— Мына алжыған шал шаужайға оратыла бердi ғой. Оны алып кетпейсiңдер ме?
Сол екен, шабарман тұра ұмтылды. Келе Мұғарапты дырау қамшымен қақ бастан тартып-тартып жiбердi. Қамшы
шалдың бетiн тiлiп түстi. Лезде шып-шып аққан қан көрiндi. Мұғарап жасында балуанға түскен, шомбал денелi,
қайратты кiсi едi. Дем арасында өңi күлдей боп, әлем-тапырық боп кеткен ол шабарман екiншi қайтара ұмтыла бергенде,
шапшаң атылып барып, оның жағасына жармаса кеттi. Сосын жұлқып қап, оны ер үстiнен жерге құлатып түсiрдi де,
алқымынан алып, қылғындыра бастады. Сасып қалған Уәйiс-Нияз атының басын бұра бердi. Мұны көрген басқа
сарбаздар жетiп-жетiп кеп, шабарманды бүгерлеп жатқан шалды соққының астына алды. Бiр рет шоқпар шекесiне тиiп,
Мұғарап орнынан бойы серейе тұра бердi де, дiр-дiр етiп, бiр жағына қарай құлап бара жатты.
Мұғараптың алты қасқыр атанған балалары осы кезде аттарына мiнiп те үлгерген едi. Олар сойылдарын көтерiп ап,
әкесiнiң жанында үймелеп тұрған жауларға ақыра ұмтылды. Бiреуi Уәйiс-Ниязды оң тiзеден бiр қойды. Тақымы босап,
аяғы ұйып сала берген Уәйiс-Нияз сол сәтте ат үстiнен аударылып, жерге құлап бара жатты. Екiншi соққы оның басына
тиiп, көзi қарауытып кеттi.
Хиуалықтар алты жiгiтке лап қойды. Салған бетте оларды тықсыра жөнелдi. Жiгiттер қаша ұрыс сап, жазық адырға
қарай шыға бердi. Олар арттарынан қуып жеткен хиуалықтарды бiр-бiрлеп ұрып түсiрiп, жанталаса қимылдады. Ақыры
қоршауда қалатындарын бiлiп, алтауы аттарының бастарын бұрып ап, жалпақ даланы бетке ұстап, құйғыта жөнелдi.
Хиуалықтар оларға жете алмады.
Уәйiс-Нияз басынан аққан қанды киiз күйдiрiп басып, шаққа дегенде тиды. Сосын осы кезде алдына иiрiп әкелген
қатын-қалаш, қыз-келiншектерге жеркене көз салып тұрды да, орнынан түрегелiп, олардың сұры қашқан жүздерiне,
қорқыныш торлаған көздерiне, дар-дары шыққан киiмдерiне мысқылдай қарап, бiраз тұрды. Сосын бiраз келiншектiң
қолдарындағы балаларын көрiп, басына бiр ой шапты да, Хиуа хандарының осындайда iстейiн қашанғы дағдысына
басып, бұлар екiншi рет келгенде қалтырап тұратын болсын деп, шабарманға бұрылды. Ол өзiне оң қолын кеудесiне
қойып, басын ие берген шабармаған бiр қасын сәл жоғары көтере қарап:
— Мына қатындарды бәччәларымен бiрге қалай күңдiкке сатпақсың? Өзiң осы... иттi қонақ жараспас дегендi
бiлмеушi ме едiң? — дедi.
— Бiлем, мәртебелi бек. — Шабарман бағана Мұғарап езгiлеген алқымын ауырсына, қолымен сипап қойды.
— Хиуаға оларды мына қалпымен жеткiзудiң қиын екенiн ойладың ба?
— Ойладым, мәртебелi бек.
— Ендеше ана сәбилердi бар ғой... Тоқта, әуелi дарияға жетiп алайық.
Ендi Хиуаның қолы кiдiрмедi. Алты жiгiттiң қашып құтылып кеткенiн көрген Уәйiс-Нияз қалайда бүгiн Сырдың
арғы бетiне өтiп алғанды жөн көрдi. Сосын қора-қора малды, құлдыққа сатпақ болған еркек, қатын-қалаш, қыз-
келiншектердi тездетiп айдатқызды. Тас-талқаны шыққан ауылдың ақ үйлерiн тегiс өртеткiздi. Шамалыдан соң жылап-
сықтаған қалың топ Сырға қарай беттегенде, көл жағасында өртенiп жатқан қара үйлердiң қарақошқыл түтiнi будақтап,
бiр-бiрiне ұласып, тұтасқан бiр қара тұман сияқтанып кеттi.
Дарияға жете бере, Уәйiс-Нияз тұтқындарды тоқтатқызды. Сосын келiншектердiң қолдарына көтерген, арқалаған,
бесiктерiмен бiрге алып келе жатқан сәбилерiне атып жiберердей боп қарады да, сарбаздарға бұйрық бердi:
— Ана бәччәларни суға атыңдар!
