— Әйдә, кеттiк! — деп, жаман атын қамшымен бiр тартты.
Шәки мына бәтуасызбен тәжiкелесудiң пайдасыз екенiн бiлiп, оның iзiнен үнсiз ердi. Жiгiттер де наразылығын
сырттарына шығармай, тоң-торыс қалпы жүрiп келедi. Ақыры бiрi шыдамай:
— Мынау неме бiздi алаөкпе ғып сүрiндiрiп жығылтатын болды-ау, — дедi.
Оған екiншi жiгiт қосылды:
— Айтпа бала. Осы жолы басшымыз келiсiп кеттi.
— Аузымыздың салуы бар десеңшi.
— Салық жинайтын кiсiнiң аузы салымды болмаса, — деп үшiншi жiгiт сөзiнiң аяғын жұтып тоқтады.
Шәки үндемедi. Кеше осы жолға шығарында Дархан тағы да ырза болмаған. Оның үстiне биыл жаз бойы Хиуаның
сарбаздарынан қашқан Ережеп ауылынан жырылып кете алмай, сағанағы салдырап, көштi де жүрдi. Мұндай берекесiз
тiрлiк отбасының зықысын алып бiттi. Аяғы ауырлаған сайын келiншегi жиi көшiп-қонғанды жаратпайтынын анық
айтты. Оның бәрiн бiлсе де, Шәки iшiнен тынған. Кәзiрде де өз жайын ойлап келедi.
Тиышбек Әбдіржан ахунның мешiтiнiң тұсына жете бере атынан жерге топ етiп түсе қалды:
— Ақынға сәлем берiп шығайық.
Сосын атының шылбырын бiр жiгiтке ұстата сап, аяғын ордаңдай басып, iшке кiрдi. Басына сәлде ораған, қиық
мұртты, шоқша сақалды, бет пiшiнi арғы тегiнiң Шарқы жұртынан шыққанын айқын аңғартар Әбдіржан ахун кең тамда
алқа-қотан боп, жүресiнен отырған қылқандай балаларға әрiп үйретiп жатыр екен. Ол әндете сәлем берiп, кiрiп келген
мұны көрiп, басын әнтек бұрды да, көзiмен амандасқан болды. Тиышбек оны азсынып:
— Уа, пiрiм, сау-сәләмат барсың ба? — деп, күректей қолымен Әбдіржанның шидей аппақ саусақтарына жармасты.
Табан астында дiндарлығы қозып кетiп, жұқалтаң ернiмен ахунның қолын сүйiп-сүйiп алды.
Әбдіржан жеркенiп, суланған қолының сыртын жiбек шапанының шалғайына сүрттi:
— Иә, Тиышбек, мал-жан аман ба?
— Шүкiршiлiк, Әбеке.
— Оу, қайдан келесiң?
— Әй, молдеке-ай, қайдан дерiң бар ма? Мал тауып, қызыл қарын жас баланың қамын жеп жүрген ғой.
— Ойбай-ау, одан артық не керек? Аллатағалам еңбек сүйген құлдарын жақсы көрген.
Тиышбек Әбдіржанның жылы шырай бергенiне ырза боп кетiп, тiзерлеп отырған жерiнен iлгерi жылжыды:
— Әбеке, осы бала оқытқанға не аласың?
— Не алайын? Оны халықтың өзi бiледi. — Әбдіржан өткiр қара екi көзiн тура қадады. — Немене, бала оқытайын
деп пе ең?
— Былай... өзi... — Тиышбек мүдiрдi. Биыл ол жаз басында-ақ үлкен ұлын молданың алдын көрiп, хат танысын, кiм
бiледi, миы алып, кейiннен молда боп, iшiп-жемiн ел үстiнен таба ма деп ойлаған едi. Бiрақ оны пiсенттеп жатуға мойны
жар бермедi. Әрi оңашада кiрiс-шығысын есептеп отырып, оған төлейтiн малы да осал болмас-ау деген. Ендi ол
шыбындаған ешкiше қыбыжықтап, Әбдіржанға ыржия қарады. — Молдеке, осы менiң сiзге қойсам ба деген бiр сауалым
бар едi.
