Стр. 114 - Ulisel2tom

Упрощенная HTML-версия

— Әйдәй!
— Байқа, құлдың пысығы пәлендей жақсылық емес.
— Өй, ол пысық боп не қатырады? Ашулансам, құлағын түбiнен қайта қырқып алам.
— Иә, сен сүйтесiң.
— Е, сүйтпей, менi кiм деп едiң? — Елдес қоқиланып қойды.
* * *
Тайпанның қолы өз алдына бiр бөлек келедi. Тентек, ұр да жық Бозгұл жiгiттерi жау аңсап, кешеден берi
басшыларының құлағының құрт етiн жеген болатын. Ендi бүгiн олар есiре сөйлеп, жаңқ-жаңқ етедi:
— Бәлем, сарт, қолыма бiр түс! Жон-терiңдi тiрiдей сыпырайын!
— Ақ найзаны шiреп салғанда, кiм шыдар дейсiң?
— Шоқпармен ұрып, басын мылжалау керек!
Тайпан үнсiз. Оның есiне Ақкербез түстi. Анада айттырулы жесiрiне қалай лұқсат берiп қойғанын өзi де бiлмей
қалған. Кейiн iшi удай ашыды. Ережептiң сөзiне ауаланып, бұлданьш баққанынан дәнеме өнбедi. “Апырмай, не етсем
екен? Әлде...” Оның қабағы түксие түстi.
* * *
Ережеп Шәки мен Қалмырзаны қасына шақырып алпы:
— Сендер осы жiгiттердi түгендедiңдер ме?
— Иә, — дедi екеуi қосарланып.
— Дұрыс, — дедi Ережеп даусын созып. — Жiгiттерге айтып қойыңдар, менiң лұқсатымсыз бiр қадам қия баспайтын
болсын.
— Мақұл, — дедi екеуi жарыса жауап қатып.
Ережеп қабағын шытып, салқа жортып келе жатқан ат үстiнде оңтайланып отырды. Есiне қайта-қайта Жәнiбектiң
жайы түсе бердi. Оның Тоғанақ батыр алдында дау соқпағаны таңғалдырды. Аралары ырсия ашылып кеткен бұлардың
мынадай қысталаң шақта кездесемiз деген ойлары да жоқтын. Ережеп көзiн сығырайтып, мұртын сипалады. “Барар жерi
басар тауы қалмағасын, ендi кәйтсiн? Хиуадан о да опа тапқан жоқ. Ендi ақ патшаны сағалайын деген шығар? Сағалап
көрсiн. Байдың асын бишара қызғанады деген. Ақ патшаның шалғайы жамылуға маған да, оған да жететiн шығар? Ал,
әгәр таршылық етiп жүрсе ше? Әй, қойшы! Оны кезiнде көре жатармыз”. Ережеп жөткiрiндi. Қауiптi сапарда келе
жатып, жаман ойламайын деп, қай-қайдағы жақсы шақтарын есiне алуға тырысты. Бiрақ араларындағы ренiш, өкпе
жаман түстей есiне орала бердi. Ақыры болмағасын ол атын тебiнiп қап, шаруа бабын сөйлесейiн деп, Тоғанақ батырға
қарай шаба жөнелдi.
* * *
Тоғанақ батыр ауыр қолмен суыт жүре берудiң қиындығын сездi. Орта жолда бiр қонды. Қосындардың арасын
қоспай, бөлек-бөлек түсiрдi. Өзi түн iшiнде томар сексеуiлдiң маздаған шоғына бетiн төсеп, ұзақ отырды. Жас босанған
тоқалын, тәмпiш танауы жыбырлап, тiршiлiк белгiсiн сездiрiп жатқан қызыл шақа нәрестенi ерекше бiр жылылықпен
есiне алды. Сол екен, жаны бiр түрлi боп жылып сала бердi. Өз тәнiнен үзiлiп түскен бiр бөлшектiң ертең азамат боп, ат
жалын тартып мiнерiн, өз жолын қуарын сезгенде, аздап күлiмсiреп қойды. Сосын ертеңгi жағдайды ойлады. Уәйiс-Нияз
не қып жатыр екен? Ол қазақтардың қол жинағанынан хабардар ма? Әлде қамалында бекiнiп отыр ма? Неде болса, ертең
қырғын соғыс болады. Мына лапылдап жүрген жас жiгiттердiң бiразының мерт болуы мүмкiн. Өзiне де кәуiп төнуi кәдiк
емес. Бiрақ таланған, қорланған ел намысы мұны өз үйiнде тиыш жатқызбады. Iшкен асы бойына тарқамай қойды.
Баяғыда Сырдың төменiндегi қарақалпақтармен шайқасарда да осындай жағдайға кездескен-тiн. Ол ертеректе болған
едi. Онда мына Сырдың төменгi сағасында Қаратаудан ауған, Жабы батыр бас болған қалың қарақалпақ елi қоныс теуiп
жатқан-ды. Олар жаз Қарақұмды жайлап, қысқа қарай осы Сырдың қопақты, қамысы көп жағасына келiп қыстайтын.
Тоғанақтың ауылдарын сол маңайға жолатпайтын. Алда-жалда бара қалған бiрен-саранын қолдарына қару алып, қайтып
жоламастай етiп қуып шығатын. Оның үстiне сақырлаған шiлдеде құдыққа таласу құдайдың құтты күнi болып жататын.
Сондай бiр таластың үстiнде бiр кiсi мерт болды. Сол күнi бұған Бес Бозғұлдың игi жақсылары келдi. Ол кезде бұл атағы
жаңа шығып келе жатқан, он сегiзден ендi ғана асқан жiгiт едi. Бұрын-соңды өзiне мұндай жақсылардың басы қосылып
келгенiн көрмеген ол алғашқыда сасып қалды. Олар үйде отырып:
— Қарағым, — дедi, — бiздер мына ағайынмен аулы аралас, қойы қойы қоралас жүрген ел едiк. Қаратаудан ауып.
келгеншде ағайынның азары естерiнен кетпес деп, жер бөлiп берiп ек. Ендi, мiне, соны Жабы батыр ұмыта бастады.
Ауылдарымызға, қатын, бала-шағаларымызға зорлық-зомбылық көрсетiп жүр. Соны саған айтқалы келдiк.
Бұл үндемедi. Ақсақал сөзiн әрi қарай жалғастырды:
— Ағайын ала болса, ауыздағы кетедi деген ып-ырас. Ендi бiздiң бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығаратын кезiмiз
жеттi.
Тоғанақ сонда ғана басын көтерiп алған едi:
— Ақсақал, айтып отқаныңыздың iж қалетi жоқ. Халық басына зобалаң туып отқанда, ел қорғамасаң, батыр болып
не пайда? Бiрақ... — Ол аз-кем мүдiрдi. — Осы арада ақылға салып көрсек кәйтедi?
— Әй, қарағым, оның ақылға не салатыны бар?
— Салғанда... былай. Бiз iждеменiң анық-қанығына көз жеткiзiп алмай, қызу үстiнде...
— Ояғын бiзге сен.
— Дегенмен... ағайынның алдын алсақ кәйтедi? Мүмкiн, түсiнер. Арадан кiсi жiберiп, Жабы батырға арзамызды
айталық.
Ақсақал қарсы жауап таба алмай қалды. Сол арада оның жанында отырған тықыр бас, көсе суырыла жөнелдi: