Денесi жансыздана қалған хиуалық былқ-сылқ етiп, тоқалдың үстiнен аударылып тұсе бердi. Әбдуллә шоқпарын
екiншi рет сiлтей берем дегенде, оған қалған сарбаздар бас салды. Оның қарсыласуға шамасын келтiрмей, жерге жығып
сап, ұрып, тепкiледi. Сосын оны Уәйiс-Ниязға сүйреп әкелдi. Бек қабағын қарс түйдi:
— Ақымақ, сенiң мұның не, а?
Долырып iсiп кеткен аузы икемге келмей, Әбдуллә қан түкiрiп тұрып:
— Ұлығ бек, мына қиянатты қойдырыңыз! Мұсылман емессiз бе? — дедi.
— Сонда... қазақлар да мұсылман ба?
Сарбаздар қарқ-қарқ күлдi:
— Кәне, жауап бере ғой!
— Қазақтарды сүйтiп тұқымын асылдандырмасаң, бұлар ел болып қарық қылмайды!
— Ха-ха-ха-ха!
Әбдулла қап-қара боп кетiп, Уәйiс-Нияздың түрiне жеркене қарады:
— Мәртебелi бек, бүйтiп... бикүнә халықтың обалына қалмаңыз. Құдайдан қорқыңыз! Бұл жерде... қатын, бала-
шағаның не жазығы бар?
— Өшiр үнiңдi, хайуан! — деп Уәйiс-Нияз ақырып жiбердi.— Мына иттiң көзiн құртыңдар! Дарға асыңдар!
Сол екен, еңгезердей екi жәлләд Әбдулланың басына кенеп қапты кигiзе салды да, әй-шәйға қарамастан, оны ауыл
шетiнде өсiп тұрған қарағашқа қарай сүйрей жөнелдi. Ағаш түбiне келгесiн, бiр арқанды оның иiр бұтағына асып, екiншi
ұшын тұзақ етiп, Әбдулләның мойнына салды. Содан соң оның астына кесiлген, бiр дөңбек ағашты әкеп қойды. Соның
үстiне қызметшiнi соған мiнгiзiп болғасын, арқанның екiншi ұшын қысқа етiп қатты байлап тастады да, қаба сақалды
жәлләд кенет, көп ойланып жатпастан, ағаш дөңбектi аяғымен теуiп кеп жiбердi. Сол екен, табанының астындағы
тиянағынан айрылған Әбдулләның денесi созылып, ала құртша бiр жиырылып, бiр созылып, ауада теңселiп тұра қалды.
Аздан соң тұзақ буа түскен Әбдулланың алқымынан қырылдаған жаман бiр дыбыс шықты. Келесi сәтте ауыздан аққан
ақ көбiк қап сыртына теуiп, күңiрсiген бiр иiс айналаға тарады. Жарым сағаттан кейiн бiртiндеп жаны шығып бара
жатқан дене созыла-созыла келе, дiр-дiр етiп, бiраз тұрды. Ара арасында қара бақайдың ұшы бар медет сонда екенiн
бiлгендей қара жерге қарай ұмсына түсiп, созылып барып, керi жиырылып қояды. Оған қоса артына қайырылып
байланған қос қол қайта-қайта әлсiз бұлқынып, арқасын тырналай бередi. Шамалыдан кейiн бүткiл дененiң салмағына
шыдамай, мойынның омыртқаның сырт етiп, үзiлiп кеткенi қолайсыз тиыштықта анық естiлдi. Сосын жансыз
қимылдамай, арқан сияқты боп, дене салбырады да қалды.
Аздан кейiн Уәйiс-Нияз қолға түскен тұтқындарды қора-қора етiп шұбыртып, мықты күзетпен керi айдатып жiбердi
де, ойран болған ауылдан ұзап шыға бердi. Ендi бетiн Сырға қарай түзеп алған ол ет пiсiрiмдей уақыттан кейiн лепiрген
қол ұлы дарияға кеп құлады. Сыр биыл қатты тасып, жағалаудағы жайпақ жерлердi түгел алып кеткен едi. Әсiресе,
Қарлан тұсындағы жазық суға аузы-мұрнынан келе малшынған болатын. Сол тұстан құлаған хиуа қолы дарияның арғы
бетiне егiн салып жүрген қазақ дихандарын, қыстау маңындағы уақ малды көрдi. Оның әр жағында Қамыстыбас, Ақирек
көсiлiп жатыр. Уәйiс-Нияз биқам жатқан елдi үркiтпейiн деп, дария жиегiнен керi қайтып, әйдiк қара төбенiң қалқасында
қонғанды жөн көрдi. Түнде көзге түсiп қалмайық деп, сарбаздарға от жақтырмай, оларға кепкен пәтiр нан мен суық
шәйға ырза болыңдар дедi. Сосын денелерi қызып келген аттарды таң асырып тастатқызды.
