ажарлы деген қыз-келiншектердi топ
iшiнен бұрымдарынан тартып, сүйреп шығарып, құмдақ жерге атып ұрып, мәнтәй-шәнтәйға қарамай, зорлап шешiндiрдi
де, үстерiне қона түсiп, зорлауға кiрiстi. Аздан соң ойбайлаған, бажылдаған әйелдер мен қыз-келiншектердiң дауыстары
ауылды азан-қазан еттi де жiбердi.
Бiр хиуалық Шүреннiң биыл алған жас тоқалын сүйреп әкелдi. Оны тырп еткiзбей ұстап тұрып, Шүреннiң көзiнше
жерге алып ұрып, қорлай бастады. Шүрен сұп-сұр боп кетiп, көзiн жұма қойды. Оның мына бишара түрiне, жас
тоқалдың жарқыраған ақ санына, сәл-пәл жоғары көтерiлiп кеткен екi аяғына қарап, жас жiгiттер бiр бiрлерiн
түрткiлесiп, бүйiрлерiн шымшыласып, жырқылдаса күлдi. Сол арада олардың бiр оспадарсыздауы ырсылдап жатқан
хиуалықтың арт жағына шығып, құдды алтын көретiндей боп, қолымен үстiндегi еркектiң бетiн тырналап жатқан жас
тоқалдың төменгi жағына үңiлiп қарады. Соны ту сыртымен сезген, күн тимеген бөксесi ағараңдап жатқан хиуалық
мойнын артына бұрып, сойдақ тiстерiн көрсете ыржиды. Ол сәл-пәл көтерiлгенде, жас әйелдiң екi шабының арасы,
топырақта шаң-шаң боп жатқан бөксесi, қарауытқан тұсы анық көрiндi. Соған қарап, жан-жақтан қоршалап тұрған
хиуалықтар жырқ-жырқ күлдi.
Осы кезде қызметшi Әбдуллә топ арысынан iлгерi қарай ытқып шықты да, қолындағы кiшкене шоқпарымен әйелдi
зорлап жатқан хиуалықты қақ басқа бiр қойды:
— Әй, сендердiң бұларың не? Немене айуансыңдар ма? Мұсылман емессiңдер ме? — дедi ол жiңiшке даусы
шiңкiлдей шығып.