Тиышбектiң құлқын сәрiден салған ойбайы тиыш жатқан қосынды шырт ұйқыдан шошып оятты. Жау келгендей
барлығы дүрлiгiп, орындарынан атып түрегеле сала, дереу қылыш, найзаларына жармасты. Тиышбек ұзын бойы ерең-
серең етiп, қайыстай жүзi қап-қара боп, берi қарай жортып келедi:
— Ойбай, қашып кеттi!
Бiрнеше кiсi оған шошына қарады:
— О кiм?
— Қашқаны нес?
— Ау, жөндеп айтшы?
— Ойбай, жөндейтiн iждемесi жоқ. Ана Уәйiс-Нияз түнде қол-аяғын байлаған арқанды қиып, қашып кетiптi.
Қашқанда да ана сiңiрлi алыс жолға арымайтын сары маяны мiнiп қашыпты. Ендi оған аттылы түгел, дүлдүл мiнген кiсi
де жете алмайды, — деп Тиышбек бұрқылдай сөйлеп, Тоғанақтың шатырына кiре бердi.
Ұйқысынан тосын дауыстан оянып кеткен Тоғанақ батыр жастықтан басын көтерiп ап, бұған шошына қарады:
— Қашқаны нес? Сонда... ол қалай қашыпты?
— Ояғын ит бiлiп пе? Менiң көргенiм — оның қашқан iзi сайрап жатыр. Тура ат басын аудырмай Хиуаға қарай
тартыпты, — дедi Тиышбек қолымен түскейдi сiлтеп.
— Сонда... — Тоғанақ қабағын шытынды, — қол-аяғы байлаулы жатып ол қалай қашады?
— Ояғын бiлмедiм. — Тиышбек екi иығын қиқаң еткiздi. — Бар бiлетiнiм, ол арқанды қиып қашыпты.
— Ол сонда... арқанды тiсiмен қия ма? — Тоғанақ ойланып қалды. — Оны босатқан бiреу болды ғой...
— Мен де содан күдiктенiп отырым, — деп Тиышбек маймалаңдап оның жанына жақындай түсiптi. — Қалың шидiң
арасынан биiк тақалы етiктiң iзiн байқап қалдым. Өзi бiр түрлi таныс...
— Жүр, көрсет, — деп, Тоғанақ орнынан тұрып, тез-тез киiндi де, бетi-қолын асығыс жуа сап, қасына Тиышбектi
ертiп, ши арасына келдi. Түнiмен әулеп соққан жел ши арасындағы майда топырақты азырақ суырып тастаған екен.
Сонда да бiр биiк өкшелi қазақты етiктiң iзi емiс-емiс байқалады. Тоғанақ iздi әр жағынан бiр қарап шығып: — Дәу де
болса, мынау өз кiсiмiз. Сонда о кiм болды екен? — дедi.
Сол арада Тортай бастаған кiсiлер де келiп жеткен едi. Тортай да iзге қарап тұрып:
— Босатқан кiсi өзiмiздiң арамызда. Соны табу керек, — дедi.
Ережеп қынжылып:
— О кiм болды екен? — дедi. Ол түнде шығарда аяғына басқа етiгiн киiп шыққанына ендi шүкiршiлiк қылды.
— Оны... қайдам. — Тортай кесiп айтты: — Кiм де болса, Хиуаға жаны ашитын бiреу...
— Мүмкiн. — Тоғанақ артық ештеме демедi. Сосын жинала бастаған ел сыңайын байқап: — Ендi оны ұстай
алмаймыз. Елдi дүрлiктiрмейiк. Одан да, — деп, ши арасынан аулақтап шыға бердi. Оңаша шыққасын барып Тортайға:
— Бұл деген ертең Хиуадан қалың әскер келедi деген сөз. Таяр тұрмасақ болмайды, — дедi. Ол бұған ойлана қарады. —
Әлде ана ұлығыңа айтасың ба? Аздап қару-жарақ жағынан көмек бермес пе екен?
Тортай онша елп ете қоймады:
— Қайдам.
— Қайдамың не, қарағым-ау? Кеше ол бiзге өзiң бастаған әскер берген жоқ па?
— Беруiн бердi ғой. — Тортай екi иығын, қиқаң еткiздi. — Бiрақ менiң... қару-жарақ жағына... онша билiгiм жүре
қоймайды. Онан да...— Ол мүдiрдi.
— Не онан да? — дедi Тоғанақ өкшелеп.
— Ол бұ йерге... әскерiмен келе тұрса нағылады?
— Сонда... қалай?
— Келiп, бекiнiс саламыз. Хиуа шапса, қазақтарға жақын жерден көмек беремiз.
— Со көмегiңдi Райымда тұрып-ақ беруге болмақ ма?
— Оны... ақылдасып көрейiн, — дедi Тортай сыр алдырмай. Iшiнен: “Мына батыр... мұнда келгенiмiздi
жақтырмайды екен ғой”, — деп түйдi.
Сол арада олардың жандарына Жәнiбек пен Қасқырбай келдi. Олар да түнде болған жайды естiген екен. Жәнiбек
қап-қара боп үндей қоймады. Өзiне Тортайдың сынай қарағанын байқап қалды.
Тортай төре көзiн қыса түсiп:
— Осы мырза сiздi Бұхарада оқыған дей ме? — дедi.
— Иә. Мир-Араб мәдрәсасында оқығанмын, — дедi Жәнiбек мұны неге сұрап тұр деген сыңаймен.
— Ояқ менiң көрмеген жерiм. Сонда... оқығанда... не дәрiс жүредi?
— Бәрi де жүредi. Дiни оқудан бастап...— Жәнiбектiң әңгiменi ұзартқысы келмедi.
— Е, дұрыс екен, — деп Тортай Тоғанаққа қарай бұрыла бердi. Көзiнде ерекше бiр салқын сәуле лып-лып ете қалды.
Тоғанақ да соны аңғарса керек, жөткiрiнiп қойып:
— Жәнiбек молла аса сауатты кiсi. Үлкен бiр тайпаның сөз ұстары осы. Оның Бұқарға қай бiр iшi бұрып бара
жатқанынан сардар болды дейсiң, — дедi. Оның мұнысы Тортайдың күдiгiн сейiлтейiн деген бiр әрекетi едi.
— Айтары жоқ, — дедi Жәнiбек күрсiнiп.
Тортай iшiнен: “Алла жазып, Бұхараға керуен тартып бара қалсам, мына жiгiттiң бiр керегi болып қалар,” — деп
түйдi. Содан оны өзiнен қашырмайын деп:
— Жәй сұрап жатқаным ғой. Шәк келтiрiп тұрғаным жоқ, — деп ақталды.
— Оныңызға Алла разы болсын, — дедi Жәнiбек басын сәл-пәл иiп.
— Ендi оразамызды ашып алайық. Сосын шаруа бабын сөйлесермiз, — дедi де, Тоғанақ шатырына қарай бұрыла
бердi...
* * *
Жәнiбек пен Қасқырбай оңаша қалды. Екеуi шатырларына қарай келе жатып, аз-кем тiлдестi:
— Сонда... кiм болды екен, а? — дедi Жәнiбек аяғының астына қарап келе жатып.
— Iштен... бiреу ғой, — дедi Қасқырбай ақырын. — Болмаса қол-аяғы байлаулы жатып...