салып қап, жойқан боп жатқан жерден аулақтап шыға бердi. Көкiрегiн қысқан әлдеқандай құсық тынысын тарылтып,
лоқсытып әкетiп барады.
* * *
Елдес шын шайқасқа жаңа кiрiскен едi. Қалдыбай, Қасқырбай, Қалмырза, Шәки төртеуi тiзе қосысып жiберiп, айнала
шеп құрып, хиуалықтардың келгенiн келгендей ұрып түсiрiп жатыр. Әсiресе, төбелес десе жаны құмар Қалдыбайдың екi
қара көзi шоқтай жанып, насаттанып кеткен. Қара шоқпарымен хиуалықтарды қақ басқа бiр қояды. Қайратты жiгiттiң
соққысына шыдамаған дулығалы бастар кегжең ете түсiп, ақырын-ақырын қылжия бередi.
* * *
Шәки де найзагер едi. Жақындай берген хиуалықтарды қара найзасымен аттарынан ұшырып-ұшырып түсiре бередi.
Қара жаяу қалғандарын Қалмырза қылышпен шауып жатыр. Ол испаһани қайқы қылышын сыр еткiзiп тартып қалғанда,
талай бас сағағынан үзiлген алмаша домалап кете бередi.
* * *
Осы кезде Тоғанақ батыр шын ойранды бастап та жiберген едi. Ақырып ұмтылғанда, атақты батырдан жаулар
қоғаша жапырылады. Ол ұрыс емес, жәй ғана төбелесiп жүрген кiсi сияқты. Қапысын тауып, тез қимылдайды. Оның
қасындағы жiгiттер де шеттерiнен жаугер едi. Бозғұлдар жараланғандарына, қатарларының сирей бастағанына
қарамастан‚ арпалыса шайқасып жатыр.
Тортай қазақ қолынан да, хиуалықтардан да көп шығын барлығын көрдi. Алас-қапаста басына бiр ақыл түсе қалды.
Зеңбiрек жанына он шақты кiсiнi қалдырып, жүздiктi тез атқа қондырды. Өзi бас болып алға түстi. Шауып келе жатып:
— Аспанға атыңдар! Айқайлаңдар! — деп әмiр еттi.
Казак-орыстар құйғып келе жатып, мылтықтарын көкке көтерiп, атып-атып жiбердi. Сосын уралаған қуатты дауыс
тұтаса шықты.
* * *
Хиуалықтар сасып қалды. Олар казак-орыстың әскерлерi келедi екен деген сыпсыңды кеше естiген едi. Ендi
барлығын үрей жеңiп, бойларынан қайраттары қашып, керi қарай шегiне бердi. Қамалдың екiншi қақпасы жағында
тұрған Уәйiс-Нияз сарбаздарының жеңiлгенiн бiлдi. Нөкерлерiн ертiп, қақпаны ашқызып, шыға бердi. Оны көрiп,
жараланған қолбасы iзiнен тұра жүгiрдi:
— Мәртебелi бек, сарбаздарды кәйтемiз? Қоршауда қалдық қой.
Уәйiс-Нияз тарта бердi. Қолбасы асып-сасып жүгiрiп кеп, оның атының тiзгiнiнен ұстай бердi:
— Мәртебелi бек, кетпеңiз! Сарбаздар қадды!
Уәйiс-Нияз сол арада қатты кiжiнiп, қолбасыны аяғымен маңдайынан теуiп кеп жiбердi:
— Қалса, сен сояққа бар! Мен Хиуадан әскер әкелем!
Қолбасы басын ұстап, сексиiп тұрып қалды. Хиуаға қарай қашып бара жатқан Уәйiс-Нияздың соңынан ызалана
қарады:
— Қап, мұныңды ертерек бiлмедiм ғой. — Ол қолы дiр-дiр етiп, еңкiлдеп жылап жiбердi.
Қазақтардың екпiнiне төтеп бере алмаған сарбаздар шегiне-шегiне қамалдың бергi сыртына шығып кеткен де едi.
Көбiсi жарадар. Әлсiреген. Олар қолбасыға жетiп-жетiп келiстi:
— Ендi не iстеймiз?
— Бiлмеймiн.
— Бек қайда?
— Әне, қашып бара жатыр.
Сол арада олардың ту сырттарынан қуатты ұран шықты. Төбе астында бағанадан берi тың тұрған Тайпан қолы
аңдыздап шыға келдi. Жақындай бере Тайпанның жанында заулап келе жатқан Тиышбек сирақты қара мылтығын
жоғары қарай көтерiп, гүрс еткiзiп атып жiбердi. Өзi жетiп келген бойда ұзын сойылымен бiр хиуалықты жон арқадан
бiр қойды. Сол сәтте өзi де ат үстiнен сыпырылып түсiп бара жатыр едi.
Хиуалықтар амал қалмағанын анық бiлдi. Асып-сасқан сарбаздар ақыры жан сауға сұрағанды хош көрiп, қаруларын
жерге лақтырып-лақтырып жiберiп, құр қол қалыптары бiр жаққа қарай шыға бердi.
* * *
Тоғанақ Уәйiс-Нияздың қашып бара жатқанын сонда барып көрдi. Қазақтар гу ете түстi:
— Жау қашты! Жау қашты!
— Хиуалықтар қашып барады! Әне, әнеки!
Тоғанақ аттары мықты жүз жiгiттi тез жасақтады. Қашып бара жатқан топты көрсетiп:
— Не өлiлей, не тiрiлей әкелiңдер! Тез! — дедi.
* * *
Ережеп тұра ұмтылды. Жүз қаралы жiгiт аттарына қамшыны басып-басып жiберiп, ұран тастап, құйғыта жөнелдi.
Топ алдына түскен Ережептiң құлағы шуылдады. Қарсы алдынан соққан салқын жел көзiнен жас парлатты. Алдына
қарай еңкейiп, ат жалына жабысып ап, араларының бiрте-бiрте жақындай түскенiн байқады. Хиуалықтар да ендi
топтарын жазып, ат жалына жабысып ап, тырағайлап қашып барады. Ережеп жүйрiк аттың бүйiрiн қос тақымымен қыса
түсiп, зымырап келедi. Мiне, олардың қарасына жетiп те қалды. Ережеп қолындағы найзасын оңтайлап ұстады.