— О не? — Әбдіржан таңданды.
— Осы ғой сiздер обал, сауап жайлы көп ойлайсыздар. Менiң жаман түсiнiгiмше, обалды көп жасаған кiсi ертең
тозаққа, ел сауабын алған жұмаққа барады ғой?
— Әлбәттә, — дедi Әбдіржан басын шұлғып.
— Сонда мына сiздiң бала оқытқаныңыз да сауап па?
— Әрине. Бiр мұсылман бiр жәһилдi дiнге өткiзсе, одан артық сауап жоқ.
— Сонда дейiм-ау... былай... менiң таңғалып жүрген бiр нәстем, сауап қана керек болса, осы оқытқаны үшiн ақы алу
шариғаттан тышқары емес пе?
Әбдіржан мүдiрiп қалды. Тез арада жұқа қабағына кiрбiң қонып, ол қозғалақтай берген бiр баланы:
— О доңыз! Тиыш отыр! — деп, жанындағы солқылдаған жас шыбықпен қыр арқадан остырта тартып жiбердi. Бала
ыршып түстi. Сонда да жыламай, көзiн жерден көтере алмай, төмен қарап иiле бердi. Әбдіржан шыбықты орнына қойып
жатып: — Уа, құдайдың құлы, — дедi Тиышбекке қарап. — Дiн кiсiлерi iжкiмнен iждеме дәметпейдi. Халық өзi берiп
жатса, керi қайырмайды.
— Ендеше, молдеке, үйде бiр тентегiм бар едi. Менiң сыңсып жатқан қай бiр малым бар? Соны ақысыз-пұлсыз қара
танытып берсеңiз кәйтедi?
Әбдіржан бұған ойлана қарады:
— Жасы қаншада?
— Бiр мүшел толды.
— Жоқ, болмайды. Тiлi қатайып кеткен.
— Ойбай-ау, қатайған тiлдi... былай, иiп, созып...
— Жоқ, болмайды.
Тиышбек iшiнен: “Нағылған-ау”, — дедi. Ендi бұл шаруасының бiтпейтiнiн бiлiп, қабағы түсiп, бастары қылқиып
отырған балаларға жағалай қарап шықты. “Бүйтiп көкала торғайдай боп таяқ жегiзгенше, балама қой бақтырсам
кәйтедi?” — деп, орнынан атып тұрды да, аяғын асығыс басып, сыртқа шығып, атына мiндi. Оның Әбдіржанға ызасы
келгенi сонша, маңайына жолап, жөн сұраған жiгiттерге көз қырын да салмады. Сол пәтiмен Кеңтүптiң қойнауындағы
тарысын орып бiтiп, ақтап жатқан Тұрғали, Ерғалиларға жетiп барды. Олармен ықылассыз амандасып, атынан жерге топ
ете түсе қап, күн сәулесiне алтынша шағылысып жатқан тарының бiр талын жұлып ап, үгiп, дәнiн алақанына салып
қарады. Сосын одан үш саусағының ұшымен бiр шөкiп ап, аузына салып, малжаңдап шайнап көрiп тұрды да,
сүйсiнгенiн жасыра алмай, Шәкиге қарап:
— Оһо! Тоқшылықтың көкесi мұнда екен ғой, — дедi. Сосын одыраңдай жетiп кеп, Тұрғалиға құсы түсiп: — Кәне,
астықты қапқа сал, — дедi.
Мына топтың тегiн жүрмегенiн сезсе керек, Тұрғали жүзi күреңiтiп, кекештенiп қалды:
— Не, неге?
— Негесi нес? — дедi Тиышбек қоқиланып. — Сиырының сүтiн айран ғып iшкенде жақсысың, ақысын төлеуге
келгенде неге дейсiң? Ол болмайды. Менi Ережеп мына жiгiттерге басшы ғып жiбердi. Жерма бес пұт астық берсiн дедi.