Таң алакеуiмде Хиуа қолы Сырдан өттi. Есiрiп алған олар бергi беттегi дихандарды қырып, үйлерiн өртеп, малдарын
сойып жеп, әлденiп алғасын, қазақ даласына iшкерiлеп сұғына түскендi жөн көрдi. Тонаушы сарбаздарының қолын
қақпаған Уәйiс-Нияз қол алдына түсiп ап, салдыртты да отырды.
Аздан соң олар үйрек, қазы шулаған, балығы көп Қамыстыбас көлiнiң зеңгiр көктен жымыңдай қараған күн
сәулесiне шағылыса керiлiп жатқан айнадай кең айдынын көрдi. Оның әр жағында қазақ ауылдарының жұмыртқадай ақ
үйлерi жағалай тiгiлiптi. Көл жағасында қалың жылқы үйездеп жатыр. Шөлдеген көп түйе шудалары желкiлдеп, көлге
қарай құлап келедi.
Уәйiс-Нияз қынынан қылышын суырып алды:
— Шабыңдар!
25
Көл жағасында отырған Мұғараптың ауылы дем арасында у-шу болды да қалды. Екi жақтан қоршай шауып келе
жатқан хиуалықтарды көрiп, биқам отырған жiгiттер үйдi-үйлерiнен атып-атып шықты. Олар тұсаулы тұрған аттарына
жетем дегенше қиқулап келiп калған жау жiгiттердiң алдарын кесе бердi. Сарбаздарың қиқулаған дауыстарынан үркiп
кеткен, үй жанындағы қазықтарда байлаулы тұрған аттар бастарын керi тартып, басжiптерiн жұлқылап, үзiп жiбердi де,
бет-беттерiне тырағайлай қаша-қаша жөнелiстi. Соны көрiп, үйезде жатқан жылқылар да тұяқтары қозып, құлақтарын
қайшыласып ап, шұрқырай кiсiнесiп, жалпақ жазыққа қарай салды. Хиуалықтардың бiр бөлегi қашып бара жатқан көп
жылқының алдын орай шапты.
Талай сойқанды көрген кексе әйелдер бажылдасып, қыз-келiншектердiң беттерiне күйе жағып, көзден таса жерге
тығыла бастады. Асып-сасқан жiгiттер кәпелiмде қолдарына қару түсе қоймай, жаумен құр қол жағаласа кеттi. Бiрақ
жарақты жау оларды бiрден қан жоса қыла бастады. Бұл ауылдың батыр жiгiттерi дұшпанның аямас сыңайын
байқағасын, қолдарына iлiккен қада, сырықты ала ұмтылып, қайрат қып бақты. Алғашқыда олар жiтi қимылдап‚
хиуалықтардың бiр-екеуiн жерге ұрып та түсiрдi. Уәйiс-Нияз дәл осы кезде шайқас қызып жатқан үй тұсына жетiп
келген едi. Ол дереу бiр топ сарбазды жауып жiбердi. Анталаған әскер дем арасында қазақ жiгiттерiн турап тастады.
Дөң мұрын, шоқша сақалды Мұғарап осы кезде ақ үйден шыға келдi де, қалбалақтай жүгiрiп кеп, Уәйiс-Нияздың
шаужайына жабысты:
— Уа, бек, тал түсте ауылымды шауып бұ нағылғаның? Бiздiң сiзге не жазығымыз бар едi?
Уәйiс-Нияз оған дұрыстап көз де салмай, атын тебiнiп, iлгерi жүре берiп едi, тiзгiннен ұстаған Мұғарап алдынан
шықты. Оның өңi қап-қара:
— Әй, Уәйiс-Нияз, сен бүйтiп таспа. Мың асқанға бiр тосқан деген. Немене осы зорлық-зомбылығың тегiн кетедi
дейсiң бе? Жазықсыз кiсiлердiң қанын төгуге құдайдан қорықпайсың ба?
Уәйiс-Нияз Мұғарапқа ештеңе демей, қасындағы шабарманына күңк ете қалды: