— Аға, жайыңды бiлем ғой, — дедi. — Бiрақ ол қасқаның не жазығы бар? Қыз деген бүгiнде күштi кiсiнiң тiсiне сап
шағатын жаңғағы болып тұрған жоқ па?
Қалмырза ыңғайсызданып үндемедi. Ағлес қайта сөйледi:
— Ендi неде болса ештеме сездiрме. Болары болып, бояуы сiңген нәстенi қайта қазбалаған жiгiтшiлiкке жатпайды.
— Қайдам. — Қалмырза күрсiндi. — Бәлкiм, сенiкi де дұрыс шығар. Оны... жазғырғаннан не өнедi?
— Не өнсiн? — деп Ағлес ағасына жадырай қарады. — Өзiм де сенi сүйдер деп едiм. Әрине, өзi... бiр түрлi... қиын да
ғой. Бiрақ амал қайсы? Оның үстiне әкесi анадай боп кеттi. Асылы осы жерде бiзден сөз шықпағаны мақұл. Кейiн... қара
айналғасын, өзiңе осы елдiң мынау деген сұлу қызын алып берем, — деп Ағлес аппақ тiстерiн көрсете күлдi.
— Болсын, — деп, Қалмырза да ерiксiз күлдi. Сол екен, кешеден бермен ашылмай жүрген қабағы жадырап сала
бердi де‚ атын тебiнiп қап, шоқыта жөнелдi.
Оған Ағлес қосылды. Астындағы күрең атты қамшымен остырта тартып-тартып жiберiп, суырылып шаба жөнелдi.
Қалмырзаның да делебесi қозып, қарындасының iзiнен қуды. Сүйтiп, екеуден екеу жапан даланың төсiн дүсiрлетiп,
айқай сала жарысып, заулап келе жатты. Тек ауыл iргесiне жақындағанда ғана ентiккен аттарының бастарын тартып,
жай аяңға көштi.
Нарман баласына қатты кейiдi:
— Саған немене жын көрiндi ме атты алаөкпе ғып? Аяғын iндiгешке тығып ап, ақсап қалса, кәйтесiң?
Қалмырзаның баяғыдан берi iшiнде берiш боп жатқан ренiшi дәл осы арада бiтеу жарадай жарылып, сыртына бiр-ақ
шықты.
— Ақсаса, арам қатсын! — деп, жерге қарғып түсе сала, қарулы қолын қысқа сермеп, қамшымен атты қақ басқа бiр-
ақ тартты. Ат шұрқырап кейiн шегiндi. Ашуланған Қалмырза тағы да ұрды. — Саған керегi осы мал ма? Мә, ала ғой
көпсiнген атыңды!
— Әй, өшiр үнiңдi! — дедi Нарман ақырып.
Қалмырза әкесiне қарсы сөз айтпай, атын тағы да шықпырта бiр тартып, тiзгiндi қоя бере сап, отауына қарай беттедi.
Iшке ызғарлана кiрдi. Мұны көрiп‚ қара торы жүзiне үрей шапқан Зағипа отырған орнынан абыржи түрегелдi. Қалмырза
келiншегiн қыр арқадан бiр тартқысы келдi де, есiне қарындасының сөзi түсiп, өзiн-өзi шаққа тежедi. Сосы қолына екi
бүктеп ұстап тұрған қамшысын iрге жаққа қарай лақтырып жiберiп, келiншегiне тура қарамай, босағаның көзiне сылқ
етiп отыра кеттi.
Зағипа самсоз. Не iстерiн бiлмей, баяғы орнында қалшиып тұр. Оның қара торы әдемi жүзiне дем арасында
әлдеқандай абыржу, қорқу мен бимәлiм мұңның iзi шаба қалған.
Түн болды. Бүкiл отбасы боп, кешкi асты үлкен үйден iштi. Күндiзгi ашуынан басылған Нарман оң жақта шекпенiн
арқасына желбегей жамылып отыр. Одан төменiректе отырған бәйбiшесi ақ жаулығы қақырадай боп, сақина толы
саусақтарын көрсете түсiп, етке қолын ерiне созады. Қалмырза үнсiз. Ағлес қана қырысқан кеуiлдердi жiбiткiсi
келгендей, қайдағы-жоқты бiр айтады.
Шәй келдi. Зағипа ерiнен төменiрекке жайғасып, ақ шәйi орамал тартқан басын ие түсiп, жүзiн жартылай көрсетiп,
шәй құя бастады. Алғашқы құйған шәйi болса да, жас келiн қызылын сарқып алмай, әлсiн-әлсiн демдеп әкеп, ата-
енесiнiң сынағынан сүрiнбей етiп шықты.
