не опа тапты? Асылы жат басқыншыға сенiп, соның қызметiн қылып, кiсi опа таба ма? Қолындағы жылтыраған
алтыныңды алғанша жылмаңдап, бауыр боп жабыса қалатын әккi жаудың сырт айнала бере қыр желкеңнен қанжар
жұмсайтынын осы халық талай рет көрген жоқ па? Ендеше содан аузы неге күймейдi? Неге жаттың алдында.
жампаңдап, өз жұртына келгенде сәурiк айғырша қодыраңдап шыға келедi? Осы да мiнез бе? Ал, өзiң де сүйтiп жүрген
жоқпысың? Хиуамен жақсы күндерiңде Дадабектiң бабын тауып, соның қолымен от көсеп, Жәнiбектердi тықсырып
алған жоқсың ба? Бүгiнгi күнi сол кердi Жәнiбек сенiң алдыңа тартса, оған таңғалатын несi бар? Бұл да заңды нәрсе емес
пе? Ендi өзiң замана ыңғайына қарай, жаңа жолды таңдап алдың. Ертең соның ақыры неге соғарына көзiң жете ме? Сен
мына тасқынның қай жерге барып тоқтарын, жолындағы қандай тау-тас, нән дарақтардың омырып кететiнiн ақылға
салып көрдiң бе? Жоқ, сен қайта сол тасқынның ырқына бағынып, қарсы ескек тартуға шамаң жетпесiн бiлiп, ұлы
дүрмекпен аға бергендi жөн дедiң. “Жөн?” — Ережеп ер үстiнде қозғалақтап қойды. — “Жөн? Қай заманда да кiсi өз
жөнiн бiлген емес пе? Бүгiнгi күнi мен жөнiмдi тапсам, оның несi сөкет? Әр заманның өз оң-терiсi болмай ма? Бүгiнгi оң
дегенiм, ертең терiске шығады. Бүгiнгi терiс дегенiм, ертең он боп шыға келедi. Кейде екеуi ала қиғаш боп араласып та
жатады. Бәндә, шiркiн, сол екеуiнiң ортасында бiр тал жаңқаша әрлi-берлi ауытқып тiршiлiк етедi. Мен де сондаймын”,
— дедi Ережеп iшiнен күбiрлеп. “Сондаймын. Қалғанын кезiнде көре жатармыз”. Ол бойын шұғыл сiлкiп, ат үстiнде
дұрысталып отырып алды. Сосын тайпалтып желе-жортып кеттi.
Захваткин бұларды күле қарсы алды. Ол Ережептiң сөзiн тыңдап болған бойда:
— Вот это да! — дедi екi алақанын жайып.
— Мынау не дегенi? — дедi Ережеп өздерiнiң сөздерiн алма-кезек аударып тұрған Тортайға бұрылып.
— Таңданып отыр.
— Оның несiне таңданады? — Ережеп қабағын шытты. — Сен ана ұлығыңа айт, қазақтар одан көмек сұрай келдi
деп. Бiзге мылтық, оқ-дәрi берсiн. Хиуа әскерiн Сыр бойынан қуып шығамыз.
Тортай бұған түсiнiксiз тiлде салдырлай жөнелдi. Захваткин ойланып, орнынан тұрып, бөлме iшiнде әрлi-берлi
жүрдi. Кенет берi бұрылып, көкшiл көздерiн бұған сығырайтып, сынай қарады:
— Жарайды, бiз қару берейiк. Ертең киргиздардңы... ол мылтықпен ұлы Русия әскерлерiн атпасына кiм кепiл?
— Олай болмайды, — дедi Ережеп даусын нықтай сөйлеп.
— Неге? Жақында қазақтар Қосқорған-Қармақшы бекiнiсiн шапқалы жатыр деп хабар берген өзiңiз емес пе едiңiз?
— Үйдегенiм рас. Бiрақ кәзiр Хиуадан Жәнiбек те қол үздi.
— Неге?
— Келiсе алмаған көрiнедi.
— Демек, қазақтар ұлы императордың қамқорлығын асыға күтiп отыр дейсiз ғой?
— Иә.
— Ендеше солай деп қағазға жазып берiңiз. Мен оны Орынборға жiберiп, ақылдасып көрейiн.
— Ұлық, ол көпке созылып кетедi ғой. — Ережеп оған жалбарына қарады. — Мұндай болмашы нәрсеге бола үлкен
төренiң миын қатырудың қанша қажетi бар? Оны өзiңiз-ақ iстей салмайсыз ба?
