Жақындай бере өзiне жалтақтай қараған нөкерлердiң желке тұсын көздеп, найзасын сiлтеп кеп қалды. Нөкер бақ ете
түстi. Басы кегжең ете қап, қос қолын ербите, ат үстiнен құлап бара жатты. Әруақтанып кеткен Ережеп боқтап, екiншi
сарбазға ақыра ұмтылды.
Шәки мен Қалмырза Уәйiс-Нияздың алдын орай шауып келе жатқан-ды. Бұлар жақындай бергенде Уәйiс-Нияз
мылтығымен Шәкидi көздеп атып жiбердi. Шәки жасқанып, бұға қалды. Оқ ысқырған күй сол құлағын жалап өттi.
Жалма-жан құлағын ұстап едi, жып-жылы қан қолына жұқты. Қалмырза заулаған қалпы ат басын тартып үлгере алмай,
Уәйiс-Ниязға барып соқты. Көлденеңнен тиген соққыға шыдамаған ақалтеке арғымақ бiр шыңғырып жiберiп,
тәлтiректеп кетiп, арғы жамбасына қарай құлады. Уәйiс-Нияздың басындағы дағарадай сәлдесi ұшып түстi. Басы айна
таз екен. Ат үстiнен мысықша шалт қарғыған Қалмырза ананың есiн жиюына мұршасын келтiрмей, үстiне қона түстi.
Шоқпардай жұдырығымен бiр қойып, сарттың имек тұмсығын дал-дал қылды. Содан соң екiншi соққы бетiне тиiп,
Уәйiс-Нияздың басы шыр айналып жүре бердi.
Қалған жiгiттер нөкерлердi бiртiндеп аттан түсiрiп жатты. Өздерiнен де оқ тиiп жер қапқандар баршылық. Кенет топ
арасынан бiр түрiкмен жiгiт алға қарай ытқи ұмтылды. Ол атылып барып, жұлына шығып, Хиуа жаққа қарай зымырай
жөнелдi. Оны екi-үш жiгiтi қуа берем дегенде, Ережеп қатты айқайлап тоқтатты:
— Қумаңдар! Жақында Уәйiс-Нияз түрiкменнiң бiр батырын осында әкелдi деп едi. Мынау дәу де болса соның өзi.
Қамауда жұрген пақырдың жарық дүнияға шыққан кезi осы шығар. Барсын елiне! Төскейде малымыз түйiскен туысқан
ел едiк. Бiздiң де ел болып ту көтергенiмiздi жұртына айтып барсын! Қазақтардың да жаугер, батыр, iргелi халық екенiн
он екi баулы ағайындарға жыр қылсын! — деп, өзi қатты толқып кеттi. Сосын терiс айналып, көзiне келiп қалған жасты
жеңiмен сүрте бердi.
28
Қолға түскен тұтқындарды бiр бөлек топ қылып, оған қарулы жiгiттерден мықты күзет қойып, Әлiм, Шөмен қолы
Қожанияз бекiнiсiнен бiр көш ұзап шыққасын дем алуға кiрiстi. Тоғанақ батыр өз жiгiттерiмен оқшаулау барып
шатырын тiктi. Оның әр жағына Ережеп қолы орналасты. Бергi бiр бүйiрге Жәнiбек бастаған Аспан жiгiттерi өз
шатырларын тiгiп-тiгiп тастасты. Ал Тортай төре бастаған орыс әскерлерi шатырларын бөлектеу жерге тiктi.
Ел-жұрт орналасып болам дегенше, қас қарайып, көктемнiң суық лебi кең алқапты орап та үлгерген едi. Әскерлер ас
дайындап, от жағып әлек. Әр жер-әр жерде лапылдап жанған көп от сәлден соң төңiректi у-шу тiршiлiк тынысына бөлеп
те жiберген едi. Кеуiлдi жiгiттер жеңiс рухы көтерiп, самбырласа сөйлесiп, айналаны ың-жың ғып жiбердi.
— Мен жақындай бере әйдәй, былай... құлақ шекеден бiр қойдым. Ол да мықты ит екен, бiрден құлай коймады.
Сосын...