Тамақтан соң Қалмырза ақ шымылдық iшiне салынған төсегiне құлықсыз кеп жатты. Әуелгiде жат кiсi арамдап
кеткен жерге аунағандай тұла бойы түршiгiп, бiр түрлi болды. Әрлi-берлi аунақшып, басының мыңғы-дыңғысы шықты.
Сол үстiне бiр жеңгесi қолынан жетелеп, шолпысын сылдырлатып, Зағипаны алып кiрдi. Келiншектi шешiндiрiп,
бiрдеңе деп сыбырлай сөйлеп, сыңқ-сыңқ күлiп қояды. Бiрде шымылдықтың етегiн көтере берiп, қылжақбас жеңге аузын
мұның құлағына тақап, демi оттай жанып, дөрекi қалжың айтып, аш бүйiрден шымшып алды да, сызылып сыртқа
шығып жүре бердi.
Зағипа әуелi состиып аз тұрды. Сосын неге болса да бой сұнғандай, ақырын қозғалып кеп, бұл жамылған көрпенiң
шетiн көтерiп, жанына жатты. Қалмырза оны әдепсiздiк санап: “Кiсi көргендiгiне бақты-ау”, — деп ойлады. Зағипа
ақырын күрсiндi. Кенет соза берген аяғы мұның санына тиiп кетiп, лезде тартып ала қойды. Қалмырза дiр ете түстi.
Iшiнен жазығы жоқ қызға деген бiр аяныш бас көтерiп келе жатты. Демi ысып, әлдеқандай түсiнiксiз бiрдеңе тұла
бойында ойнақ сап, мұның басын ерiксiз келiншекке қарай бұрды. Тынысы жиiлеп, көзiнiң алды қарауытып кеткен
сияқтанды. Әрi мына бiр сәт өзiнiң талай түн бойы армандаған сәтi екенi есiне түсiп, қуатты жас тәннiң терең түкпiрiнде
бас бұғып жатқан бiр уытты сезiм бас көтерiп ап, ендi оны еркiне қоймады. Қалмырза дiр-дiр етiп, жақындай түсiп,
қарулы қолдарымен келiншегiн құшақтай алды. Зағипа өлуге де қайыл болғандай былқ-сылқ. Бұл төсiн оның төсiне
жабыстырып, маңдайынан сүйе бергенiнде, ернiне тиген ашқылтым дәмдi сездi. Оның жас екенiн бiлiп, Қалмырза күнi
бойы қолдан жасаған бар қаттылығынан айрылып, бордай үгiтiле бастады. Тағдыры талқыға түскен жазықсыз жанды
құшағына қаттырақ қысып, жеркенбей, бауырына құштарлана басты. Сол сәтте алпыс екi мүшесiн иiтiп ойнақ салған
алапат нәпсi есiн жиғызбай, арада көзге көрiнбей жатып алған кедергiнi тас-талқан қып, жауын аңсаған құнарлы
топырақша тусыраған екi жас тәндi табыстырып та жiберген едi...
6
Тиышбек жаман атын борбайлатып, шоқырақтатты да отырды. Ол Ережеп бар ерiктi бiр өзiне берiп қойғасын,
ақиланып, Шәкидi тыңдамай‚ оның: “Әлi жол алыс. Соншама асығатын не бар? Көлiктi қинамай, жолшыбай сыңсып
отырған бай ауылдарға қона жатып барайық та”, — деген сөзiне құлақ аспады. Ер үстiнде қоқиланып отырып ап, ұзақты
күнге өзi де тыным таппады, өзгеге де тыным таптырмады. Көлiктерiн қансорпа ғып, үшiншi күнi дегенде бес-алты түйе
жетелеген шолақ көш Түбектiң жалпақ табанына кеп құлады. Көктемде тасыған кезде Сырдың жойқын суы арнасынан
шiрей шығып, жайылып кеткен бұл жалпақ көлтабанында ел бар. Әсiресе, Әбдiржан ахун бала оқытам деп, мешiт салып,
осы жердi қоныс еткелi өткен-кеткен көшпелi жұрт бiр соқпай өтпейдi. Бала оқытып, өз алдына жеке үй тiгiп, жатқан
кәрi-құртаң кiсiлер де баршылық. Әбдіржан ахунның iшiп-жейтiнi халықтың мойнында. Баласын дiн оқуына берiп, тiл
сындырсын деген кiсiлер iшiп-жемге деп малы мен қара азығын үйiп-төгiп кетедi.
Түбектiң иек артпасынан шыға келгенде, топтың алдында оқ бойы озып отырған Тиышбек ойланып, әлденеге ат
басын тарта қалды да, көзiн сығырайтып, осы арадан төбесi көрiнiп тұрған мешiтке қарады. Сосын: