Жендеттер жас нәрестелердiң шырылдаған, апалаған ащы дауыстарына мейiрiмдерi келмей, оларды көтерiп апарып,
Сырдың биiк тiк жарқабағының басында тұрып, төменде сарылдай, иiрiмдене ағып жатқан салқын лайлы суына лақтыра
бастады. Аздан соң шырқырап жылаған, суға шолп-шолп етiп түсiп жатқан нәрестелер бiрден батып кетпей, су бетiне
қалқып шығып, суланған жөргектерi ауыр тартып, сарылдаған ағысқа iлесiп аға жөнелдi. Әсiресе, тал бесiктер батпай,
қуатты ағыспен төменгi жаққа қарай қалтылдап ағып барады. Тыныстарын су тарыла бастаған нәрестелердiң ащы
барылы, жылаған дауыстары бiр-бiрiне қосылғанда, құдды о дүниенiң өзiнен келiп жеткен азалы үндей боп естiлiп кеттi.
Дария үстi ызы-қиқы шу. Суға лақтырылған жүзден аса жас сәбидi көрiп шыдамай, бiр-екi әйел жар басынан қарғып
кеттi. Бiрақ олардың етегi ұзын көйлектерi жүзуге мұршаларын келтiрмей, денелерiне жабысып, қол-аяқтарына бөгет
болды. Шамалыдан соң олар жан таласа қимылдап, барқырап, суға батып, дем арасында жоқ боп кеттi. Олардың
соңында шыр көбелек айналған иiрiм жуық арада кетпей тұрып алды.
Осыған қызықтап қарап тұрған хиуалықтар қарқ-қарқ күлдi:
— Сендерге... осы керек!
— Бостандықты көксейтiн елсiңдер ғой!
— Сендер өмiр бойы бiреудiң тепкiсiн көрiп, құлақ кестi құл боп өтесiңдер!
— Дәл солай!
Олардан жырақтау тұрған бiр кәрiлеу сарбаз көзiне жас алып, бұрыла бере:
— Алда пақырлар-ай, — дедi.
Хиуалықтар сонан кейiн қалың жылқыны судан жалдап өткiздi. Дарияға түскен бойда көп жылқы арғы бетке қарай
пырылдап жүзе бастады. Ендi ағысы қатты тұсқа шамасы жетпеген кәрi-құртаң аттар мен жас құлындар Сырдың
ортасына жете бере ағыспен ыға жөнелiп, ақырғы рет бiр шыңғырып, суға кеттi. Қалғандары арғы жайпауыт жағаға
аман-есен өттi.
Сырдан өтiп болғасын, Уәйiс-Нияз дария ортасында қылтылдап ағып бара жатқан бiр құлынға ұзақ қарады. Құлын
ақырғы күшiн жиып, талпынып барып, суға шым батып кеткенде, ол қатты өкiндi:
— Қап, обал болды-ау!
26
Ережептiң төбе шашы тiк тұрды:
— Астапыралла! Мына хиуалықтардың көзiне бiрдеңе көрiнген шығар?
— Ойбай, көрiнгенде айтпа. Осы жолы Хиуа ханына бiр сын, — дедi Тиышбек аузы-басы сүйреңдеп.
Әшейiнде мына бәтуасызды қасы мен қабағымен-ақ ықтырып алатын Ережеп бұл жолы үндемедi. Әлдеқандай бiр
түйткiл жанын мазалай бердi. “Мен бастамағанда ғой, Уәйiс-Нияз бүйтiп қырғын жасамайды. Қолына түссем, менi
оңдырмайтыны сөзсiз. Сонда... Тоқта. Халық менi қарғап жатпаса не етсiн?” Ол ұнжырғасы түсiп, жерге қарай шөгiп
отырып қалды. Сосын есiне алдыңғы күнi Жәнiбектiң Қалдыбайды жiбергенiн есiне алды. “Қап, сонда келiсе салмаған
екенмiн”, — деп өкiндi. Ендi мың жарымдай хиуалыққа қарсы ұрысқа шығуға әнеу күнгi ұрыста қатары селдiреп қалған
Әлiм жiгiттерiнiң қауқары жете қоймайды. Елден қайтадан қол жиюдың еш ретi жоқ. Шөмекейлерге барып көмек
сұрауға құр намысқа тырысып, қыңырая бередi. Ендi не iстеу керек? Егер осылай ыбылжи берсе, көздерiне қан толған
хиуалықтардың бұның өзiн шаппасына кiм кепiл? Қалайда бiр сыласын табу керек. Сонда қалай? Ол қолымен басын
ұстап, ұзақ отырып қалды. Кенет басына бiр ақыл түсiп, зiл басқан еңсесiн тiк көтерiп алды. Сөз жоқ, сүйткеннен
дұрысы жоқ. Келiсе қалса, ертең өзiне жақсы.
