оянып кетiп қараса, ойдағы алқаптағы жанған от мүлдем көп екен. Дәл бағанағыдай. Кiсiлер ұйықтай жатыр.
Қарауылдар бiр-бiрлерiмен айқайласып қояды. Тоғанақ сонда халықтың қуаты әлемет-ау деп түйген.
Ертесiне күн арқан бойы көтерiле бұлар сап түзеп, Жабының аулы отырған қара төбенiң басына шықты. Ұран тастап,
дабыл қақты. Бiр қайратты жiгiт ту көтерiп тұрды. Жабы батыр да дайын отыр екен, арғымағына мiнiп, қол алдында
қасқайып келедi. Олар бұларға жақын кеп тоқтады. Аздан соң жекпе-жек басталды.
Жабы мен Тоғанақ жекпе-жекке шықты. Олар ағызған қалпы найзаларын бiр-бiр салысып өттi. Қайырыла бере
салысқанда екеуiнiң найзалары да анадай жерге ұшып-ұшып түстi. Ендi олар бiр-бiрiне тақап кеп, алыса кеттi. Сом
саусақтар иықтарға қадала түсiп, ырғап-ырғап қалысты. Екi батыр да берiлмедi. Сол арада Тоғанақ атын тебiнiп қап,
iлгерi қарай ұмтылды. Жабыны қос қолымен қапсыра құшақтап, әуп деп қалды. Ол батырды ер үстiнен көтере бердi. Сол
кезде Жабы да бiр қайрат қылды. Олар бiр-бiрiнiң iзiнен жерге топ етiп құлап түстi. Түскен бойда екеуi жерден атып
түрегелiстi. Алыс қайтадан басталды. Ендi Тоғанақ қайрат көрсетiп, Жабыны әрлi-берлi шайқауға кiрiстi. Зор қуатқа
шыдамаған Жабы аздан соң алқына бастады. Соны байқаған Тоғанақ қатты қимылдап, сәтi келген тұста оны құшақтай
көтерiп, жерге атып ұрды.
— Иә, әруақ! — деп бергi жақтағылар шу ете түстi.
Одан арғысы мұның есiнде шала-пұла қалыпты. Жабының басын кесiп, қанжарын қынына сала бергснде, делебесi
қозған екi жақ ию-қию араласты да кеттi. Мұның есiнде кiсiлердiң боқтасқаны, шоқпарлардың сартылы, аттардың
шыңғырғаны ғана қалыпты. Айнала ала шаң. Төгiлген қан. Алмадай ұшып жатқан бастар. У-шу. Ың-жың...
Тоғанақ шыңылдап кеткен құлағын қолымен баса қойды. Алдында шырт-шырт етiп‚ шоршып түсiп жатқан сексеуiл
шоғына селқос қарады. Содан берi талай шайқасты бастан кешiрдi. Ендi, мiне, Қожанияз қамалын шапқалы отыр.
— Иә, Алла, өзiң жар бола гөр, — дедi қарт батыр күбiрлеп.
* * *
Ертеңiне олар Қожанияз қамалын ауыр қолмен кеп қоршап тұрды. Тоғанақ шабуылды бiрден бастамақ боп едi, оны
Тортай тоқтатты:
— Кiсi шығындап кәйтесiз. Көрмейсiз бе, қамалдың жан-жағы терең ор. Жақындаған кiсiнi қарауыл басынан ата
бередi. Әрi қамалдың қабырғасы биiк. Оған барған жiгiттер шыға алса, — жақсы; шыға алмаса, — қиын. Тiптен шыққан
күннiң өзiнде, iшке енген бiрлi-жарым адамды көп дұшпан қиқалап тастайды. Одан да былай етейiк.
Тортай зеңбiрекшiлер жанына келдi. Жүзi құп-қу боп, орысшалап бұйрық бере бастады:
— Прицел средний. Прямой наводкой... Огонь!
