Стр. 113 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

Ертеңiне арбаларының дөңгелектерi сықырлаған отряд суыт жолға шықты. Арада үш қонып, Қазалы төңiрегiне
жеттi. Жолбасшы боп келе жатқан Ережеп Қазалының терiскейiндегi қоңыр құмнан асып түсе берiп, алдындағы жазықта
қос тiгiп жатқан қалың қолды көрiп, состиып тұрып қалды. Дереу Шәкидi мәнжайды бiлiп кел деп жұмсады. Шәки тез
барып келдi:
— Мырза, бұл Тоғанақ батыр басқарған қол екен. Шөмекейлер ұран тастап, жиылып жатқан көрiнедi. Араларында
Жәнiбек пен Тайпанның қолдары да бар.
Ережеп бойын тез жиып ала қойды.
27
Тоғанақ батыр Ақирек, Қамыстыбастағы сойқанды естiген бойда, көп ойланып жатпастан‚ Шөмекей жiгiттерiнiң
бастарын қосып ап‚ атқа қонып‚ жорыққа аттанып та кеттi. Олар Сырға жақындай бергенде Жәнiбек пен Тайпан қолы
кеп қосылды. Ендi бұлар жер қайысқан қалың қолға айналды. Сол үстiне Ережеп соңына жүз шақты орыс әскерiн ертiп
жеткенде, қарт батыр бiр марқайып қалды.
Тоғанақ Жәнiбек пен Ережептiң ренжiсiп жүргендерiн бiлетiн. Осы жолы екеуiн оңаша шақырып ап, татулық жайлы
басалқы сөз айтты. Екi жақ та үндеген жоқ. Суысып қалған кеуiлдiң оңайлықпен жiби қоймасын аңдаған батыр әрi қарай
ежiктемедi.
Бүгiн Тоғанақ, Тортай, Ережеп, Жәнiбек, Тайпандар бас қосып, Қожанияз қамалын қалай шабу жөнiнде ақылдасты.
Ақыры олар бiр тоқтамға келдi.
Сол күнi қазақ қолы Сырдан өттi. Жiгiттер дарияның енсiздеу, ағысы бәсең тұсынан аттарын жалдап, өздерi қу
қайыққа мiнiп, арғы жағаға шықты. Тек екi зеңбiректi алып өту қиындыққа түстi. Жүзу бiлмейтiн орыс әскерлерi қу
қайықтан да сескенiп, ернеуiнен ұстап, бiр рет суға гүмп бере жаздады. Тоғанақ бас болып, жағадағы қара талдарды
қидырып, екi сал жасатты. Зеңбiректi бiртiндеп салмен өткiздi. Өмiрi мұндай қару көрмеген қазақ жiгiттерi салды
таяумен итерiп келе жатып, жарқылдай күлiп, қатты-қатты сөйледi:
— Өзiнiң мойны үлектiң мойынындай екен. Сорайып тұр ғой!
— Сонда мына аузынан жалын құса ма?
— Ойбай, айтпа, — дедi Тиышбек қолын сiлтеп. — Мұның кәрәмәтын баяғыда Райымда өз көзiммен көргенмiн.
— Ә, қалай екен?
— Өй, оның iж қалайы жоқ. Күркiрегенде даусы бар ғой... жер жарады. Мен құдды Әзiретi Әлiнiң өзi келiп қалды ма
деп едiм. Сосын, бала, саған өтiрiк маған шын, доптың түскен жерi қорыс боп қалады. Қара топырақ, құданың құдiретi,
аспанға бұрқырап атылады. Бұл өзi... — Тиышбек көзiн быттитып, жан-жағына алақтай қарады. — Әгәр дәл тисе, анау-
мынау тамдарыңды жоқ қыла салатын көрiнедi.
— Не дейдi?
— Рас болса, мынауың сұмдық қой.
— Айтары жоқ.
Қауқылдасқан жiгiттер арғы жағаға шыққасын, аттарын тездетiп құрмалап ұстап мiндi. Жүздiктер өз топтарымен сап
түзедi. Орыс әскерлерi бiр бөлек тұр. Атына мiнген Тоғанақ алға шығып, жiгiттерге қарап:
— Алла жол берсiн! Тарттық! — деп қатты айқайлады. Сосын өзi бiрiншi боп алға түсе бердi.
Сыңсыған қалың қол жасыл даланың жаңа шығып келе жатқан жас көгiн мың-сан ат тұяқтарымен жапырып,
ернеуiнен шiрей тасқан ұлы селше қаптай жайылып, суыт жүрiп келе жатты. Қаһарланған жiгiттердiң қолдарына ұстаған
найзаларының болат ұштары күн сәулесiне шағылысып, суық жылтырайды. Аяқтарына iлiп алған қайың сойылдары жер
тырналап келедi.
Тортай орыс әскерлерiн қалың қолдың соңынан жүргiзiп отырды. Он шақты атты әскердi зеңбiрек жанында
қалдырды. Екi зеңбiрекке жегiлген аттарды жиi-жиi ауыстырып, алдыңғы лектен қалмау жағын көздедi. Кеше өзiнiң
өтiнiшi бойынша Захваткин Плетневтi осы ұрысқа қатысуға рұқсат берген едi. Тортай сақтық ойлап, оны
артиллеристерге қосқан болатын. Кәзiр Плетнев жаяу жүрiп келедi. Үстi-басы шаң-шаң. Жүзi ашаң тартыпты. Бiр күнгi
жорықтан жағы салып, екi көзi шүңiрейiп шыға кептi. Тортай күлiп:
— Қалай, сахара ауасы ұнады ма? — дедi.
— Әбден. — Плетнев зорлана жымиды. — Мынау не еткен шетсiз-шексiз дала! Ешкiм егiн салмайды. Мал үшiн
осыншама жердi босқа ұстап тұрған қалай болады? Оны игеру керек емес пе?
— Ұлы императордың көздегенi де сол шығар. Әлi сыры ашылмаған тың өлкеде байлық көп болады. — Тортай кiлт
кiдiрдi. “Осы мен неге ақтарыла берем?”
— Шiркiн, бұл даланы орыс крестьяндарына берсе ғой, қалай жайнатып жiберер едi. Егiн салар едi! — дедi Плетнев
жан-жағына қызыға қарап.
— Иә. — Тортай атын тебiне бердi. — Сiз өз мiндетiңiздi ұмытпаңыз. Зеңбiректi қалай оқтау керектiгiн үйрене
берiңiз. — Ол араларына шекара қойды да, iлгерi қарай сыдыртып кеттi.
* * *
Жәнiбек өз жiгiттерiмен оң қанатта келе жатыр едi. Қасында — Қалдыбай, Елдес, Қасқырбай. Ол кеше Ережептi
бұлайша келе қалады деп ойламаған да болатын. Қанша өзiн-өзi тежейiн десе де, iште қатқан берiш шымырлап, кеуiлiн
құлазыта бередi. Бiрақ ол ренiшi хиуалықтардың iстеген айуандықтары есiне түссе-ақ, қолмен сылып тастағандай жоқ
болады. Ақыры: “Мынадай жақсы тiлектiң үстiнде бәндәшiлiк етпейiн”, — деп, өзiн-өзi қатал тыйып тастады.
Қасындағы ағасына күле қарады:
— Елекең тағы да хиуалықтардан құл алатын болды ғой.
Елдес кеңкiлдеп күлдi. Мұның енесiн бiр боқтап:
— Бала, тауып айтасың, — дедi.
— Ана Атаярың қалай, пысық па!