Ол Шәкидi шақырып алды:
— Тез аттарды ертте!
Аздан кейiн қасына Шәки бастаған он шақты жiгiттi ертiп, мырза суыт жүрiп кеттi. Жапан дүзде қонып жатқан қолға
жөнiн айтқан жоқ. Қырға шығып алғасын, ат басын батысқа қарай туралап ап, сылқытып тартты да отырды. Басықара,
Көбек тұсынан өтiп, Қарақұмға дендеп ене түстi. Бiр ауылда қан сорпа болған аттарын солықтатып ап, қайтадан жолға
шықты. Бұл кезде күн батып бара жатқан шақ едi. Сәуiр айының нағыз қоңыр кешi орнады. Төңiрек тып-тиыш. Майда
самал желпiп соғады. Жап-жасыл даланың әр жер-әр жерiнде көкшiл гүлдер, сарғалдақтар тұтаса өсiп тұр. Айналадан
әдемi бiр иiс аңқиды. Жаңа бас алып, бүрiн жара бастаған көк жусандар керегелене өсiп, төңiрекке ұнамды ашқылтым
исiн аямай шашып жiберген. Кiсi кеуiлi ерiксiз көтерiледi. Жас көктемнiң лебiне мас болып, мына сайын далада ұзақ-
ұзақ жүргiң келедi. Көкiрегiңдi керiп, ән салғың келедi. Жылтырата сүртiлген әйнектей көк аспанның әр тұсында тең-тең
мақтадай боп қалқып тұрған ақша бұлттардың қан қызыл бауырларына қарап, биуақ кеште майда қоңыр күйге түсiп,
домбыра шерткiң келедi. Ережеп ерiксiз кеуiлi сергiп, жан-жағына құмарлана қарап қойды. Аздап ыңылдап та ән салды.
Бiрақ қасындағы қарашыларынан қысылды. Халық басына зұлмат күн туған шақта ән айтқанын сөкет көрер деп қауiп
айлады. Сосын бiр демде бет-өңiн билеп ала қойды. Ендi оның жүзiнде әлдеқандай күңгiрт ой табы кiреукеленiп жатып
алды.
Жол үстiнде ол осы сапарының оң-терiсiн қайта-қайта iштей сараптаумен болды. Бiр есебi бойынша, Захваткиндi
сынап көрмек. Егер орыс ұлығы құшағын жая қарсы алса, ертең өз наны ашиды деп бiле бер. Орыс орам ала қойса, сөз
жоқ, қиын кезде көмектескен, сенiмдi кiсi деп мұны қызметiне шегедi. Ал егер Захваткин бұл ойлағандай болмай шықса
ше? Ақылды, қу кiсiнiң бiр енi iшiнде жатпаушы ме едi? Ондайдың өз қайығы судан өтiп алғасын, өзiн ысырып‚ жар
басынан лақтырып жiберуi де мүмкiн емес пе? Қой, үйтiп не көрiнiптi. Қайта ақылды кiсi ел арасында беделi, абырайы
бар адамдармен ақырлас болуға тырыспай ма? Мұның ертең де керегi бар шығар? Жарайды, бiтпеген iстiң басын
ауыртып не қыламыз? Онан да мына жағдайды айт. Қазақтар хиуалықтардан кек алар ма екен? Тоғанақ батыр кәйтер
екен? Ол ана жылғыдай қол құрай ма? Сол жылы Қожанияз қамалын Тоғанақ пен Елдес бастаған қалың әскер қиратып
кеткенде, Хиуа жағына тiлектес боп жүрген өзi не iстерiн бiлмей, қатты сасқан едi. Қайда тығылудың жөнiн таппай
апалақтаған болатын. Сол кезде Мiрәлi ағасына сырттай мысқылдай қараса да, iшiнен өзi де бiраз кәуiп илеген. Бiрақ
бүлiкшiлер сол жолы қамалды қиратып қана тынды. Сардар Мiрәлi ауылына тиген жоқ. Соны арқаланған ағасы: “Көрдiң
бе, олар артымыздың дүмдi екенiн бiлiп тиiсуге батпады. Мұның соңы тегiн тына қояр деймiсiң? Ертең-ақ Мұхәммәд-
Инақ хан қара құрттай қаптаған қалың әскер жiберер. Сонда олардың әуселелерiн көрермiн-ау”, — деп кiжiнген. Содан
кейiн ел iшi тиышталды. Ендi Мiрәлi күшке мiндi. Момындарға тiзесiн көбiрек батырып жiбердi. Әсiресе зекет, ұшыр
салығы кезiнде өз құлқынын көбiрек көздеп, шеңгелiн кеңiнен салған едi. Соның аяғы немен тынды? Сенген Дадабектен