Қос зеңбiрек тиыш жатқан құба даланы жаңғырықтыра зiркiлдеп, қатарынан гүрс-гүрс ете түстi. Лафет керi шегiне
бере iлгерi қарай сарт ете қалды. Зымыраған доптар ауаны жыртып, ысқырған қалпы қамал шетiне барып жарылды. Қара
жердiң ылғал топырағы аспанға атылды. Артиллерияшылар тез-тез қимылдады. Кейiнгi доптар қамал диуалына жақын
тиiп жатты. Бiр доп асып түсiп, қамал iшiне барып жарылды. Ол жақтан айқай, ойбай, шықты. Кейiнгi екi доп қамал
диуалына дәл тиiп, опан-дай етiп үңiрейтiп тастады. Тағы екi-үш доп нысанаға дарып, гүрс-гүрс жарылды. Зор қуатқа
шыдамаған қабырға ауада теңселiп сәл тұрды да, кенет табан астындағы тiрегi тайып кеткенiн бiлгендей, ауыр ырғалып
барып, зор салмақпен гүрс етiп құлады.
Жiгiттер шу ете қалды:
— Қамал қирады!
— Диуал құлады!
Тортай зеңбiрекшiлерге қарай қолын сiлтедi:
— Атуды доғарыңдар!
* * *
Тоғанақ соны күтiп тұрған едi. Ол дереу астындағы атын қонышы биiк етiгiнiң үлкен өкшесiмен тебiнiп қап, алға
шыға бердi:
— Уа, бауырлар! Алдарыңда ата-баба әруағын, сүйегiмiздi қорлаған ата жау тұр! Солардан кек алмасақ, әруаққа шет
боламыз! Бұл шайқаста мерт болғандар шәйiт кетедi. Олардың жаны жұмаққа барды. Кәне, тартыңдар! Алға! Дөйт!
Дөйт!
Қалың қол лап қойды.
— Әруақ! Әруақ! — деген күңiренген дауыс боз даланы жаңғырықтырды. Әдепкiде бастарын ала қашқан аттар бiр-
бiрiне соқтығысып, ұшып түсiп жатты. Оларға қарайтын мұрша жоқ. Жiгiттер iлгерi қарай заулап келедi. Қамал жақтан
атылған оқтар жiгiттерге тиiп те жатыр. Қазақтар өлгендерiне қарамастан, ұран тастап, кiжiне сөйлеп, боқтап, зулап
келедi. Әне, қолдың алды қамал iшiне кiрдi. Сiлтенген қылыш жүздерi жарқылдап, әуеде мың-сан сәуле ойнап
жатқандай болды. Әуелгiде қорқа соқтаған жiгiттер ендi шайқасқа етi үйренiп, еркiн қимылға көшкен.
* * *
Жәнiбек те сол дүрмектiң ортасымен қамал iшiне кiрген едi. Жан-жақтан сiлтенiп жатқан қылыштарға, соғылған
шоқпар, сойылдарға алғашқыда қорқып, жалтақтап қараған болатын. Келе-келе көндiгiп кеттi. Ақыра ұмтылып, ұзын
қара сойылымен хиуалықтарды оңды-солды жусатып жүрген Елдеске сырт жағынан найзасын ала ұмтылған бiр
хиуалықты көрiп қалды. Табан астында өзiне не болып, не қойғанын бiлмедi. Атын ытқытып кеп, қайқы қылышын
қынабынан суыра бердi. Хиуалықтың найзасын ат омырауымен қағып түсiрiп, оны оң жағына ала бердi. Сасып қалған
хиуалық найзасын жерге түсiрiп жiберiп, жалт қарады. Көзi шарасынан шыға бақырайып кеткен. Жәнiбек қалш-қалш
етiп, қылышын бар пәрменiмен сiлтеп кеп қалды. Әуелгiде өткiр болат жүздiң жұмсақ бiрдемеге кiргенiн сездi. Содан
кейiн адам сүйектерiн тысырлата кесiп өтiп бара жатқанын сездi. Шошып қап, қылышын қиялай суыра бергенiнде, екi
қолы ербеңдеген хиуалық боп-боз боп, құлай бердi. Жәнiбектiң зәресi ұшып кеттi. Қылышының жалпақ жағымен атын