Сарбаздар тарпа бас салды. Олар келе келiншектердiң қолдарынан сәбилердi жұлып ала бастады. Келiншектер
бермей, бажылдап, ұрысып, оларды өңмендерiнен итердi. Бiрақ қарулы жендеттер олардың өздерiн ұрып жығып, теуiп,
қолдарындағы нәрестелердi бақырып жылағанына қарамастан, жұлып ап, жағалауға тас кесекше етiп лақтырып, үйе
бердi. Бiр келiншек қолындағы бесiгiн бергiсi келмей, хиуалықпен көп алысты. Ол өкiреңдеген сарбаздың бетiн тырнап,
қолын тiстеп, айқайлап, тағының тырнағы тигендей жан-дәрменiмен қимылдады. Өзiнiң жаулығы ұшып түсiп, қалың
қара шашы бұрқырай қобырап кеткен. Танадай көзi кекке толып, жарқ-жұрқ етедi. Хиуалық әуелгiде абдырап қап,
iзiнше еркектiк намысы жеңiп, келiншекке тұра ұмтылды. Жеткен бойда ол бесiкке жармасып, оны керi қарай жұлқа
тартты. Сол мезетте келiншек камзолының жан қалтасынан кiшкене құс кездiктi суырып ап, хиуалыққа сiлтеп кеп
қалды. Кездiк жүзi жарқ ете қап, басы кегжеңдеп, керi серпiле берген сарбаздың алқымын орап түстi. Дем арасында қара
қан сау ете қалды. Сол арада екi қолымен алқымына жармасқан сарбаз бүгiле бердi.
Осы кезде бiр еңгезердей сарбаз жетiп кеп, келiншектi ту сыртынан құшақтай алды. Ол бажылдап, босанбақ боп
жанталасып жатқан келiншектi аяғын жерге тигiзбей, көтере ұстап тұрғанда, жендеттiң екiншi бiреуi жетiп кеп, оның
қолындағы бесiкке бөлеген нәрестесiн жұлып алды. Содан соң оны сыртынан құшақтай көтерiп тұрған жендет аулақ
шығарды да, оны жерге атып ұрып, қол-аяғын байлап, басын құбылаға қаратты. Сосын кәнiгi қасапшыдай қынынан екi
жүздi ұзын қанжарын суырып ап, әлi құрыған келiншектiң басын тұқырта басып отырып, жұтқыншағы бүлк-бүлк еткен
тамағын қанжармен орып кеп жiбердi. Келiншек бақырып қалды. Соның артынша қорқыраған тамақтан қарақошқыл қан
атқылап, сыздықтай шашылды. Жендет шошып кетiп, қан-қан болған қолын әйелдiң бөз көйлегiнiң етегiне сүрте салды
да, орнынан тұра бердi. Әйелдiң денесi бiр тартылып, бiр созылып, жаны кете қоймай, дiр-дiр етiп ұзақ жатты. Жас та
қуатты дене ара-арасында ықылық тигендей ышқынып қалғанда, бiр уыс боп жиырылып, iзiнше созыла бастайды.
Сосын қайтадан жиырылады. Соған ашуы келгендей жендет қанжарымен бiр қойып, оның басын шауып алды да,
аулаққа лақтырып жiбердi. Сосын дiр-дiр еткен дененi тұмсығы қайқы етiгiмен бiр тептi.
Қазақ кiсiлерi у-шу болды да қалды. Бiр қатары:
— Бүйтiп қор болғанша, қолдарында өлейiк! — деп жан-жақтарынан анталап тұрған жендеттерге тұра-тұра
ұмтылды.
Дем арасында шаппа-шап алыс-жұлыс басталды да кеттi. Қатындар да ойбайын салып, еркектерiне болысты. Сарт-
сарт тиген жұдырық, тепкi, боқтау, қырылдаса айқайлаған дауыс ұзаққа дейiн басылмай тұрып алды. Қазақтар он шақты
хиуалықты дем арасында қылғындырып өлтiрдi. Қалған жендеттер жалаң қылыштарын суырып ап, қарусыз кiсiлердi
қуалап жүрiп туралады. Әсiресе, бiр қаншырдай қатқан тарамыс денелi қара жiгiт қаша жүрiп қорғанып, ұстатпай, көп
қарсыласты. Ақыры жан-жақтан анталаған жендеттер оны қоршап ап, екi қолын бiлегiнен шауып түсiрдi. Содан кейiн
бiр жендет жан-жағына алақтай қарап, атылатын жолбарысша иiле түскен қара жiгiттiң арт жағына шығып, қайқы
қылышын сiлтеп қап, сыр еткiзе тартты да, тарамыс дененi шауып түсiрдi.
Уәйiс-Нияз қаһарына мiнiп алды. Ол қазақ кiсiлерiн дария жағасында туратып тастап, ендi сарбаздарына қарап иек
қақты:
— Лақтырыңдар!