ойлады. Сөз iләмiне қарағанда, осы төремен арасында бiр байланыс бар сықылды. О не, деп ойының түбiне жете алмай,
ұзақ отырып қалды.
* * *
Тайпан тоя жеген тамақты ауырлап, есiк жаққа алаңдаумен болды. “Жаңағы жiгiтi қайда құрып кеттi? Берер
қымызын тездетiп бермей ме? Сосын... көз шырымын алсақ”, — деп тықыршып отыр.
* * *
Ережеп екi ұдай күйде. Бағана ол Тортаймен оңашалана берiп, орыс әскерi мен Әлiм қолы бiр бөлек қонсын деген
едi. Оған Тортай көнбей қойды. Ол аздай, бұған бұйыра сөйледi. Содан бұл қитығып қалды. “Әлден бұлай... ертең не
болмақ? Бұларға қызмет жасап жүргендегi көретiн әуселем осы ма?” — деп қатты толғанды. Орыс әскерiн алып кеп,
Қожанияз қамалын қиратысқан бұның абырайын ел-жұрт алдында көтеру орнына, мына тыштаңдаған төренiң қалың
көптiң көзiнше мұны жас баладай жұмсағысы келдi. Iшiнен: “Мынауың сәпелек қой!” — деп жазғырғанымен, Ережеп
сырттай түрiн бермедi. Ендi кәзiрде сыр алдырмады. Iштей қатты толғанып отыр. Жарайды, дедi ол өзiне өзi күбiрлеп,
Хиуа қолын қираттық. Сосын не болмақшы? Ертең Хиуадан Мұхәммәд-Инақ сыңсыған әскер жiберсе, не етемiз?
Райымдағы орыс әскерi шамалы. Кейiннен көмек келем дегенше хиуалықтар бұларды жойқан төбе етiп те тастамай ма?
Бұл соны ойлап, бағана ұрыс кезiнде көп алға ұмтылмаған. Әсiресе, Уәйiс-Нияздың көзiне түспеуге тырысқан. Кiм
бiлiптi, деген iшiнен. Кәзiрде де ол бағана басына келген бiр ойға қайта-қайта ат басын тiреп отыр. Сүйтiп Хиуа
ханының да ығытын алып қойсам! Кiм бiлiптi, ақ патша әскерi мына жердi ұстап тұра ала ма, тұра алмай ма? Олар
баяғыдағы Перонскийдiң кебiн кисе, бұның жан сауғалауына тура келедi ғой. Сол кезде ана Жәнiбектiң мұны Хиуа
ханына көрсетiп бермесiне кiм кепiл? Одан да осыным дұрыс. Және мұны iж кiсiге бiлдiрмей iстеу керек. Ол сол ойға
белiн бекем буып та алған едi.
* * *
Қызметшiлер қара сабаны пiсiп-пiсiп жiберiп, тостағандарға қымыз құя бастады. Кiсiлер ұйқы жеңiп, салбырап
кеткен қабақтарын көтерiсiп-көтерiсiп алысып, бал қымыздан iше бастады. Ендi әңгiме әрi мандыған жоқ. Тоқ етер сөз
қысқа болды. Тоғанақ жұртқа жағалай қарап шығып:
— Ал, ағайын, елдiк көрсетiп, бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара бiлдiк. Дұшпанға, кеткен есемiздi қайырдық.
Келешекте де осы ынтымақ, ауыз бiршiлiктен Аллатағалам айырмасын деп тiлейiк. Сонда бiздi кiм басынар екен? Ендi
бәрiңiзге де Алла разы болсын айтқалы отырмын. Еткен еңбектерiң Алладан қайтсын! Ертең тарқасамыз. Уәйiс-Ниязды
Райымға жөнелтейiк. Ақ патша оны маңдайынан сипай қоймас. Тағы бiр айтарым, осы барғаннан құраған қол бiрден
тарқай қоймаса екен. Кiм бiлiптi, Хиуа ханы мұны естiп, қайтадан қол шығаратын шығар. Со кезде қапы қалып
жүрмейiк. Iргемiздi алшақ салмай, бiр-бiрiмiзбен хабарлас болып тұрайық. Осыған, кәне, пәте қыламыз ба? — деп ол
қолын жая бердi.
Жұрттың бәрi:
— Иә, иллаһи әумин, — деп қол жайысты.
Батадан кейiн жұрт өз қосындарына тарқасты.
* * *
Жұрт таңғы тәттi ұйқыға кiрген шақта Ережеп жәйлап басын көтерiп алды. Сосын орнынан тұрып, жабықтан
сығалап, сыртқа қарады. Дала қап-қараңғы. Аспанды қап-қара бұлт қымтап алыпты. Күнi бойы қиын шайқастан қажыған
қалың әскер пырдай боп ұйықтап жатыр. Жағылған оттар сөнген. Ережеп iшiнен құдайға сыйынып, сыртқа шықты.
Дәрет алатын кiсiнiң сыңайын көрсетiп, жақын жердегi бiр түп шидiң тасасына барды. Содан ұзай бере оң жаққа
бұрылып, қаптап өскен ши арасымен жүрiп отырып, бағана қырағы көзi шалып қалған жаққа келдi. Кәтелеспесе, орыс
әскерлерi Уәйiс-Ниязды осы тұста қол-аяғын арқанмен байлап, күзетiп отырған. Ол тұла бойы суық шалғандай дiр-дiр
етiп, қалың ши түбiне бұға түсiп, iлгерi жүрдi. Мiне, орыс қосыны. Шаршаған әскерлер мылтықтарын үш таған етiп
байлап тастап, пырдай боп ұйықтап жатыр. Анадай жерде Уәйiс-Нияздың тұлғасы қарауытады. Ережеп жан-жағына
қорқасоқтай қарап қойды. Бiрде керi қайтып кеткiсi келдi. Бiрақ өзiн өзi зорлап жеңiп, неде болса нар тәуекел деп,
қынынан қанжарын суырып алды да, аяғын мысықша басып iлгерi жүрдi. Еңкейе жүрiп отырып, Уәйiс-Нияздың жанына
келдi. Ол ұйықтамаған екен. Мұны көрiп, басын көтерiп алды. Бұл үндеме деп белгi бердi де, тез қимылдап, қанжарымен
оның қол-аяғын байлаған қыл арқанды қиып-қиып жiбердi. Сосын өзi сыбысын бiлдiрмей ши iшiне зып бердi. Уәйiс-
Нияз да зып ете қалды. Екеуi ши арасымен жүрiп отырып, әскер жатқан жерден аулақ шықты. Ережеп ендi тоқтай қап,
Уәйiс-Ниязға:
— Ана яқта сiңiрлi мая бар. Соған мiнiңiз де қашыңыз. Менiң қолымнан келетiн бар жақсылығым осы, — дедi
сыбырлап.
— Бу яқшылығыңыз Алладан қайтсын, — деп Уәйiс-Нияз жылап жiбердi.
— Ал жақсы.
Ережеп жөнiне тайды.
29
— Ойбай, қашып кетiптi!