— Әрине. — Захваткин трубкасын сорып, шелектей танауынан қою түтiндi будақтата шығарды да, қабағын түйдi. —
Дегенмен менiң генерал-губернатормен келiсуiм керек. Онсыз, болмайды.
— Мәртәбәлы ұлық, үйтудiң түкке де қажетi жоқ, — дедi Ережеп батылданып. — Бiзге оқ-дәрi, мылтық берiңiз.
Соғысып болғасын, аман-есен қайтсам, бәрiн өз қолыммен табыс етем.
Захваткин ойланып ұзақ жүрдi. Ау-тауық бұл жаққа суық көзiн керенаулана тастап қояды. Ақыры ол бiр-ақ кестi:
— Жарайды, болсын. Бiрақ былай. — Ол Тортайға бұрылды. — Поручик, жүз адамдық отрядты сiз бастап барасыз.
Екi зеңбiрек алыңыз. Сосын... Мурза Ереж... Как это. — Ол қабағын шытты. — Мурза, сiз генерал-губернатордың атына
арыз жазыңыз. Онда бiздi, киргиз-кайсактарды өз қамқорлығыңызға алыңыз деңiз.
— Қазақтар, — дедi Тортай бiр түрлi боп.
— Ах, солай екен ғой. Ну, какая разница? Солай деңiз. Бұл ертең мәдениеттi Европа жұртшылығы алдында бiздiң
ұлы миссия атқарғанымызды көрсету үшiн керек. Болмаса ана Англия королi бiздi жабайы, қарусыз халықты қырып,
жерлерiн басып алып жатыр деп айыптайды. Жоқ, бiз басқыншы емеспiз. Бiз барша халыққа доспыз, бауырмыз. Бiз
сiздердi Хиуа ханының езгiсiнен құтқарамыз.
— Да, — дедi Тортай тыржиып.
— Ойбай, нең бар? Әуелi шаруамызды бiтiрiп алайық та. Сосын көре жатармыз. Немене бiздi осы жирен мұртпен
құда болғалы жүр деймiсiң? Амалың құрығасын, басқа не iстейсiң? — дедi Ережеп Тортайды тiзесiнен басып.
Тортай бiр беттi толтырып арза жазды. Оның соңына Ережеп бас бармағын басты. Захваткин қағазды алып, әрi-берi
аударыстырып қарап тұрды да, әнтек басын шайқағандай болды. Ережеп таңғалды. “Бұнысы не?”
Сол күнi Ережеп Тортайдың пәтерiнде қонып қалды. Оның бөлмесiнде Плетнев отыр екен. Екеуi мұның жағдайын
бiлгесiн, қауқылдасып, дау-дамайға кiрiсiп те кеттi.
— Әрине, әзiрше қиын соғар, — дедi Плетнев шидей бiлегiн көрсете қолын жоғары көтерiп. — Ақ патша оңай жау
емес. Бiрақ кейiн пушканың соңын ала Пушкин келедi.
— Оған дейiн зеңбiрек дара қожа десейшi, — дедi Тортай күлiп.
— Солай. — Плетнев күрк-күрк жөтелiп алды да, тағы да дыбырлап сөйлей жөнелдi. — Дегенмен бұл жақсы.
Халықтар бiр-бiрiмен жақындасады. Кейiн бiз арқылы қазақтарға француз социалистерiнiң ұлы идеялары келiп енедi.
Ережеп Плетневке аяй қарап тұрып‚ iшiнен: “Қасқа-ау, алдымен тұтқыннан босанып алсайшы”‚ — дедi. Сосын ол
мырс ете қалды:
— Ол... кейiнгi шаруа ғой. Бiзге кәзiргi керегi — қару. Мылтықсыз анталаған жауға қарсы қалай барасың? Өзiмiз
соғайық десек, зауытымыз жоқ. Ең аяғы шитi мылтық та тапшы. Сосын бiз қор болмағанда, кiм қор болады?
Плетнев бұған таңдана қарады. Оның iлелi жүзiнде күмiлжi сезiм лып-лып етiп тұрды.
— Өте дұрыс айтып тұрсыз.
— Кәзiргi мiндет — қазақтардың Ресейге толық қосылуы керек. Басқа жолды мен бiлмеймiн, — дедi Тортай темекi
шегiп отырып.
— Оны... ендi... — Ережеп аяғын тартып қалды. “Мынау өзi... тайыз, ақымақ екен ғой. Жолдасының сиқын қарай
гөр. Ақ патшаға қарсы сөз айтар бұ кiм өзi? Әлде... менi сынайын деп айтып отыр ма?” Сол екен, Ережеп артық тiлге
келген жоқ. Шәй iшiп болғасын, ұйықтап қалды.