— Оны қойшы. Мен жете бере...
— Сен тоқташы. Одан да Уәйiс-Нияздың қалай қашқанын көрдiң бе? Батырға да жан керек екен, ә?
— Бала, айтпа.
— Әруақ жар боп, жаудан кәк алдық әйтеуiр.
— Ойпырмай, өздерi де барып тұрған қаныпезер екен!
— Төкең ендi Уәйiс-Ниязды не iстер екен?
— Дарға асатын шығар?
— Жаңа мен шет жағасын естiп қалдым, ана Тортай төре оны Петерборға, тура ақ патшаның өзiне апару керек дептi.
— Қойшы, рас па?!
— Естiген құлақта жазық жоқ!
— Рас болса, рас болар.
— Өй, қой. Оны ақ патша нағылсын? Осы жерден-ақ орыс ұлығы кәлләсын қағып ала салатын шығар?
— Итiм бiлiп пе?
— Жарайды, оны қойшы, — дедi бiр қартаң кiсi алдындағы шоқты көсеумен ысырып, жайнатып жатып. — Хиуа-
Хиуа деп қақсап болып едiк, мiне оны да қираттық. Ендiгi жағдайымыз не болмақшы? Сендер сояғын ойладыңдар ма?
Отты қоршалап отырған жiгiттер аз-кем үнсiз қалды. Сол арада Қалмырза отқа шырт еткiзiп бiр түкiрiп:
— Неде болса, болары болды, бояуы сiңдi. Қалғанын құдайдың жазуынан көремiз де, — дедi.
— Оған не сөз бар. Бiрақ... қазекем: “Үш күндiгiн ойламаған әйелден без, үш жылдығын ойламаған еркектен без,” —
деген. Келер күнiңнiң қамын жегенде тұрған не айып бар?
— Айып жоқ қой. Бiрақ оны кiм болжай алады?
— Иә, ол рас. Басқа түскен баспақшыл деген.
— Ақұдай‚ өзiң жар бола гөр! — дедi қартаң дiндәр кiсi күрсiнiп қойып.
Осы кезде Тоғанақтың шатырында қалың қолдың басшылары жиналып та үлгерген едi. Батыр қолды болған малдың
iшiнен бiр семiзiн сойдырып, Тортай, Жәнiбек, Ережептерге қызметшi жiгiттерiн жiберiп, кешке дәм татып
шығарсыңдар деген едi. Ендi мiне жылқының жас етiнiң бұрқыраған исiн құмарлана жұтып, кiсiлер кеңдеу шатпаның
iшiнде сығылыса отыр. Төрде Тортай жайғасыпты. Ол көптен берi малдас күру дағдысынан жаңылып қалған сирағы ұйи
бергесiн, бiр қырындап отыр. Оның қасында отырған Тайпан айдынды: iрi тұлғасы мына топтың ортасында айрықша
шалынып, ортада жанып жатқан сексеуiл отының жарығымен бiр түрлi қызғыш тарта көрiнедi. Одан төменiректе
Жәнiбек орналасқан. Оның қарсы жағында Ережеп маңқиып отыр. Өз үйi болғандықтан, Тоғанақ батыр оң жақта, сәл
төменiректе орналасыпты. Ол төрт-бес түйеге артып алып келген сабасын бiр жiгiтке пiстiрiп, қымыз құйдырып отыр.
Меймандар жақсы ашыған қымызды құмарта iшiп жатыр. Кейбiреуi тамсанып та қояды:
— Төке, мынау бiр бал қымыз!
— Өзi әбден шайқатылып, бабына келiптi!
— Ана қап-қара майын қараш!
Тоғанақ өз тостағанын алдына қойып жатып:
— Қымызсыз өзi... кiсiнiң бабы болмайды. Сосын ауылдан әдейi ала шығып ем, — деп барып аз-кем кiдiрдi. Сосын
ойлы көзiн Тортайға тастады. — Тортай қарағым, жасың кiшi болғанмен, бiраз жердi көрдiң. Көзi қарақты жассың. Өз
ойымша пәмлеймiн, осы ақ патша iшкерiлей бере ме деп. Сояғы өзi... қалай?